Жас келінге өсиет БАЗАР ЖЫРАУ | Qazbrand.info

БАЗАР ЖЫРАУ
Жас келінге өсиет
Әлпештеп жастан ата – ана,
Перзентке болар пәруана,
Бөпелеп бағар баласын.
Айтайын аздап насихат,
Келінге болсын өсиет,
Серлетіп сөздің шамасын.
Сақтанбасаң сол жерден,
Аттағылса қалмайды,
Ақта болсаң, қарасың.
Орынсыз ойнап – күлем деп,
Өсек сөздің өзіңе
Жапсырып алма жаласын.
Бір ілінсең жалаға,
Оңайлықпен қалмайтын,
Бәлеге, келін, қаласың.

Айтатын әлі сөзім бар,
Алсаң, келін, тілімді,
Сақтарсың түйіп жадыңда,
Салмақты болсаң, білімді.
Ақылы кемге айтқан сөз,
Далаға кеткен шығынды.
Ата – ана менен жеңгеге,
Туған ел, төркін, өңгеге,
Қыз күніндегі еркелік,
Болмасын енді бұрынғы.

Даусыңды қатты шығарып,
Қарғап – сілеп, кейіме,
Жаман сөз айтпа балаға.
Асықпағын әлі де,
Болғаным жоқ, тағы бар,
Айтатын сөзім және де.

Сабыр қыл, келін, сыр бермей,
Аштық пенен тоғында.
Қағажу қылып ерінді,
Өзің жеп жүрме тамақтың
Дәмдісі түссе қолыңа.
Әңгімелессең біреумен,
Абайлап сөйле ақ болып.
Оңың менен солыңа.
Алдынан өтіп ордаңдап,
Келе жатқан кісінің
Кескестеп жүрме жолына.
Қабағыңтүйіп, кіржиіп,
Ауылдастан қызғанып,
Ас – суыңды қорыма.

Ерте тұруды әдет қыл,
Ерініп жатпай төсекте.
Бойкүйезденіп ұйқыны
Бойыңа үйір дос етпе.
Өзің жатып еріңе,
Тұрсайшы деп пыш етпе,
Күтінбесең сақтанып,
Жаңа түскен жас келін,
Жақын болады өсекке.
Қартайып мәні өткесін,
Кәрі әйелге журт күлмейді,
Мінсе де жайдақ есекке.
Ықыласыңмен тыңдай бер,
Артық болмас әлде де,
Айтылды біраз десек те.
Ата – енеңе құрмет қыл,
Әдеттен сақтан ерінген.
Жыл өткенше жас келін,
Сынайды сені көрінген.
Сыр бермей кетсең екі – үш жыл,
Ісі жоқ жүрттың сенімен.
Ата – енең мен еріңе,
Бұл жақта келген еліңе,
Қолайсыз мінез көрсетіп,
Айырылып жүрме сенімнен.

Ықыласыңмен қызмет қып,
Қосылған қарап еріңе.
Ерегісіп еріңмен
Келме қарсы шебіңе,
Кеуілін тапсаң кейітпей,
Ол да сыйлар сені де.
Бір нәрсе десе күйеуің,
Алыстан жауап қайтармай,
Кел жақындап шеніне.
Қағып – сүртіп киімің
Киінер кезде абай бол,
Еріңнің жаға, жеңіне.

Бір жерге барсақ бас қосып,
Өзгеден бұрын ордаңдап,
Ол үйдің шықпа төріне.
Көстеңдеп көптің көзінше,
Кірісе кетпе біреудің
Сөйлеп отырған сөзіне.

Әзірлеп сүлгі, су құйдыр,
Болғасын тамақ ішіліл,
Аларсың алғыс әр жерде – ақ,
Үлкенге қылсақ кішілік.
Жасыңнан шықпас жақсы атың,
Кеуіліңде болса кісілік.

Ретсіз бекер ыржыңдап,
Орынсыз әзіл айтам деп,
Өсекке қалма ілініп.
Сездірмесін десең де,
Жасырынбас жаманат,
Бір күні шығар білініп,
Жаманатың бір шықса,
Ерің менен еліңнің,
Кеуілі қалар түңіліп.
Жас келін жатқа түйсін деп,
Жатырмын айтып жақсы үгіт,
Құлағыңа сіңіріп.
Жаулығыңды кір қылмай,
Жинақтап тарт басыңа.
Қобырап, қоқсып тұрмасын,
Ықтият бол шашыңа.

Өбектеп өзіңе үйір қыл,
Жас бала келсе қасыңа.
Жақынның бәрін бірдей көр,
Алалап жаман, жақсы деп,
Қарамай кәрі, жасына.
Нағашы, жездем, қайным деп,
Әшейін әзіл, ойыным деп,
Мойнына кетпе асыла.
Есіткенді жатқызбай,
Біреудің сөзін біреуге,
Түрлендіріп тасыма.
Мырза келін болам деп,
Бере берме барынды,
Әркімге бір шашыла.
Береке болмайды үйіңде,
Бастаңғы, ұрлық кіргесін,
Дүние, мүлік, асыңа.

Ұрлап алма біреудің
Сабақты жібін жасырып.
Сұғанақ келін атанба,
Бетіңнің арын қашырып.
Аштан келген кісідей
Шайнама тамақ асығып.
Ақысы кеткен адамша,
Сөйлеме қатты ашынып.
Үйіңнің ішін жинап қой,
Жатпасын жайрап шашылып.
Берекесін кетірме,
Күйеуіңнің талқанын
Төркініңе асырып.

Аңдитын сені тыңшы көп,
Сынайтын сырттан сыншы көп
Жабылуы оңай жаланың,
Ақыл мен әдет, өсиет,
Аңлаттым айтып білгенше,
Қалдырмай мен де тәмамын.
Айтпадың маған демессің,
Бәрінен болды хабарың.

Зейінмен қүлақ салмасақ,
Сөзімнен тәлім алмасақ,
Өзіңнің ойда жаманың.
Білтенге сөзім бағалы,
Ықыласыменен тыңдаса.
Түсінбей босқа терлетіп,
Еңбегімді еш қылмаса.
Делебем қозды меніңде,
Жүрт жиналып тұрласа.
Ұйқысы көптің ашылар,
Айтушы дұрыстап жырласа.
Айтатын менің алғысым,
Қоса ағарып еріңмен,
Ұрпақтап, келін, мыңжаса!
Жай қольіңды жас келін,
Көптен бата алмадық.
Осымен сіз де ырза бол,
Отырған тыңдап халайық.
Өздері білер ретін
Жадына тағы салайық.
Не берсе де азсынбай,
Жайына біз де қарайық.
Біраз уақыт өтті деп,
Айтылған үгіт жетті деп,
Асығып тұр келін де,
Рұқсат болса, тарайық.


Жас келінге өсиет Базар жырау нақыл сөздер өсиет сөздер өсиет жырлар

© Дереккөзі

Rating
( No ratings yet )
Like this post? Please share to your friends:
Құттықтау