Қазан төңкерісі қарсаңындағы саяси партиялар. Ресейде түрлi партиялардың пайда болуы. Қазақстандағы бұқаралық ұйымдар. Алаш партиясының құрылуы, оның стратегиясы мен тактикасы. “Қазақ” газетiнiң қызметi. Алашорда автономиясының құрылуы.

Зиялылар қызметі. XX ғасыр басындағы қазақ зиялылары сан жағынан көп болған жоқ. 1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңде қазақ қоғамында жоғары оқу орнын аяқтағандығы туралы дипломды иемденген мамандардың саны жүз отыздан, ал арнайы орта оқу орындарын бітіргендердің саны жеті жүзден асып жығылатын еді. Қазақстанда бірлі-жарым орта білімді мұғалімдер даярлайтын курстар мен училищелерді есепке алмағанда, арнайы оқу орындары болған емес. Түрлі мекемелерде, әкімшілік орындарында қызмет жасаған қазақ мамандары, негізінен, ресейлік оқу орындарында білім алғандар еді.

Патша үкіметі қазақ халқының жалпы мәдени деңгейінің өсуіне мүдделі болған жоқ, керісінше, қараңғылықта ұстау оған тиімдірек көрінді. Ал XIX ғасырдың соңғы ширегінде ашыла бастаған азын-аулақ мектептер мен гимназиялар жергілікті жұртты ислам дінінің «зиянды әсерінен» сақтау және Далада орыс ықпалын дамыту үшін керек болды.

Сонымен бірге отаршыл әкімшілік ресейлік оқу орындарынан бірлі-жарым орынды қазақ жастарына бөлуге мәжбүр еді. Мұндай қадамға бара отырып, ол жыл сайын өсе түскен басқару жүйесінің жергілікті ұлттан шыққан мамандарға мұқтаждығын қанағаттандыруды көздеді. Осы мақсатта генерал-губернаторлық кеңселері жанынан қазақ студенттеріне жылына 3-4 стипендия белгіленіп отырды. Міне, осы белгіленген стипендияға және қазақ ауқатты топтарының өз еркімен жәрдемге жиған қаржысына сүйеніп қазақ жастары Мәскеу, Петербург, Қазан, Орынбор, Омбы, Варшава сияқты қалалардағы оқу орындарында түрлі мамандықтар бойынша білім алды. Мәселен, тек Қазан университеті мен мал дәрігерлік институтын 1917 жылға дейін 35 (20 және 15) қазақ жастары бітіріп шыққан.

XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында қазақ жастары үшін ірі білім орталығы міндетін Петербург қаласы атқарды.

Империяның саяси өмірінің де астанасы болған бұл қалада осы мезгілде Ә.Бөкейханов (Орман шаруашылығы институты), М. Тынышпаев (Темір жол көлігі институты), Халел Досмұхамедов, С.Асфендияров (Дәрігерлік академиясы), Б.Қаратаев, Жаһанша Досмұхамедов, М.Шоқай (Петербург университеті) сияқты басқа да ұлт-азаттық қозғалысында өшпес із қалдырған қайраткерлер білім алды. Қазақ жастары, сондай-ақ Стамбұл, Каир университеттерінде де оқыды.

Қазақ зиялыларының үлкен бөлігі гимназия, дәрігерлік училище, мұғалімдер даярлайтын семинария түлектерінен тұрды. Бұл топтың қатарында А. Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, С. Торайғыров, Ғ. Қарашев сияқты көптеген ірі тұлғалар бар еді.

Қазақ жастарының белгілі бір бөлігінің ірі орталықтарда оқып, саяси оқиғаларға тікелей араласуы, орыс демократиясының ықпалында болуы оның қоғамдық көзқарасының кемелденуіне, саяси белсенділігінің артуына әсер етпей қоймады.

