Тойға арналған бата | Qazbrand.info

Мұса Жанәділовтің батасы

Той күнгі ақтілек
Тойға келген ағайын,
Домбыраны алайын.
Ата – дәстүр салтымен,
Термелеп әнге салайын.
Қуанышқа ортақ боп,
Қызығына қанайын.

Өлең айтып сарнайын,
Қызмет етіп талмайын.
Той қызығын шалқытып,
Таңғы – таңға жалғайын.
Екі жасқа үй болған,
Ақ тілеуді арнайын.

Қораң толған мал болсын,
Он – он бестен жан болсын.
Татулығы жарасқан,
Өмірлерің сән болсын.
Күнде қызық, думан – той,
Үйлерінде ән болсын.

Дос пен туыс көп болсын,
Дұшпандарың жоқ болсын
Замандарың шат болсын,
Дастарқаның тоқ болсын.

Махаббат – сезім – өмірлік,
Суымайтын шоқ болсын.

Ұлдарың өсіп, бай болсын,
Құлының өсіп, тай болсын.
Қыздарың өсіп қылықты,
Жұлдыз болсын, ай болсын.
Тоқ етерін айтқанда,
Дәулетке сәулет сай болсын.

Жырдан маржан құрайын,
Шалқып тасып тұрайын.
Қуаныштан, шаттықтан,
Айырмасын Құдайым,
Ақ тілеуді ендігі,
Құда жаққа бұрайын.

Қыз өсіріп, қыз берген,
Айналайын сіздерден.
Мейірімге қандық біз,
Күлімдеген жүздерден,
Сондықтан да мың сәлем,
Той иесі біздерден.

Бүтін болып жартымыз,
Қуанды жас пен қартымыз.
«Құда болар мыңжылдық»
Деген екен халқымыз,
Баянды болсын, құдалар,
Сол бір ата салтыңыз.

Аталы сөзге иласып,
Жамандыққа қимасып.
Жас отауға қамқор боп,
Ақыл айтып, ойласып.
Өткен жақсы өмірден,
Сіз, біз десіп сыйласып.

Ендігі тілек бәріңе,
Жасыңа да кәріңе.
Қыз ұзатсаң, келін ал,
Төріңнің көркем сәні де.
Үміт – арман ақталсын,
Өмірдің сол ғой мәні де.


Тойға арналған бата тойға бата тілек бата тілектер жинағы той күнгі ақтілек

© Дереккөзі

Rating
( No ratings yet )
Like this post? Please share to your friends:
Құттықтау