Бас бата. Оразақын Асқар | Qazbrand.info

ОРАЗАҚЫН АСҚАР
Бас бата
Елбасымыз алысты көрсін,
Ел – жұртымыз табысты болсын.
Қыздарымыз сұлу,
Ұлдарымыз намысты болсын!

Көршілеріміз тыныш болсын,
Таңдағанымыз жұмыс болсын.
Малымыз төлдеп, егініміз көктеп,
Дастарқанымызға ырыстолсын!

Қалада болсын, қырда болсын,
Келген, кеткен риза болсын.
«Жолдастан» жеріп, «мырзаны» теліп
Алғандар нағыз мырза болсын!

Нарық қалтаны қақпайтын болсын,
Теңгеміз теңдік сақтайтын болсын.
Қазақстанның барлық азаматтары
Қазақша сөйлеп, алға аттайтын болсын!

Соғыстың беті болсыншы әрі,
Ренжімесін өміріне кәрі.
Бауыр етіміз балалар түгіл,
Сатылмасын құс балапандары!

Румен бірге ұлт өзін сыйлап,
Қастерлесін асылын жинап.
Алаштың азаматтары бір ауызды болсын,
Шығара бермей бүйректен сирақ!

Банктер де теңгені топтайтын болсын,
Сыбайлас жемқорлық тоқтайтын болсын.
Ұлтараздығы ешқашан болмағанындай
Дағдарыс та бізге соқпайтын болсын!

Адалдықты ел жақтайтын болсын,
Арамдық қолдау таппайтын болсын.
Эбола деген аты өшкір ауру,
Енді ешкімге жұқпайтын болсын!

Әйелдер пәренже жамылмайтын болсын,
Ұрпағымыз ислам дінін ғана қабылдайтын болсын.
Дәстүрлі дінімізді бұрмалаушыларға
Ортамыздан орын табылмайтын болсын!

Еркектер де темекі тартпайтын болсын,
Әйелдер иба сақтайтын болсын.
Өз үйі, өлең төсегі барлар
Кез келген жерге жатпайтын болсын!

Балаларымыздың бағы жансын,
Қалаған білімін алсын.
Тілін, дінін, дәстүрін біліп,
Он саусағынан өнері тамсын!

Мәдениетіміз мәнді болсын,
Тұрмысымыз сәнді болсын.
Бәрін айтта бірін айт,
Дербестігіміз мәңгі болсын!!!

***
Наурыз батасы
Ниеттерің ақ болсын,
Наурыздың ақша қарындай.
Бастарыңа бақ қонсын,
Шаштарыңның барлық талындай!

Санасы асып адамның,
Көңілде кір қалмасын.
Қуты қашып жаманның,
Жақсы тапсын жалғасын.

Тыныш болсын даламыз,
Түгел болсын нуымыз.
Таза болсын ауамыз,
Тұнық болсын суымыз.

Қайғы – уайым жоқ болсын,
Оралмасын кез өгей.
Ырысымыз көп болсын
Бүгінгі наурыз көжедей!

***
Жас жұбайларға бата
Оңай да емес, қиын да емес үй болу,
Үй болу – үйге қамқорлық жасап үйрену,
Қабағын бағу, көңілін табу жарыңның,
Екеу боп өмір сүрудің жайын үйрену.

Қашан да жарға керегі жылы назарың,
Біріңе – бірің тарттырма күту азабын.
«Мен бүйтіп едім, сен неге сүйтпей жүрсің?» деп,
Сауданың үйге орнатпау керек базарын.

Жақсы үйде болар – ішкі де, сыртқы саясат,
Аяйық жарды, біреуді егер аясақ,
Отбасында да бар әскери қатаң құпия,
Жүрмеңдер әсте ішкіні сыртқа жая caп.

Асығыстықтан, ашудан абзал безінген,
Дос болу керек қашан да сабыр, төзіммен,
Жар деген өзің, өзім деп тапқан жалғызың,
Кешірімді бол, келіспей жүрме өзіңмен.

Киелі затжоқжарыңның махаббатынан,
Екеуіңді де аялауға оны шақырам.
«Қосағыңменен қоса ағар!» деген тілекті
Айтамын барлық үлкен үйлердің атынан.

***
Екеуіңе
Қиын да емес, оңай да емес үй болу,
Ой бөлу үйге, қамқорлық жасап үйрену,
Көңілін табу, қабағын бағу жарыңның,
Екеу боп өмір сүрудіңжолын игеру.

Болады онда ішкі де сыртқы – «саясат»,
Аяйық жарды біреуді егер аясақ,
Жақсы үйде болмақ әскери қатаң құпия,
Жүрмеңдер әсте ішкіні сыртқа жая caп.

Қашанда жарға керегі жылы назарың,
Жалғызсыратпа, тартқызба күту азабын.
«Мен сүйтіп едім, сен неге бүйтпей жүрсің», – деп,
Сауданың үйге орнатпау керек базарын.

Асығыстықтан, ашудан абзал безінген,
Дос болу керек қашан да сабыр – төзіммен.
Жар деген өзің, өзім деп тапқан жалғызың,
Кешірімді бол келіспей жүрме өзіңмен.

Киелі зат жоқ – жарыңның махаббатынан,
Екеуіңді де аялауға оны шақырам.
– Көсегелерің көгерсін! – берген ақ батам
Сендерден бүрын үй болғандардың атынан.


Бата тілектер Оразақын Асқар наурыз батасы жас жұбайларға бата

© Дереккөзі

Rating
( No ratings yet )
Like this post? Please share to your friends:
Құттықтау