Қазақтың бата – тілек өсиетері | Qazbrand.info

Қазақтың бата – тілек өсиетері
Халық бата – тілегі

Уа, Жаратқан, жарылқа,
Бақ – дәулетін аумас қыл!
Жарылқағанмен жалғас қыл,
Ала ауызды алыс қыл,
Қорғаннан қалыс қыл!
Ниеттері ақ болсын,
Бейнеттері пәк болысын,
Мұраттарын асыл қыл!
Қолқасын шаң қаппасын
Жүрген жерін жасыл қыл!

****
Далақтатар даудан сақта,
Жалақтаған жаудан сақта!
Ашыққан бөріден сақта,
Қара жердің көрінен сақта!
Ашынған ұрыдан сақта,
Құлқыны құрыдан сақта!
Дауылдың кәрінен сақта,
Жыланның зәрінен сақта!
Аяқ астынан кезігер –
Бәле – жаланың бәрінен сақта!

****
Алтыннан болсын жағаң,
Күмістен болсын тағаң.
Тасқа тары өнгенше,
Таршылық көрмеңдер!
Мұзға бидай өнгенше,
Мұңшылық көрмеңдер!
Жүздерің жайнап,
Келісті болыңдар!
Толған айдай
Өрісті болыңдар!

****
Қатарларыңнан озыңдар,
Қоздаған шоқтай қозыңдар!
Ең алдымен,
Берекешіл болыңдар!
Көпке бірдей
Елшіл болыңдар!
Көкорайдай желкілдеп,
Желпілдеп тұрыңдар!
Сексенге келіп,
Селкілдеп тұрыңдар!

****
Сұрасаң, бата берейін
Үстем болсын мерейің!
Ықыласпен қол жайсаң,
Ақ тілекті төгейін.
Дастарханың мол болсын,
Абыройың зор болсын!
Көк жайлауды жайласаң,
Тай, құлынды байласаң,
Келін тұрсын керіліп,
Салтанаты көрініп,
Сабақ толсын қымызға,
Шараң толсын уызға!

****
Өрісіңе мал толсын,
Ақ тілеуің жар болсын!
Өрендерің ер болсын,
Көре алмаған бағыңды,
Сындыра алмай сағыңды,
Бетін басып жер болсын!
Қара ниет жауларың,
Ит пен құсқа жем болсын!
Балалардың сәні өссін!
Толған айдай бағы артсын,
Абырой тағы өссін!
Толған айдай бағы артсын,
Абырой тағы өссін!
Қорған болса халқына,
Ел сүйсінсін даңқына!
Талдырмай білегіңді,
Саздырмай жүрегіңді,
Қалаған тілеуіңді –
Қасыңдағы елден берсін,
Басып жүрген жерден берсін!
Ағайының қолдай берсін,
Дос – жараның қорғай берсін!
Көліңде балық қайраңдасын,
Ел – жұртың жараңдасын!

****
Жас баланың күлкісін бер,
Жас ананың ұйқысын бер.
Жомарттың қолын бер,
Жортқыштың жолын бер!
Қыздың қылығын бер,
Судың тұнығын бер.
Асаудың арынын бер,
Түнгі оттың жарығын бер.
Асқар таудың паңдығын бер.
Бұлбұлдың құстың таңғы үнін бер.
Даланың жазықтығын бер,
Гүлдің нәзіктігін бер.
Теңіздің тереңдігін бер,
Қыранның көрегендігін бер.
Ердің көңілін бер,
Бүркіттің өлімін бер!
Лашынның жүрегін бер,
Нағыз достың тілегін бер!
Мәңгі – бақи ажырамас
Шын ғашықтың білегін бер!

****
Күнің шуақты болсын,
Келін, суатты болсын!
Қонысың өрісті болсын,
Еккенің жемісті,
Еңбегің келісті болсын!
Жұлдызың ағаңда болсын,
Құндызың жағаңда болсын!
Жарың жібектей болсын,
Арың түлектей болсын!
Өнерің өрлей берсін,
Өмірің төрлей берсін!


Ақ бата бата тілектер өсиеттер қазақтың бата тілектері

© Дереккөзі

Rating
( No ratings yet )
Like this post? Please share to your friends:
Құттықтау