Мақал – мәтелдер (Ата –ана, ұл мен қыз) №1 | Qazbrand.info

Мақал – мәтелдер (Ата –ана, ұл мен қыз)

Ананың көңілі балада,
Баланың көңілі далада.

Жалғыз баласы атқа шапса,
Атасы ауылда тұрып
Тақымын қысады.

Ана жақсылығын,
Ауырсаң білерсің.
Қайын жақсылығын,
Қырырсаң білерсің.

Баланың өзі болғандай,
Келіннің өзі келгендей.

Ата-ананың қадірін
Балалы болғанда білерсің.
Ағайынның қадірін
Жалалы болғанда білерсің.

Ақ шашты ана:
«Жастығым – балам» дейді.
Ақылды бала:
«Ай-күнім – анам» дейді.

Ана алдында – құрмет,
Ата алдында – қызмет.

Малды баққан өсірер,
Баланы тапқан өсірер.

Бала –
Ананың бауыр еті көз нұры.

Мылқаудың тіліне анасы түсінеді.

Бесіктегі баланың
Күлгенін көрген бір мұрат.
Алдынан түсіп ананың
Жүргенін көрген бір мұрат.

Өз кемеріңнен шыққан баланы
Бал сүтіңмен бағарсың.
Бал сүтіңмен бақпасаң,
Қайтіп көңілін табарсың?!

Мейірімі мол ананың –
Жүрегі жылы, қолы кең.
Кең пейілді атаның
Жүзі жылы, жолы кең.

Ақ жаулығы ананың –
Ақ көрпесі баланың.

Ағайын – алтау,
Ана – біреу.

Ана алақанының аясы –
Ақы шынардың саясы.

Анадан артық дос бар ма?
Ашудан жаман қас бар ма?
Жиырма бестен жақсы жас бар ма?
Қымыздан тәтті ас бар ма?

Ананың сүті – бал,
Баланың тілі – бал.

Бала тентек болатыны – үйінен,
Ердің тентек болатынын – биінен.

Көне киім жаңаны сақтайды,
Кәрі кемпір баланы сақтайды.

Ананың сүйген жері:
Отқа күймейді,
Оқ та тимейді.

Ананың ойы ұяда,
Баланың ойы қияда.

Анаңа ауыр сөз айтпа!
Атаңа ауыр жүк артпа!

Ана сүтін ақтамағанды
Ешкім мақтамайды.

Балапанды торғайлар
Өрт болмасын тілейді.
Балаларға аналар
Дерт қонбасын тілейді.

Үлкен бастар,
Кіші қостар.

Әкең өлсе өлсін,
Әкеңді көрген өлмесін.

Ата – бәйтерек,
Бала – жапырақ.

Атаның өспес ұлы
Өнбес дауды даулайды.

Жақсы әке жаман балаға,
Қырық жыл азық.

Баланың бас ұстазы – ата-ана.

Бала өсірген ата-ана
Бала болып ойнайды.
Бала оқытқан ұстаздар
Бала болып ойлайды.

Атасы жоқ – мас жетім,
Анасы жоқ – қас жетім.

Сайына қарай – саласы,
Әкесіне қарай – баласы.

Әкеге баланың алалығы жоқ.

Атаңда болғанша,
Алақаныңда болсын.

Әке тұрып бала сөйлесе,
Ер жеткені.

Баласынан айрылған әке
Таяғына сүйенер.

Әкеден – ақыл,
Анадан – мейір.

Жас бала құстың көлеңкесіне де тоңады.

Бала,
Баланың ісі шала.

Жыламаған балаға,
Емшек бермейді.

Тісі шыққан балаға,
Шайнап берген ас болмас.

Балалы үй – базар,
Баласыз үй – қу мазар.

Бала күлкіге тоймас.
Болбыр ұйқыға тоймас.

Ұл туғанға –
Күн туған.

Итпен ойнасаң – үрерсің,
Баламен ойнасаң – күлерсің.

Ат болатын құлынның,
Бауыры жазық келер.
Адам болатын баланың,
Маңдайы жазық келер.

Жылайын деген баланың
Үш күн бұрын көзі қышиды.

Алты жасап бала атқа мінсе,
Алпыстағы шал
Алдынан шығып атын ұстар.

Балалы үйрек көлден кетпес,
Балалы жесір елден кетпес.

Болатын елдің баласы
Бірін-бірі:
«Батыр!» дер.
Болмайтын елдің баласы
Бірін-бірі:
«Қатын!» дер.

Ашаршылықты көп көрген,
Өзі тоймай «мә» демес,
Жетімдікті көп көрген,
Үш шақыртпай «ә» демес.

Жаманға айтқан ақылың –
Далаға атқан оқпен тең.
Талбы жоқ жас ұлдың –
Жалыны жоқ шоқпен тең.

Қазанға тиме, қарасы жұғар,
Балаға тиме, бәлесі жұғар.

Жақсы бала қонаққа үйір,
Жақсы тай атқа үйір.

Күлшелі бала – сүйкімді.

Қыз «қуыршақ» дейді,
Бала «құлыншақ» дейді.

Келіннің сөзі кетпендей,
Баланың сөзі батпандай.

Болатын бала – пысық,
Жауатын күн – ыстық.

Жылайын деген бала,
Әкесінің сақалымен ойнайды.

Өз балаң,
Өзекке тепсең де кетпейді.
Кісі баласы,
Кісендесең де тұрмайды.


Ата ана туралы мақал ұл мен қыз туралы мақал бала туралы мақал қыздар туралы мақал мақал мәтелдер жинағы

© Дереккөзі

Rating
( No ratings yet )
Like this post? Please share to your friends:
Құттықтау