 Саяси қызметке араласу тек ірі қалаларда оқитын студенттерге ғана тиесілі кұбылыс емес-тін. Қоғамда болып жатқан саяси оқиғаларға ден қою, түрлі саяси үйірмелер ісіне араласу Омбы, Семей, Орал сияқты жергілікті орталықтарда оқып жүрген жастарға да тән әрекет еді.

XX ғасыр басындағы қазақ зиялылары қоғамдық-саяси қызметке даярлықпен келді, ал олардың дербес саяси күш ретінде белсенді әрекетке көшуі 1905-1907 жылдардағы революциялық оқиғалармен басталды. Оған қазақ халқының орыс отаршыл әкімшілігіне тәуелділігі және қоғамдық дамуда ортағасырлық деңгейде қалып қоюы себеп болған еді. Саяси қызметі тура осы мезгілде басталған Міржақып Дулатұлы 1929 жылы кеңестік абақтыда тергеушілерге берген жауабында жалпы ұлт зиялыларына ортақ мынадай пікір білдірді:

«…Ол жылдардағы қазақ халқының қараңғылығы мен надандығын айтып жеткізу қиын. Қазақ бұқарасы губернаторлар мен уезд бастықтарын айтпағанда, ең төменгі урядниктің алдында діріл қағып, адам төзгісіз қорлыққа шыдады, оның бұл халге жетуіне өз арасынан шыққан надан тілмаш шенеуніктер, болыс басқарушылары және басқалары өз үлестерін қосып, ауыр салық, зорлық, парақорлық, құпия өсектер үйреншікті көрініске айналды; қазақ әйелі күң жағдайында болды, ең құнарлы жерлер ешқандай есепсіз қоныс аударушыларға алынып берілді, ал қазақтар шөлге ығыстырылды; патша үкіметі мектептер аштыруға бас-көз қамқоршы болудың орнына, қазақтарға өздері жиған қаржыға мектеп салуға тыйым салды; мектеп ашуға әрекет жасағандар Якут облысына жер аударылды (мысалы, Қосшығұлов, Науан хазірет, т.б.), дәрігерлік көмек жөнінде халықта түсінік те болған емес…

Қазақ елі, міне, осындай түнекте ғұмыр кешті. Патша үкіметінің отаршыл саясаты гүлдеу шегіне жетті. Осының бәрін көре тұрып өзімнің азын-аулақ біліміме қарамастан, қолымдағы барыммен ар-намысы аяқ асты болған сорлы халқыма көмектесуді өз борышым санадым».

1905 жылғы жазға қарай Қазақстанның барлық өңіріндегі жәрмеңкелерде қазақ жұртының мұқтаждықтарын талқылаған съездер өте бастады. Жандарм мекемелерінің назарына бірден іліккен бұл жиындарда патшаға, ортақ билік орындарына арналған арыз тілектер жазылды; Жетісу және Семей облыстары атынан жазылған шағымдарды талқылауға 25 мыңнан астам адам катысты.

Бұл талап-тілектерде қазақ елінің қоғамдық өмірдегі ең негізгі мұқтаждықтары, яғни жергілікті басқару, сот, халыққа білім беру, ұждан және дін бостандығы, бақылаусыз газет шығару және баспахана ашуға рұқсат беру, қазақ елінің жоғарғы заң шығарушы орындарға депутат сайлау құқын мойындау және басқа сол сияқты аса маңызды мәселелер көтерілді.

Барлық арыз-тілектерде жоғарғы билік алдына қойылған үлкен де өзекті мәселе, әрине, жер мәселесі болды. Арыз-тілек авторлары «әкелер қанының өтеуімен азат етілген атамекенін» орыс үкіметінің ешқандай да дәлел-себепсіз мемлекеттік меншік деп жариялап, соған сүйеніп ең құнарлы жерлер мен тұщы су көздерінің қоныс аударушыларға зорлықпен өтіп жатқандығына наразылықтарын білдірді.

