Дастарқанға ақ бата | Qazbrand.info

Дастарқанға ақ бата
Бата бердім, бақ тіледім,
Ақ дастарқан басына,
Я, Құдайым, шын тіледім,
Келсін деп менің қасыма!
Көңілің көлдей болып,
Көргенің түстей болып,
Қыдыр қонсын басыңа!
Әумин!

***
Я, Тәңірі, құдірет,
Мал – бастарын аман ет,
Басына бер бақыт,
Асына бер берекет,
Өмір жасын ұзақ ет,
Мехнат, зақметтен аман ет,
Дұшпанының күнін жаман ет,
Ұрпақтарын асыл ет,
Дүниедегі жақсылықты,
Дәл осы үйге нәсіп ет!
Әумин!

***
Ас бергенге бас берсін,
Өмірі ұзақ жас берсін.
Кетпес дәулет, кең пейіл,
Қайырымды дос берсін!

***
Құдай жарылқасын,
Бақ қарасын.
Қыдыр дарысын!
Айдан аман,
Жылдан есен қылып,
Үйдегі, түздегі
Мал – басты
Аман қылсын!

***
Шалқар көлдей көп болсын
Қымыз бенен айраның.
Атаның мен атыңнан
Жұртқа түссін қайраның!
Айдағысыз малды бол,
Ағайынның алды бол,
Отыз ұлды орда бол,
Ұман жұрттың басы бол!

***
Дастарқаның бай болсын.
Қазан – ошағың май болсын.
Төрт түлігің сай болсын.
Көңілің толып жай болсын.
Ұлың қонып үяға,
Қызың қонып қияға,
Келінің бибі атанып,
Ұлың болсын би аға.
Бергеннен Алла танбасын,
Көбейе берсін мал басың,
Өсе берсін жан басың,
Арманың көкке самғасын.
Досыңнан көңілің қалмасын,
Жағаңнан дұшпан алмасын,
Жолың болып жортқанда,
Жолыңды Қызыр жалғасын!
Әумин!

***
Бата бердім, бақтіледім,
Ақ дастарқан басына,
Я, құдайым, шын тіледім,
Береке бер деп асыңа.
Көңілің көлдей болып,
Дәулетің тасып толып,
Бақыт қонсын басыңа!
Әумин!

***
Әумин десең маған,
Құдай берсін саған.
Алтыннан болсын жағаң,
Күмістен болсын тағаң.
Оң жағыңнан кетпесін
Күрпілдек қара сабаң.
Жортсаң жолың болсын,
Жолдасың қыдыр болсын.
Тілеуің қабыл,
Мұратың асыл болсын.
Ішкенің қымыз,
Жегенің сырбаз,
Кигеніңтүлкі болсын,
Жүрген жерің ойын – күлкі болсын!
Әумин!

***
Дастарқаның кең болсын,
Төрт құбылаң тең болсын.
Мерейің тасып асқақтап,
Маңайыңа ел қонсын.
Ғұмыр жасың ұзын болсын,
Түтінің түзу болсын.
Беделіңді өсірер,
Ұлың мен қызың болсын!
Әумин!


Бата тілектер жинағы дастарқанға ақ бата баталар топтамасы

© Дереккөзі

Rating
( No ratings yet )
Like this post? Please share to your friends:
Құттықтау