Бірінші тілек тілеңіз. БҰХАР ЖЫРАУ | Qazbrand.info

БҰХАР ЖЫРАУ
Бірінші тілек тілеңіз,
Бір Аллаға жазбасқа!
Екінші тілек тілеңіз,
Бір шұғыл пасық залымның
Тіліне еріп азбасқа!
Үшінші тілек тілеңіз,
Үшкілсіз көйлек кимеске!
Төртінші тілек тілеңіз,
Төрде төсек тартып жатпасқа!..
Бесінші тілек тілеңіз,
Бес уақытта бес намаз,
Біреуі қаза қалмасқа.
Алтыншы тілек тілеңіз,
Алпыс басты ақ орда
Ардақтаған аяулың
Біреуге олжа болмасқа!
Жетінші тілек тілеңіз,
Желкілдеген ту келіп,
Жер қайысқан қол келіп,
Сонан сасып тұрмасқа!
Сегізінші тілек тілеңіз,
Сегіз қиыр, шартарап
Жер тұлданып тұрмасқа!
Тоғызыншы тілек тілеңіз,
Төреңіз тақтан таймасқа!
Тоқсандағы қарт бабаң,
Топқа жаяу бармасқа!
Оныншы тілек тілеңіз,
Он ай сені көтерген,
Омыртқасы үзілген,
Аязды күнде айланған,
Бұлтты күнде толғанған.
Тар құрсағын кеңейткен,
Тас емшегін жібіткен,
Анаң бір арқырап қалмасқа
Он бірінші тілек тілеңіз,
Он бармағы қыналы,
Омырауы жұпарлы,
Иісі жұпар аңқыған,
Даусы қудай саңқыған,
Назыменен күйдірген,
Қылығымен сүйдірген,
Ардақтап жүрген бикешің,
Жылай да жесір қалмасқа!

***
Жар басына қонбаңыз,
Дауыл соқса үй кетер.
Жатқа тізгін бермеңіз,
Жаламенен бас кетер.
Жаманмен жолдас болсаңыз
Көрінгенге күлкі етер,
Жақсымен жолдас болсаңыз,
Айырылмасқа серт етер.
Ит жүгіртіп, құс салсақ,
Киген тоның түлкі етер,
Сыпайы сырын білдірмес,
Ақырын ғана бүлк етер.

***
Көш бастау қиын емес,
Қонатын жерде су бар.
Қол бастау қиын емес,
Шабатын жерде жау бар.
Шаршы топта сөз бастау қиын,
Шешуін адам таппас дау бар.

***
Жал, құйрығы қаба деп,
Жабыдан айғыр салмаңыз!
Қалың малы арзан деп,
Жаман қатын алмаңыз!
Жабыдан айғыр салсаңыз,
Жауға мінер ат тумас.
Жаман қатын алсаңыз,
Топқа кірер ұл тумас.
Жаман қатын алғаның –
Төркініне бере алмай,
Төсегіне жата алмай,
Тең құрбысы келгенде,
Оңды жауап қата алмай,
Жалғанда қор болғаның.
Таудан аққан тас бұлақ,
Тасыса құяр теңізге,
Қанша малы көп болса,
Бай қуанар егізге.
Жаманнан жақсы туса да,
Жақсыдан жаман туса да,
Тартпай қоймас негізге.

***
Жақын жерден шөп жесе
Жердің сәнін кетірер,
Ағайынның аразы
Елдің сәнін кетірер,
Абысынның аразы
Ауыл сәнін кетірер.

***
Бұл, бұл үйрек, бұл үйрек,
Бұл үйректей болыңыз,
Судан суға шүйгумен
Көлден көлге қоныңыз.
Байлар ұғлы шоралар
Бас қосыпты десін де,
Маң – маң басып жүріңіз,
Байсалды үйге түсіңіз.
Айнала алмай ат өлсін,
Айыра алмай жат өлсін.
Жат бойынан түңілсін,
Бәріңіз бір енеден
туғандай болыңыз.

***
Алла деген ар болмас
Ақтың жолы тар болмас
Тар пейілді кеңімес,
Кең пейілді кемімес.
Берем деген құтылмас,
Берік байлаған шешілмес,
Қазулы жолдар көмілмес,
Қартайсаң қарт бабаңды сыйлай бер,
Күндердің күні болғанда
Кімдер де кімнің дейсің белі бүгілмес.

****
Қара арғымақ арыса,
Қарға адым жер мұң болар,
Есіл көзден нұр тайса,
Бір көруге зар болар.
Батпақты сайға су түссе,
Атың арып келгенде
Өткел бермес кешерге,
Қайырсыз итке мал бітсе,
Аңқаң құрып келгенде
Саумал бермес ішерге.
Жаман болса алғаның.
һәммәтлі туған есіл ер,
Киім пішсе ол қатын,
Жағасы кетер көнтиіп,
Етегі кетер салпиып,
Үлгі болмас пішерге.

***
Айды батпас демеңіз,
Айнала ішсе таусылмас
Көл суалмас демеңіз.
Құрсағы құшақ байлардан
Дәулет таймас демеңіз,
Жарлыны жарлы демеңіз,
Жарлы байға тең келіп,
Жайлауға жарыса көшпес демеңіз,
Жалғызды жалғыз демеңіз,
Жалғыз көпке теңеліп,
Бір жапанда соғысып,
Кегін алмас демеңіз.
Қуландар ойнар қу тақыр
Қурай бітпес демеңіз.
Қурай бітпес құба жон
Құлан жортпас демеңіз.
Құрсағы жуан боз бие
Құлын салмас демеңіз.
Қулық туған құлаша
Құрсақтанбас демеңіз.
Қу таяқты кедейге
Дәулет бітпес демеңіз.


Тілек өсиет өлеңдер Бұқар жырау

© Дереккөзі

Rating
( No ratings yet )
Like this post? Please share to your friends:
Құттықтау