Адамзат тарихында үлкенді – кішілі он бес мыңға жуық соғыс өткен екен. Бірақ солардың ішінде ауқымы, құбандықтары мен алапаттығы жағынан ең жантүршігерлігі Екінші дүниежүзілік соғыс жəне оның құрамдас бөлігі – Ұлы Отан соғысы болды.

Қазақ халқының Ұлы Отан соғысындағы жеңіске қосқан үлесі зор. Соғыстың ауыртпалығын көтеріп, бостандықты қорғаған қазақстандық батырлардың есімі әрқашан ел есінде сақталады. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап “Барлығы майдан үшін, барлығы жеңіс үшін!” деген ұранмен соғысқа аттанған ерлердің орнын әйелдер, қариялар мен балалар алмастырды. Тыл еңбеккерлерінің де жауды жеңудегі рөлі жоғары. Олар соғыс күндерінің барлық ауыртпалықтарын қажырлылықпен көтеріп, патриотизм үлгісін танытты.

Майдандардағы жеңіске тыл еңбеккерлерінің қосқан үлесі зор. 1939 жылғы санақпен салыстырғанда 1942 жылы Қазақстанда ауыл  шаруашылығы еңбекшілерінің саны 600000 адамға азайған. Ауыл шаруашылығында еңбектенген ерлердің майданға шақырылуымен олардың орнын қариялар, әйелдер мен балалар басты. 1944 жылы қолхоздағы еңбекке жарамды ерлердің сандық үлесі – 20%, әйелдер – 58%, жасөспірімдер – 22% болды. Яғни, майданды азық-түлікпен, шикізатпен іс жүзінде әйелдер, балалар мен қарт адамдар қамтамасыз етті.

1941 жылы Ақтөбе облысы, Ойыл ауданының “Құрман” колхозының егіншісі Шығанақ Берсиев 1 гектардан 155,8 ц. тары алып, әлемдік рекорд жасаса, ал 1945 жылы – 1 га-дан 202 ц. тары алып, өзінің алғашқы көрсеткішін бірнеше рет өсірді. Шиелі ауданы, “Авангард” колхозының даңқын шығарған күріш егуші Ким Ман Сам 1 га-дан 154,9 ц. күріш өндірді. Күріш өсіруші Ыбырай Жақаев 1943 жылы 1 га-дан 172 ц. күріш өнімін алып әлемдік рекорд жасады. Астық өнімі үшін алған 106000 сомды Ы.Жақаев қорғаныс майданына жіберді. Республикада Ш. Берсиев, Ким Ман Сам, Ы.Жақаевтың жолын қуушылар аз болмады. “Ойыл” ауданы, “Кемерші” совхозының Зауре Баймулдина звеносы, Шелек ауданы “Төңкеріс” колхозынан Малжегерова звенолары 1 га-дан 95-100 ц. тары мен күріш алды. Соғыс жылдарындағы әйелдер ерлігі ерекше. Мыңдаған арулар тіпті тракторға, машина рулдеріне отырды. Мысалы, Ақтөбе облысы, Мартук ауданының Дзержинский атындағы қолхозында Агафья Швалькова соғысқа кеткен күйеуінің комбайынын жүргізіп, 2 күнде 87 гектардан астық жинады.

1986 жылға дейін, яғни соғыс кезі мен одан кейінгі уақытты қоса алғанда 1792 адам Социалистік Еңбек Ері атағын алған. Көп деп айтуға да келмейді. Десе де еленбей қалған ерліктер ел жадынан ұмытылмақ емес. Еленбей қалғандары соңғы жылдары өз бағасын алып, айтылып, жазылып жүр.

Соғыстан кейінгі онжылдықта жарық көрген зерттеулерден Ғ Əбішев, О. Малыбаев, А. Нүсіпбековтің еңбектерін атап өту қажет. Бұл еңбектерде Ұлы Отан соғысы кезіндегі елдің дамуы, қазақстандықтардың майдан мен тылдағы жеңіске қосқан үлестеріне лайықты баға беріліп, «Қазақстан – майдан арсеналы» деген қорытынды жасалды. Тарихшы ғалымдар бұл еңбектерінде мерзімді баспасөз материалдарымен қатар мұрағат құжаттарын кең қолдана отырып, еліміздің майданға қосқан үлесін саралап берді.

Соғыстың қысылтаяң кезеңінде тыл еңбекші халқы кәсіпорын, колхоз бен совхоз жұмысына таң сәріден жүгіріп, түн ортасында қайтқан ерлігін, «өзім жемесем жемейін, өзім ішпесем ішпейін, бәрі де солар үшін, бәрі де майдан үшін, жеңіс үшін болсын!» — деген игі ниетті асыл сезімін ешкім есінен шығармауы тиіс. 

Бөлісу