Арыз-тілек науқаны ұлт-азаттық қозғалысында өзара айырмашылығы бар екі ағымның қалыптасып келе жатқандығын аңғартты. Оның бір жағында қазақ жұртының болашағын еуропалық өркениеттің жетістіктерімен байланыста қарап, дін ісін екінші кезекке ығыстырған зиялылар тұрса, оған қарсы екінші жағында қоғамдық дамуда ұлттық-діни ерекшеліктерді негізгі құндылық ретінде бағалаған топ тұрды. Ә.Бөкейханов алғашқы ағымдағыларды батысшылдар, ал соңғы ағымдағыларды түрікшілдер деп атады.

1905 жылғы 6 тамызда жарияланған манифест бойынша қазақ еліне де Мемлекеттік Думаға депутат сайлау құқығы берілді. Ұлт зиялылары Дума жұмысына белсене араласу арқылы үкіметтің Қазақстандағы саясатына, әсіресе жер мәселесіне ықпал етуге болады деп түсінді. Бірақ сайлау қарсаңындағы қазақ қоғамында Думаға депутат ұсына алатын өз бағдарламасы бар саяси партия жоқ болатын. Уақыттың тарлығына байланысты және басқа даярлықтың жоқтығын түсінген ұлт зиялыларының басым бөлігі ресейлік конституциялық демократиялық партияның (кадеттер) бағдарламасын мойындап, қазақ облыстарында осы партияның бөлімшелерін құрып, осы ұйымның атынан депутаттыққа түсті.

I-II Мемлекеттік Дума жанындағы Мұсылман фракциясы жұмысына белсенді араласқан қазақ зиялылары үкіметтен Қазақстанға ішкі Ресейден қоныс аударушыларды жіберуді, жергілікті халықты егіншілікке жарамды жерлерден ығыстыруды тоқтатуды талап етті. Қазақ депутаттарының бұл талабын қазақстандық Т. И. Седелъников және сібірлік Н. Л. Скалозубов бастаған демократиялық бағыттағы орыс және басқа ұлт депутаттары да қолдады.

Қазақ зиялылары саяси партия құру жолында. Сайлау науқанына араласқан қазақ зиялылары отарлық тәуелділіктегі қазақ халқының мүддесі тұрғысынан қоғамдық үгіт-насихат жұмысын жүргізіп, депутат сайлап, оған аманат тапсыру ісіне мұрындық болатын саяси ұйымның қажеттігін айқын аңғарды.

1906 жылы 10 маусымда Семей қаласында Мемлекеттік Думаға қазақтардан депутат сайлау үшін өкілдер жиналысы өтіп, Ә.Бөкейханов жиналғандарды «Халық еркіндігі» (кадеттер) партиясының бағдарламасымен таныстырып, жиналыс оған қатысқандардың аталған партияға қосылатындығы жөнінде қаулы қабылдады («Семипалатинский листок», 1906, 13 маусым). Саяси күрес жолына енді ғана түсе бастаған қазақ зиялыларының осы кезеңдегі саяси-әлеуметтік бағдары белгілі дәрежеде ресейлік радикалдық-буржуазиялық партия, кадеттердің қызметімен ұштасты. Бірақ осы кезеңдегі қазақ кадеттерінің өмірде ұстанған мұраттары орыс кадеттерінің бағдарламасынан мүлдем өзгеше еді. Казақ кадеттерінің бағдарламасында төмендегідей талаптар қойылды: қазақ жерін бүтіндей қазақ елінің меншігі етіп жариялайтын заң қабылдау, ішкі Ресейден көшіп келушілер легіне тежеу қою, қазақ жұмысшыларына еркіндік, тендік беру, олардың мүддесін қорғайтын заңдар шығару, қазақ балалары үшін мектеп, медресе, университеттер ашу, т.б. Отарлық езгіге қарсы жалпыұлттық бас көтеру толқынында пайда болған бұл алғашқы әрекеттер саяси партия құрумен аяқталған жоқ, өйткені оған қажетті алғышарттар пісіп-жетіле қойған жоқ еді.

