Сәбилерге, балаларға берілетін бата

Сəбилерге берілетін бата

Қазақ халқында «батамен ер көгереді» деп, көпті көрген білікті қариялардан, сондай-ақ, халық қадір тұтқан аузы дуалы қасиетті кісілер ден «мына жаман шаранаға батаңызды беріңіз!» деп, жаңа туған сəбилеріне де бата сұрайтын салт бар. Сондай кезде батагөйлер:

Өмір-жасы ұзақ болсын,

Маңайы аққан бұлақ болсын,

Əр күні қызық, шуақ болсын,

Жер-ана жайлы тұрақ болсын,

Жомарттың қолын берсін,

Жортқыштың жолын берсін,

Қыздың қылығын берсін,

Судың тұнығын берсін,

Даланың кеңдігін берсін,

Батырдың ерлігін берсін,

Ақынның өрлігін берсін,

Иасауидің даралығын берсін,

Фарабидің даналығын берсін!

Аллаһуакбар! –деп бата-тілектен бал ағызады.

 

Балаларға берілетін бата

Балам адамгершілікті, өнер-білімді болса екен, өз құрбыларынан оза шауып, Отаны мен халқының қалаулы азаматы болса екен деп, жатса-тұрса жар құлақтары жастыққа тимейтін ата-аналар балалары ес біліп, өнер-білімге талпына бастаған кезде ауылдағы қадірлі, өнерлі қариялардың бірін үйлеріне шақырып: «Мына балаңызға батаңызды беріңіз, жолыңызды ұстап, арман-мұратыңызды жалғастырсын», – деп, балаларына бата сұрайды. Осы кезде батагөй қариялар:

Ұрпағың өнерлі болсын,

Өрісті болсын,

Іс-қимылы келісті болсын,

Ата-баба аруағы қолдап,

Еңбектері жемісті болсын!

Жары жібектей болсын,

Ары түлектей болсын,

Өнері өрлей берсін,

Жас басы төрлей берсін!

Аллаһуакбар! –деп аталық ықыласын білдіреді.

Загрузка...
Rating
( No ratings yet )
Like this post? Please share to your friends:
Құттықтау