1993 жылы 28 қаңтарда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі елдің Негізгі Заңын — тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясын қабылдады. Қазақстан Республикасының Конституциясы барлық қазақстандықтар еңбегінің жемісі болып табылады. Бұл маңызды құжаттың жобасын талқылау барлық жерде азаматтардың, әр түрлі саяси партиялар мен қозғалыстар өкілдерінің жиналыстарында, баспасөз беттерінде, теледидар мен радиода жүргізілді. Талқылау барысында бір-біріне мүлдем қарама-қарсы көзқарастар да айтылды. Азаматтар мен заңгерлер талқылау барысында көптеген ескертулер мен толықтырулар енгізді. Жаңа Конституцияның ерекшелігі — оның Қазақстанды дүниежүзілік қауымдастықтың ажырамас бөлігі деп жариялауы еді. Осылайша Қазақстан халықаралық нормалар мен демократиялық және құқықтық мемлекет құруға бағыт алғанын барша әлемге жария етті.

Қазақстан Республикасының осы, алғашқы Конституциясы 4 бөлімнен, 21 тараудан тұрды. Конституцияның құрамдас бөлігі Қазақстанның қоғамдық даму ерекшелігін бейнелейтін өтпелі кезең жағдайларына арналған тарау. Өтпелі кезеңнің мақсаты бұрынғы және жаңа конституциялық заңдылыққа, мемлекет пен оның органдары мен институттарына қатысты кейбір жағдайларын байланыстыру, үйлестіруге тиіс болды. Конституция баптарының көпшілігі — Отанымызда ұлтаралық жарасымдылықты сақтауға арналған. Онда Қазақстан Республикасының барлық азаматтарының тең құқықтылығын қамтамасыз ететіні мәлімделді. Сондықтан да Негізгі Занның ең басты назар аударған нысаны — адам және оның өміріне байланысты мәселелер болды. Елдегі атқарылатын істердің бәрі Заң бойынша тек азаматтар мен қоғамның мүдделеріне сай жүргізілетін болып белгіленді. Қазақстандық және кеңестік іс- тәжірибеде тұңғыш рет адам құқығы мен бостандығының басымдылығы танылып, Қазақстан халқы дүниежүзілік қауымдастықтың ажырамас бөлігі екендігі бекітілді. Конституцияда тілге байланысты проблемалар өз шешімін тапты. Конституция бойынша республикадағы мемлекеттік тіл — қазақ тілі, ал орыс тілі — ұлт- аралық қатынас тілі деп жарияланды. Мемлекет өз тарапынан ұлтаралық қатынас тілін, олардың еркін қолданылу салаларын сақтау мен олардың еркін дамуына кепілдік берді. Мемлекеттік тілді немесе ұлтаралық қатынас тілін білмеушілік себептері бойынша азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын шектеуге тыйым салынды.
Конституцияның тілдер жөніндегі баптары дүние жүзі, сонымен бірге ТМДелдерінің ішіндегі неғүрлым демократияшыл баптар болып табылады.

Негізгі Заңда Қазақстан Республикасының жері біртұтас, ол бөлінбейді және оған қол сұғуға болмайды деп атап көрсетілді. Мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі Қазақстан халқы екендігі жарияланды. Мемлекеттік билік Конституция және республика заңдары негізінде жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасы Конституциясының ең жоғарғы заңдық күші бар. Конституцияның орындалуына Республика Президенті кепіл болады.

Конституцияның тұтастай тараулары мен баптары азаматтардың құқықтары мен міндеттеріне, қоғамға, оның негізгі құрылымына, отбасына, қоғамдық бірлестіктердің қызметін үйлестіруге арналды.

Бұған әр адамның өмір сүру, меншік иесі болу құқығы, жиналыстар өткізу, бірлестіктер құру құқықтары жатады. Қазақстан азаматтары Конституцияны, республика заңдарын сақтауға, әрбір адамның ар-намысын, абыройын құрметтеуге тиіс. Бұған қоса республика азаматтары мемлекеттік рәміздерді — Елтаңба, Ту, Әнұранды қастерлеуге тиіс. Отанды қорғау — әрбір азаматтың абыройлы борышы. Республика азаматтары заңмен белгіленген салықтар мен алымдарды төлеуге міндетті.

Үшінші бөлім мемлекет пен оның органдары мен институттарының құқықтық нормаларын айқындауға арналған. Төртінші бөлім Конституцияны сақтау кепілдіктеріне, Конституцияның тұрақтылығын қамтамасыз ету және оның ережелерін қорғауға арналған. Оқиғалардың бұдан кейінгі даму барысы көрсеткендей, республика Парламентінің Қазақстан Конституциясын қабылдауы тарихи маңызы бар оқиға болды. Конституция мемлекеттің өркениетті дамуының негіздерін қалап қана қоймай, адам құқықтарын қорғау ісінде сенімді кепілге айналды. Осы аса маңызды құжатты қабылдау арқылы Қазақстан әлемнің тарихи сахнасына тағы бір демократиялық мемлекеттің шыққанын мәлімдеді.

Бөлісу