Қазақстанның тәуелсіз мемлекет болып қалыптасуы кезек күттірмейтін міндет ретінде оның мемлекеттік рәміздерін қабылдауды талап етті.

1992 жылы 4 маусымда Жоғарғы Кеңестің сессиясы республиканың жаңа мемлекеттік Туы мен Елтаңбасын бекітті. Сол жылғы 11 желтоқсанда Республика Әнұранының жаңа мәтіні қабылданды.

1936 жылы бекітілген Қазақ КСР-інің мемлекеттік туы мен елтаңбасында Кеңес елінің идеологиялық бағытын (тап күресі, «кеңес» халқының бірлігі, коммунизм идеясын дүние жүзіне тарату) бейнелеген және республиканың этникалық-мәдени ерекшелігін ескермеген рәміздер енгізілген еді. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы — мемлекеттік негізгі рәміздердің бірі. Тудың ортасында арайлы күн, күннің астында қалықтаған қыран бейнеленген. Тік бұрышты көгілдір матаның ағаш сабына бекітілген тұсында ұлттық оюлармен кестеленген тік жолақ өрнектелген. Тудың ені ұзындығының жартысына тең. Бірыңғай көгілдір түс төбедегі бұлтсыз ашық аспанның биік күмбезін елестетеді және Қазақстан халқының бірлік, ынтымақ жолына адалдығын аңғартады. Күн — уақыт, замана бейнесі. Ұлан-байтақ кеңістікте қалыктаған қыран ҚР-ның еркіндік сүйгіш аскақ рухын, қазақ халқының жан дүниесінің кеңдігін паш етеді.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының негізі — шаңырақ. Ол елтаңбаның жүрегі. Шаңырақ — мемлекеттің түп негізі — отбасының бейнесі. Шаңырақ — күн шеңбері. Айналған күн шеңберінің қозғалыстағы суреті іспетті. Шаңырақ — киіз үйдің күмбезі көшпелі түркілер үшін үйдің, ошақтың, отбасының бейнесі. Тұлпар — дала дүлдүлі, ер-азаматтың сәйгүлігі. Ол жеңіске деген жасымас жігердің, қажымас қайраттың, қажырдың, тәуелсіздікке ұмтылған құлшыныстың бейнесі. Қанатты тұлпар уақыт пен кеңістікті біріктіреді. Ол — өлмес өмірдің бейнесі. Бес бұрышты жұлдызгербтің тәжі іспетті.

Қазақстан Республикасының Елтаңбасының авторлары — Ж. Мәлібеков пен Ш. Уәлиханов.

Мемлекеттік Ту мен Елтанба жөніндегі арнайы заңда Қазақстан Республикасының азаматтары және Республика аумағындағы басқа да азаматтар Ту мен Елтаңбаны құрметтеуге міндетті екендігі атап көрсетілді. 1992 жылы маусымда «Қазақстан Республикасы Әнұранының музыкалық редакциясы туралы» Заң, кейіннен — әнұран мәтіні қабылданды.
Ал 2006 жылы қабылданған қазіргі әнұран сөзінің авторлары Жұмекен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаев. Әнін жазған Шәмші Қалдаяқов. Халық арасында ыстық ықыласқа, сүйіспеншілікке бөленген Шәмшінің «Менің Қазақстаным» әні XX ғасырдың ортасында, Хрущевтің әкімшілік реформалары кезінде шыққан. Бұл ән Қазақстан тұтас ел және жерінің бір шөкімін де өзгеге бермейді деген өжет дауылпаз ұран. «Менің Қазақстаным» әнінің рухы жаңа заманда Жаңа Қазақстанды орнатып жатқан халқымыздың рухани талап-тілегіне толық сай келеді.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны — Қазақстан Республикасының мемлекеттік негізгі рәміздерінің бірі. Әнұран салтанатты рәсімдерде, мемлекеттік органдар өткізетін өзге де шараларға байланысты орындалады.

Ел рәміздерін қабылдау — аса маңызды тарихи оқиға болды. Көп жылдар бойы Қазақстан өзінің ішкі және сыртқы саясатын анықтау мүмкіндігінен айырылған еді. Енді жаңа рәміздерді қабылдау тарихи сахнаға жаңа мемлекеттің, жаңа бейбітшілік сүйгіш державаның шығуын білдірді.

Бөлісу