Қазақ зиялылары тарапынан жалпыұлттық саяси партия құру әрекеті 1913 жылы тағы да бой көрсетті. М.Сералин бастаған «Айқап» журналы төңірегіне топтасқан зиялылар ең өзекті қоғамдық мәселелерді талқылап, белгілі бір бағдарламалық тұжырымдарға келу үшін Жалпықазақ съезін шақыру жөнінде бастама көтерді. Бірақ қазақ даласында орнаған қатаң әскери-отарлық тәртіппен есептесу қажеттігін айтқан Ә.Бөкейханов бастаған топ мұндай әрекеттерге көшуге үзілді-кесілді қарсы шықты.

Алаш партиясының құрылуы. Саяси партия құру үшін қажетті алғышарттар тек 1917 жылғы Ақпан революциясынан кейін ғана қалыптасты. Алғашқы жалпықазақ съезін өткізу үшін «Қазақ» газеті жанынан құрылған ұйымдастыру бюросы күн тәртібіне «Қазақ саяси партиясын жасау мәселесін» ұсынып, оған мынадай негіз келтірді: «Ресейде осы күнде түрлі саяси партиялар бар. Олардың көздеген мақсаттары бағдарламасында жазылған. Оны білетін адамдарға мағлұм: қай партияның да болса бағдарламасы түп-түгел қазақ мақсаттарына үйлеспейді. Сондықтан біздің қазақ мақсаттарын түгел көздейтін өз алдына партия жасалмайынша болмайды».

1917 жылғы 21—26 шілде аралығында Орынбор қаласында өткен Жалпықазақ съезі қазақ саяси партиясын құру туралы мәселе қарап, мынадай шешім қабылдайды: «Қазақ халқының өз алдына саяси партиясы болуын тиіс көріп, бұл партияның жобасын жасауды съезд «Шуро-и-Исламға» сайланған қазақ өкілдеріне тапсырды. Партияның негізі демократиялық федеративтік парламенттік республикаға құрылмақ…».

Съездің соңғы күні жаңа қалыптаса бастаған партияның басшысы Ә.Бөкейханов ресейлік Кадеттер партиясына мүшеліктен шығатынын және оның себептерін мәлімдеді. Партияның ұйымдық тұрғыдан құрылуы күзге, яғни Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутаттар сайлау науқанына тұспа-тұс келді. «Қазақ» газеті өзінін бас мақаласында партияның атын «Алаш» қойып, оған тілектестерді Құрылтай жиналысына депутаттықка кандидаттар тізімін осы партияның атынан жасауға шақырды. Сонымен бір мезгілде «Қазақ» басқармасынан барлықоблыстардағы Қазақ комитеттеріне қазақ саяси партиясының атын «Алаш» деп қою туралы жеделхаттар жіберілді.

Алаш партиясының облыстық ұйымдары 1917 жылдың қазан айынан қалыптаса бастады. Ә.Бөкейхановтың тікелей ұйымдастыруымен және басшылығымен қазанның 12—20 аралығында партияның облыстық ұйымдары алдымен Семейде, кейін Омбыда, ал қарашаның 10-на қарай Орынборда құрылды. Семей облыстық партия комитетінің төрағасы болып Халел Ғаббасов, Омбы обкомының төрағасы болып Айдархан Тұрлыбаев, ал Торғай обкомының төрағасы болып Әлихан Бөкейханов сайланды. Партияның арнайы съезін шақырып, басқару орындарын сайлауға, жарғысы мен бағдарламасын бекітуге қолайлы жағдайдың болмауынан Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат есебінде тіркелген топ партияның басқарушы ұйытқысы саналды.

