Жас түлектерге ата – аналары айтатын тілектер | Qazbrand.info

Жас түлектерге ата – аналары айтатын тілектер

Біз бүгін мектеп бітіруші жас түлектер мен олардың ата – аналары және ұстаздарына арнап мектеп бітіру кешінде айтылатын еш жерде жарияланбаған авторлық тәтті тілектерді ұсынбақпыз.

Осы тілектердің жүректеріңізге жетіп, көңілдеріңізге қонғанын және орындалуын шын жүректен тілейміз. Тілектер тізбегін ең алдымен ата – аналардың мектеп бітіру кешінде өз балалары мен баласының сыныптастарына және олардың ұстаздары мен ата – аналарына арнап айтатын лебіздерімен бастағанды жөн көріп отырмыз.

Құрметті жас түлектер, айналайын алтындарым! Сендер, міне, өмірлеріңде әлі де көп кездесетін қиын – қиын белестердің бірінен аттап, болашаққа сәтті қадам бастыңдар. Осы қадамдарыңа құт қонсын! Сендер тайға мініп шапқанда үйде отырып тақымдарыңды қысып, уайымға салынған ата – аналарыңның үмітін әлі де ақтап, олардың алдындағы өмірлік парыздарыңды ұмытпаңдар, балаларым!

Жаным, балапаным, мен сенің әр қуанышың үшін бір жасап қаламын. Мен сенің әр жеңісің үшін балаша қуанамын. Өйткені, сенің біздің үмітімізді қашанда ақтауға күш – жігерің мен білімі – танымың жетеріне сенемін! Болашақтарың жарқын болсын!

Қарақтарым, сендер біз үшін әлі де баласыңдар! Міне, бүгін қанаттарың қатайып, салмақты өмірге аяқ басып барасыңдар! Мына өмір сендердің әке – шешелеріңдей маңдайларыңнан сипамайды. Сондықтан, әр қадамдарыңды ақылмен аңдап басыңдар!

Міне, сендер он бір жылдық мектеп өмірімен қоштасып жатырсыңдар. Сендер кетесіңдер, ұстаздарың осында қалады. Оларға өмір бойы қарыздар екендеріңді ұмытпаңдар. Олардың сендерді адам ету жолында бізден кем тер төкпегені бізге аян. Жүрген жерлеріңде ұстаздарыңның мерейін асқақтатып жүріңдер. Ұстаздар үшін мерейді асқақтату – олар берген білімнің жемісі мен жеңісін көрсету.

Менің балама әріп танытып, сауатын ашып, қанатын қатайтқан құрметті ұстаздар! Сіздердің алдарыңызда абыройларыңыз бен еңбектеріңізді шын сезініп, иіліп рақмет айтамын. Өйткені, сіздер төккен тер осыған лайық! Бала – шағаларыңыздың қызығын көріп, бақытты ғұмыр кешіңіздер!

Құрметті жас түлектер, бұл өмірде саналы ғұмыр сүріп, адамдармен тең дәрежеде болу үшін білімнің маңызы өте көп. Сендер он бір жыл бойы жүз пайыздық білімнің тек бір пайызын ғана меңгердіңдер, қалған тоқсан тоғыз пайызын сендерге жоғарғы оқу орындары мен өмірдің өзі үйретеді. Талпына беріңдер, қанаттарың талмай қалықтай беріңдер!

Құрметті балаларым, бітіруші түлектер, мектеппен қоштасу сәтіне де жеттіңдер, міне. Ертең бір – біріңді сағынасыңдар. Әрқайсың әр тарапқа тарап, елдің қамын ойлайтын ер азамат, өз ісін үздік меңгерген маман боларсыңдар деп сенемін. Он жылдан соң бас қосқанда бәрің бір – бір саланың тізгінін ұстаған нағыз маман иесі болып оралатындарыңа сенемін.

Құрметті түлектер, ең бастысы – денсаулық! Сондықтан, сөзімді осыдан бастайын да, сендерге білім мен бақытқа жету үшін зор денсаулық тілейін. Бір – біріңе деген бауырмалдық мен достыққа шаң бастырып, сызат түсіріп алмаңдар! Қайда жүрсеңдер де, аман болыңдар! Елге тиер пайдасы көп маман болыңдар!

Жаным, балам! Сенің білімге құштарлығыңа мен қашанда тәнтімін. Өмірге ғашық осындай қалпыңнан тайма! Күні – түні алған біліміңнің болашақта әперер асуы көп болсын!

Айналайын, еркетайым! Сенің балалық шағың осы мектептің қабырғасы мен өзің өскен үйде қалып қояды енді… Енді сен бой жетіп, болашақ атты пойызға мініп, жүргелі тұрсың. Саған денсаулық пен сәттілік және бақыт пен байлық тілеуден жалықпай, анаң екеуміз үйде тілеуіңді тілеп отырамыз.

Түлектер, жас талапкерлер! Сендер үшін нағыз өмірдің бастауы – осы. Енді сендер қабағы қатулы адамдары қарбаласқан өмірдің тұрмыстық тауқыметінен шыға алмайтын үлкен – үлкен қалаларға білім алуға аттанбақсыңдар. Қайда болсаңдар да, аман жүріңдер. Еліміздің өркендеуіне күш салатын мамандықтардың бірін дөңгелетіп әкетеді деген сенімдемін. Ауылға да жақсы мамандар керек екендігін есте сақтап, дипломмен туған жерлеріңе де оралу ойда болсын, қарақтарым!


Тілектер түлектерге тілектер ата ананың балаға тілегі

© Дереккөзі

Rating
( No ratings yet )
Like this post? Please share to your friends:
Құттықтау