Қыздар туралы мақал – мәтелдер | Qazbrand.info

Қыздар туралы мақал – мәтелдер
Қызды ауылдың иті жатпас
***
Ақылды қыз — ауыл көркі.
***
Алқатсаң алқат қызыңды
ақтар ол дәм – тұзыңды.
***
Апасы киген сәукелені сіңлісі де киеді.
****
Арпа берсең атқа бер, қатыр – құтыр шайнасын.
Қызды берсең жасқа бер құшақтасып ойнасын.
***
Астың дәмін келтірген тұз әулие
Елдің сәнін келтірген қыз әулие.
***
Асылдарға ой керек,
Бозбалаға той керек,
Сұлу қызға бой керек (Шернияз).
***
Ән сазымен, қыз назымен.
***
Байжанды қыз — ұятсыз.
***
Бір жақсы қыз екі жаман ұлға татиды.
***
Бір қыздың кесірі қырық есекке жүк.
***
Бір қыз күйеуге тисе,
басқа қыздар түс көреді.
***
Жақсы қыздың жасауын
жақын – жаран жасайды.
Жаман қыздың жасауын
сұрақ – тілек жасайды.
***
Жақсы қыз біреу келсе есік ашар,
Жаман қыз біреу келсе төрге қашар.
***
Жақсы қызды жатқа жібермейді.
***
Жақсы қыз жағадағы құндыз,
Жақсы жігіт көктегі жұлдыз.
****
Жақсы қыз жыртық лашық ішінде.
***
Жаман қыз әкесінен аса алмайды,
аяғын, бойын билеп баса алмайды (Көкбай).
***
Жаман қызбен жатқанша,
Жақсы қызбен сыбырлас.
***
Жауынды күні ат көрме,
Айтты күні қыз көрме.
***
Кәрі қыздың ұяты босағадан аттағанша.
***
Кәрі қыз ер танымайды,
Өлген адам жер танымайды.
***
Көн етіктіге бармай жүр,
Көк етікті алмай жүр.
***
Көп беріп көргендінің қызын алсаң,
үйіңе мейман келсе құрмет етер.
Аз беріп көргенсіздің қызын алсаң,
байымен бір жатқанын міндет етер (Өске).
***
Көріксіз қыз тұзсыз нанмен тең.
***
Күндес көргеннің қызын алма.
***
Қорғасын — қотыр қыздың сырғасы.
***
Қыз анадан көрмейінше үлгі алмас,
Ұл атадан көрмейінше үлгі алмас (Қорқыт).
***
Қыз ауылдың көркі,
Жігіт ауылдың еркі.
***
Қыз ауыр ма, тұз ауыр ма?
***
Қыз баққанша қысырақ бақ.
***
Қыз бала әкесіне жұлдыз, шешесіне күн.
***
Қыз бала өкпеші болса қалыңмал көп болар.
Ер бала өкпеші болса ырысқа кесір болар.
***
Қызға берген білінбес.
***
Қызға бергенді қыз өтер.
***
Қызға қырық үйден тыю,
қала берсе қара күңнен тыю.
***
Қызғыш құсқа көл пана,
Жетім қызға ел пана.
***
Қызда қылық болмаса
құр шырайдан не пайда? (Бұқар жырау).
***
Қыздан туғанда қиық жоқ.
***
Қыздар сәулім болғанда жүріс түзер, жүріс түзеп, жігітке көзін сүзер.
***
Қызды асырай алмаған күң етеді,
Ұлды асырай алмаған құл етеді.
***
Қызды ауылдың иті жатпас.
***
Қызды ауыл көңілді.
***
Қызды кім ілмейді?
Қымызды кім ішпейді?
***
Қызды қартқа таңдат,
Атты жігітке таңдат.
***
Қыздың аңқауынан сақта,
Ұлдың жалқауынан сақта.
***
Қыздың барар жері күйеу,
Ұлдың барар жері диірмен.


Қыздар туралы мақал мақал мәтелдер қызды ауылдың иті жатпас қыз жайлы мақал мәтел

© Дереккөзі

Rating
( No ratings yet )
Like this post? Please share to your friends:
Құттықтау