Алаш партиясының бағдарламасы. Алаш партиясы жарияланған бағдарламасында Ресей мемлекетінің демократиялық, федеративтік республика болғандығын жақтады. Бағдарлама бойынша шашыраңқы қазақ облыстары өз билігі өзінде тұтас бір мемлекетке бірігіп, автономиялық негізде Ресей Федерациясының құрамына енбек. Әлеуметтік қатынаста феодалдық ақсүйектер құқын шектеу, таптық жіктелуді жеделдету мәселесі қойылған жоқ, керісінше, жалпыұлттық мүдде, ұлттық тұтастық бағытына басымдылық берілді. «Алаш партиясы әділдікке жақ, халі нашарларға жолдас, жебірлерге жау болады. Күш-қуатын игілік жолына жұмсап, жұртты тарқы ету жағына бастайды» деп көрсетілді. Салық мәселесі де осы тұрғыдан шешілуге тиіс болды. «Салық мал-ауқат, табысқа қарай байға байша, кедейге кедейше ғаділ жолмен салынады, …бар жұмысшылар заң панасында болады».

Бағдарламаның антифеодалдық сипаты «негізгі құқық», «ғылым-білім үйрету» сияқты тарауларынан байқалады. «Ресей республикасында дінге, қанға қарамай, еркек-әйел демей, адам баласы тең. Жиылыс жасауға, қауым ашуға, жария сөйлеуге, газет шығаруға, кітап басуға еркіншілік», заң орындарының рұқсатынсыз жеке адамдардың табалдырығынан аттап, ешкім тінту жүргізе алмайды, сот сұрап, билік айтылмай ешкім тұтқынға алынбайды, т.б.

Бағдарламадағы ең негізгі мәселе — жер мәселесі. Қазақ жері, оның асты-үсті байлығы қазақ елінің меншігі болуға тиіс. Қазақ елінің ықтиярынсыз ішкі Ресейден қоныс аудару тоқтатылады. Жер мәселесіне байланысты заң қабылданып, қазақ алдымен өз жерінен енші алады. Жер сыбағасы тұрған жерінен, атамекенінен әркімнің тілегіне сай ауылға, ұлысқа, руға бөлінеді. Адам басына, жеке үй басына тиетін сыбаға жер шаруаға, жердің топырағына, жергілікті табиғатына байлаулы болады. Жер сыбағасын жергілікті жер комитеттері анықтайды. Заң жерді сатуға тыйым салады.

«Ертіс бойындағы он шақырымдағы (десятиверстная) қазақ сол жерден үлес алсын. Атты казак бермеймін дер, біз Ертістен кетпейміз, жер алмай қоймаймыз, Жерді жолмен, законмен аламыз. Қазақ сыбаға жерін алған соң, қалған жер мемлекет қазынасына өтіп, оларды земство билейді» («Қазақ», 1917, № 51).

1917 жылдың соңына қарай ұйымдық тұрғыдан қалыптасқан Алаш партиясының жергілікті ұйымдары облыстық, уездік Қазақ комитеттері, ал жергілікті сауатты, партиялық ниеттегі зиялылар партияның активі, тірегі болды. Алаш партиясы күрделі үш ірі мәселені шешуге үлкен үлес қосты. Біріншіден, партия мүшелері халық арасында, қазақ зиялылары ішінде, ең алдымен, шешілуге тиіс жалпыұлттық зәру мәселелерді талқылауға мұрындық болып, сол мәселелер бойынша ортақ тұжырымдарға келуде басты рөл атқарды. Бұл тұжырымдар партия бағдарламасының жобасында берілді. Екіншіден, партияның ұйытқысы болған қайраткерлер 1917 жылы желтоқсанда қазақ елінің Алаш автономиясы атанған ұлттық мемлекеттігі өмірге келгенін жария етті. Осы съезде өмірге Алашорда— ұлттық Кеңесі үкіметі келгені мәлім. Оның мүшелері түгелдей дерлік өздерін Алаш партиясының мүшесі санағандығы күмән тудырмайды. Үшіншіден, осы жылғы қарашада болып өткен Бүкілресейлік Құрылтайға депутаттар сайлауында барлық қазақ қайраткерлері Алаш партиясының атынан тіркелді және оның атынан депутат болып сайланды. Осы құрылтайға депутаттар сайлау барысында барлық қазақ облыстарында Алаш партиясы ең көп дауыс алған партия болды. Объективті жағдай, күрделі де қатал өмір ағымы Алаш партиясының саяси күреске білек түріп араласып кеткен ірі саяси күшке айналуына мүмкіндік бермеді. Қым-қиғаш азамат соғысы тұсында ондай міндетті тек Алашорда үкіметі ғана атқара алатын еді.

