Ықылас батасы

Қалыптасқан дəстүр бойынша, ақсақалдар мен үлкен кісілер өздерін сыйлап, құрметтеп, бір шыны қара шайы болса да қабақ шытпай беріп, ықылас-бата сұраған адамдардан адал ниетімен ықылас батасын аямаған. Алайда, ықылас батасы үй иесінің кісілігі, мақсат-мұ рат, талап-тілегі бойынша əр алуан мазмұн, түрлерде беріле береді. Мысалы, үй иесі жас сəбилері үшін бата сұраса, онда батагөй қария лар:

Балаларыңның жасы ұзын болсын,

Жолдасы Қызыр болсын,

Өнері тасып-толсын,

Басына бақыт қонсын!

Басты болсын,

Малды болсын,

Өз құрбысының алды болсын!

Тілді болсын,

Жақты болсын,

Ел мақтайтын жақсы болсын! – деген мазмұндарда бата береді. Егер жаңа үйленіп, жас отау көтергеназаматтар болса, онда:

Басты болыңдар,

Малды болыңдар.

Өз құрбыларыңның алды болыңдар!

Кейінгілерге аға болыңдар,

Тоңдырмайтын жаға болыңдар,

Қиналғанда пана болыңдар!

Ақ сақалды, сары тісті,

Болашақта дана болыңдар! –деп бата береді. Ал, ұзақ жыл перзент көре алмағандар бата тілесе,онда оларға:

– Балалы-шағалы болыңдар,

Ағалы-жағалы болыңдар.

Немере-шөберелі болыңдар,

Туажат-неменелі болыңдар!

Пейілдерің тарылмасын,

Есіктерің жабылмасын.

Асыр салып ұл-қызың,

Күндіз-түні дабырласын! –деп ықылас білдіреді. Ойда-жоқта келген құдайы қонақтарға бір малын көлденең тартып: «Əумин» деген ізгі ниетті, жомарт жандарға батагөй кісілер:

Малың семіз болсын!

Төлің егіз болсын!

Бізге бірді сойсаң,

Орнына тоғыз болсын!

Далақтатар даудан сақтасын,

Жалақтаған жаудан сақтасын,

Ашыққан бөріден сақтасын,

Ашынған ұрыдан сақтасын!

Артқаның түйе болсын!

Сауғаның бие болсын!

Дастарқаның берекелі болсын!

Отбасың мерекелі болсын!

Мəртебең асып тұрсын,

Бақ-дəулетің тасып тұрсын,

Біз секілді сыйлы қонақтар,

Күнде үйіңде басып тұрсын! – деп игі тілек пен ықылас батасын жаңбырша жаудырады.

Rating
( No ratings yet )
Like this post? Please share to your friends:
Құттықтау