Аңшылық, саятшылық туралы мақал-мәтелдер | Qazbrand.info

Аңшылық, саятшылық туралы мақал-мәтелдер

Ителгі салған ет жейді,
Атының етін ит жейді.

Қаршыға қанжыға қызартады,
Ителгі етек былғайды.

Қаршыға салғанның қанжығасы тоқ,
Ителгі салғанның етегі боқ.

Қиядағы қызыл түлкіні
Қияннан соққан бүркіт алады.

Құсбегісі келіссе,
Күйкентай құс қаз алар.

Саятшының сұңқары
Салған жерден іледі.

Тауындағы түлкіні
Бабындағы бүркіт ғана алады.

Қыран жүйрік пе,
Қиял жүйрік пе?

Қолмен бергенге құс тоймас.

Қаршыға қаз алса,
Ителгі етек қабады.

Қыран қияда өледі.

Ит иесі үшін алады.
Бүркіт жемі үшін алады.

Топтанып ұшқан торғайға
Тұрымтай да бата алмас.

Ажалдан қарға бүркітпен ойнайды.

Ат бегі – аттың тұяғына қарар.
Құс бегі – құстың қияғына қарар.

Қиялдағыны қыран ғана көреді.
Ұядағыны жылан ғана көреді.

Құс бағу да бір қызық,
Құс салу да бір қызық.

Екі сұңқар таласса,
Бір қарғаға жем түсер.

Құстың бәрі сұңқар болмас,
Аттың бәрі тұлпар болмас.

Сұңқар орманға тартар,
Тұлпар қорғанға тартар.


Аңшылық саятшылық мақал мәтелдер жинағы аңшылық туралы мақал саятшылық туралы мақал

© Дереккөзі