II Жалпықазақ съезі. Алашорда үкіметінің құрылуы. Алашорда үкіметінің өмірге келуіне тікелей себепші болған жағдай Уақытша үкіметтің басқа да шет аймақтардағыдай Қазақстанда да ұлт өміріне қатысты ең өзекті мәселелерді шеше алмаған әлжуаз, тұрақсыз саяси билікке айналуы, оның арты бүкіл империяны қамтыған анархия, зорлық пен зомбылыққа ұласуы еді. Қазақ облыстарында асқынған жер мәселесін шешуге бағытталған әрекеттің болмауы, атты казак әскері, қарулы солдат пен қоныстанушылардың панасыз жергілікті халық үстінен жүргізген озбырлығының өрши түсуі соның айғағы болатын.

Осындай жағдайда қазақ зиялылары арасында ұлттың мемлекеттілігі туралы мәселе талқылауға түсті. Сөйтіп, бұл мәселені қараған Жалпы қазақ-қырғыз съезі 1917 жылы 5 желтоқсанда Орынбор қаласында ашылды. Оған барлық қазақ облыстарынан, сондай-ақ одан тыс жерде тұратын Алтай губерниясы мен Самарқан облысы қазақтарынан және Жетісу облысы қырғыздарынан барлығы 82 өкіл қатысты. Съездің күн тәртібінде тұрған ең негізгі мәселе, әрине, ұлттық автономия мәселесі еді.

Съезд қазақ автономиясы мәселесі бойынша бірауыздан қаулы қылды:

1) Бөкей елі, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария облыстары, Ферғана, Самарқан облыстарындағы және Әмудария бөліміндегі қазақ уездері, Закаспий облысындағы және Алтай губерниясындағы іргелес болыстардың жері бірыңғай, іргелі — халқы қазақ-қырғыз, халі, тұрмысы, тілі бір болғандықтан өз алдына ұлттық, жерлі автономия құруға;

2) қазақ-қырғыз автономиясының жер үстіндегі түгі-суы, астындағы кені Алаш мүлкі болсын;

5) қазақ-қырғыз арасында тұрған аз халықтың құқықтары теңгеріледі. Алаш автономиясына кірген ұлттардың бәрі бүкіл мекемелерде санына қарай орын алады;

6) Алаш облыстарын қазіргі бүліншіліктен қорғау мақсатымен Уақытша Ұлттық Кеңес құрылсын. Мұның аты «Алашорда» болсын. Алашорданың ағзасы 25 болып, 10 орын қазақ-кырғыз арасындагы басқа халықтарға қалдырылады. Алашорданың уақытша тұратын орны — Семей қаласы. Алашорда бүгіннен бастап қырғыз-қазақ халқының билігін өз қолына алады.

Съезд Алаш автономиясының Алашорда аталған (Алаштың ордасы немесе үкіметі) ұлт кеңесінің құрамын сайлады. Алаш автономиясы үкіметінің, яғни — Алашорданың төрағасы болып Әлихан Бөкейханов сайланды. II Жалпықазақ съезі қырғыз-қазақты бүліншіліктен қорғау үшін… ешбір тоқтаусыз милиция түзу туралы шешім қабылдап, оның Алаш автономиясына кіретін әрбір облыс пен уездегі санын анықтап, оларды соғыс өнеріне үйрету мен қажетті қару және киім-кешекпен қамтамасыз ету жолдарын айқындады.

