Наурыз батасы. Той батасы. Ас-нəзір батасы

Наурыз батасы

Наурыз мерекесі күні кəрі-жас, ер-əйел, бала-шаға үй-үйді қыдырып жүріп «наурыз көже» ішіп, бір-бірімен кездескенде: «Жасыңыз құтты болсын! Өмір-жасың ұзақ болсын! Көктем көңілді, ұрпақтар өмірлі болсын! Ұлыс береке берсін, пəле-жала жерге енсін!» деген сияқты игі тілектер айтысып, бір-бірлерін құттықтап, əр үйге кіріп көже ішіп, дастарқан жиярда:

– Басымызға бас қосылсын,

Жасымызға жас қосылсын,

Жанымызға жан қосылсын,

Малымызға мал қосылсын!

Ұлыс – шуақ болсын,

Құдай қуат берсін,

Маңайымыз суат болсын,

Жайқалған құрақ болсын!

Жылымыз қызырлы болсын,

Мерекеміз дүбірлі болсын!

Жылқымыз үйірлі болсын,

Сиырларымыз бүйірлі болсын,

Қойларымыз қоралы болсын,

Көлдеріміз қоғалы болсын,

Ұрпақтарымыз бағалы болсын,

Мəртебелері жоғары болсын!

Өрісіміз көкті болсын,

Ұлдарымыз отты болсын,

Қыздарымыз текті болсын,

Беделді, бетті болсын!

Аллаһуакбар! – деп наурыз батасын жасайды.

 

Той батасы

Той батасы тойға жəне тойға сойылатын малға жасалады. Мысалы:

Той тойға ұлассын,

Тойдан кенде қылмасын!

Өлең-жыр боп күндіз-түн,

Ауыл-аймақ жырғасын!

Құтты болып қуаныш,

Еш жамандық болмасын!

Қызыр дарып, бақ қонып,

Құдай өзі қолдасын!

Болсын тойың торқалы,

Қуандырсын баршаны.

Қарық болсын кəрі-жас,

Өлең айтып, əн салып!

Көрген досың сүйінсін,

Көре алмаған күйінсін!

Берекелі тойыңа,

Игі жақсы жиылсын!

Аллаһу акбар!

 

Ас-нəзір батасы

Әдетте, ас-нəзірге сойылатын малға бата жасалмайды, тек мойнына немесе жалына ақтық байлап, Құран оқып, мал сояды, əрі дастарқан жайылған сайын марқұмға арнап Құран оқылып отырады да, дастарқан жиярда:

Марқұмның арты той болсын,

Ұрпақтары бай болсын!

Қам-қайғысыз күн кешіп,

Көңілдері жай болсын!

Ат тұяғын тай бассын,

Төңірегін жайнатсын!

Ата-баба дəстүрі,

Мəңгі үзілмей жалғассын!

Аллаһу акбар! – деп тілек айтады.