Бірақ осы шешімді жария ету мәселесіне келгенде пікір алшақтығы байқалды. Ә.Бөкейханов бастаған топ мемлекеттік автономия туралы шешімді қазақ арасында тұрып жатқан орыс қауымының келісімін ала отырып іске асыруды ұсынды. X. Досмұхамедов пен оны қолдау-шылар автономия туралы шешімді бірден жария етіп, оны нығайту қамына кірісіп кетуді жақтады. Съезд бұл хабарды Түркістан өлкесі құрамындағы қазақтардың Алаш автономиясы құрамына енуге байланысты пікірін анықтап алған соң барып ресми түрде жария ету жөнінде келісімге тоқтады.

Съезд белгілеген — әскер жасақтау, ұлт қазынасын құру, оқу-ағарту жүйесін қалыптастыру және басқа шаралар ұлттық мемлекеттіктің шаңырағын көтеруге бағытталған әрекеттің көрінісі еді.

Қорыта айтқанда, 1917 жылғы II Жалпықазақ съезінде бүкіл қазақ жерін, оның халқын біртұтас мемлекет туы астына жинауға бағытталған батыл қадам жасалды.

Съезд өз жұмысын аяқтаған бетте Алашорда үкіметі Сырдария қазақтарының құрылтайын шақыру туралы тиісті орындарға жеделхаттар жолдады. Ә.Бөкейханов пен М.Шоқайдың қолдарымен бекітілген бұл хатта «Алаш баласын біріктіріп, өз алдына автономия ету» мақсатында оңтүстік қазақтарының келісімін алу үшін Сырдария облысының съезі шақырылатындығы айтылды.

1918 жылдың қаңтарында Түркістан қаласында өткен съезд Алаш автономиясына қосылу мәселесін үш күн ұдайы талқылаған соң, осындай сын сәтте Сырдария облысының Түркістан автономиясы құрамынан бөлініп кетуі өлке ұлт-азаттық қозғалысына ауыр соққы болып тиерін негізге ала отырып, «1. Сырдария облысы қазіргі уақытта … әзірше Түркістан автономиясында қалады. 2. Алашорда өз алдына автономия иғлан қылып болып, Түркістан автономиясымен союз (одақ) болса, Сырдария қазақ-қырғыздары Түркістан автономиясынан шығып, Алаш автономиясына кіруге қарар қылады», — деген шешімге келді.

Алашорда және Кеңес үкіметі. 1918 жылы 5 қаңтарда Бүкілресейлік Құрылтай жиналысы күшпен таратылған соң Алашорда мен Кеңестік биліктің арақатынасы күрделене түсті. Кеңестік билік бұрынғы отарлық езгідегі халықтарға тек кеңестік негіздегі автономия беретіндігін мәлім етті. Бұл белгілі бір ұлттық автономиялық мемлекеттікті иемденуі емес, оның белгілі бір бөлігінің ғана, яғни жұмысшы және шаруалардың өзін-өзі билеу мүмкіндігіне ие болғандығын білдіретін шара еді.

1918 жылдың көктемінде Алашорда мен Кеңес үкіметі арасында өзара түсінушілікке ұмтылыстың нышандары байқалды. Осы жылдың наурызында Оралдан Мәскеуге Алашорда үкіметінің тапсыруымен Халел және Жаһанша Досмұхамедовтар аттанып, барған бетте Халық Комиссарлар Кеңесінің Төрағасы В.И.Ленинмен және Ұлт істері бойынша Халық Комиссары И.В.Сталинмен кездесіп, оларға II Жалпы қазақ-қырғыз съезінің (Орынбор, 1917 ж. желтоқсан) қаулысын табыс етеді.

20 наурыз күні И.В.Сталин Семейдегі Алашорда үкіметінің орынбасары Х.Ғаббасовпен телефон арқылы екі билік орындарының бірін-бірі өзара мойындау шарттары жөнінде сөйлеседі. 1918 жылы 21 наурыз күнгі отырысында Алашорда үкіметі Кеңестік билікті ресми түрде мойындайтындығы жөнінде шешім қабылдап және ол жөнінде Мәскеуге хабарлап, Алашордаға байланысты тура осы мазмұндағы шешімнің Кеңес үкіметі тарапынан да қабылдануын талап етті. Бірақ Алашорда үкіметінің толық заңды талабы жауапсыз қалды.

Оған себепші болған Алашорда үкіметінің «Алаш автономиясында закон шығаратын һәм ел билейтін үкімет Алашорда болады, ал жергілікті советтер Алашордаға жәрдемші міндетін атқарсын, сондай-ақ Жалпықазақ — қырғыз съезінің(1917, желтоқсан) шешіміне сәйкес Алаш әскері құрылады» деген ашық та анық ұстанымы еді. Алашорда үкіметінің бұл ұстанымы кеңестік орталыққа ұнамады. Міне, осы кезден бастап Мәскеу большевиктер билігі жағына шыққан қазақ саяси тобын қолдап, оларды ұлт-азаттық идеологиясы ұстанымындағы топқа қарсы қою әдісіне көшеді.

1918 жылдың көктемінде басталған азамат соғысының жалыны Қазақстанды да қамтыды. Кеңестік билік тарапынан түсінбеушілік пен қолдау табудан күдер үзген Алашорда енді большевиктерге қарсы ымырасыз күреске шыққан Сібір уақытша үкіметі мен Бүкілресейлік Құрылтай жиналысы мүшелерінің Самара комитетінің қолдауына сүйеніп, Алаш автономиясын өмірлік шындыққа айналдырудан үміттенді. Өз ретінде Алашорда үкіметі аталған Кеңестік билікке қарсы күштерге жай арқа сүйеп қана қойған жоқ, өзі де әрекетке көшті. Яғни, ел арасынан қол жинап, әскер жасақтап большевиктер құрған жүйеге қарсы нақты іс-шараларға барды. Бірақ қақ жарылып өзара соғысып кеткен империядағы саяси күштердің екеуінің де Алаш автономиясын мойындау ойларында болған жоқ. Алдымен, өзін Уақытша үкіметтің мұрагері санаған Уфа директориясы 1918 жылғы 14 қарашадағы қаулысымен Алашорда билігінің таратылғанын мәлім етті. Дәл осындай шешімді 1920 жылдың 9 наурызында Кеңес үкіметі де қабылдады.

Ресей империясын қамтыған дағдарыс жағдайында отарлық тәуелділікте болып келген халықтардың саяси дербестікке ұмтылысы бұрынғы Түркістан генерал-губернаторлығына қарасты әкімшілік-аумақтық ауқымда да анық көрініс тапты. Қазақстанның Сырдария және Жетісу облыстары 1924—1925 жылдары Түркістан өлкесінің құрамында еді.

XX ғасырдың басында Ресей империясында қалыптасқан саяси жағдайға байланысты ол өз мемлекеттігін қалпына келтіру әрекетіне көшті, бірақ түрлі себептерге байланысты өз мақсатына жете алған жоқ. Ұлттық және мемлекеттік тәуелсіздік үшін күрес жолында халық ірі тарихи тұлғаларға бай ел екенін анық танытты.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Қазақстан тарихы 11 сынып жаратылыстану-математикалық бағыт, Алматы «Мектеп», 2007 ж., 2011 ж.
  2. Қазақстан тарихы 11 сынып қоғамдық-гуманитарлық бағыт, Алматы «Мектеп», 2007 ж.,2011 ж.
  3. Қазақстан тарихы. Очерктер. Алматы «Дәуір», 1994 ж.
Бөлісу