Қазақ жыраулары

Қазақ жыраулары

Жауынгер жыраудың туындылары әдетте шабытты романтизмге, ерлік пен азаматтық пафосқа толы болды. Қазақтың батырлар жырын туғызушы да осы жыраулар еді. Сол кездегі қазақ поэзиясының аса ірі тұлғалары – Шалкиіз (1465-1560 жж.), Доспамбет (1490-1523 жж.), Жиембет (XVIIғ.), Марғасқа (XVIIғ.), Ақтамберді (1675-1768 жж.), Үмбетей (1706-1778 жж.), т.б. жыраулар. Олар- сол кездегі шиеленіскен саяси күрестің қиын-қыстау кезеңдерін жырға қосып, елін, халқын азаттық үшін күреске үндеген адамдар.

Доспанбет жырау(1490-1523 жж.). Өз өлеңдерінде жастарды ерлікке, елін, жерін жаудан қорғауға шақырады. Оның «Айнала бұлақ басы тең», «Тоғай, тоғай , тоғай су», «Арғымаққа оқ тиді», «Айналайын ақ Жайық» жырлары Отан қорғауға арналған.

Шалкиіз Тіленшіұлы(1465-1560 жж.). Әскери жорықтармен Кавказдың терістігін, Қырым, Дон бойын аралап шыққан. Шалкиіз жырларының мазмұнынан оның Ноғайлының әміршісі Темір бидің жанында көбірек болғанын байқауға болады. Жиенбет жырау жырлары оның Есім ханның әскербасы қызметін атқарғандығын көрсетеді. Ханның кеңесшілерінің бірі болған. Оны жыраудың мына өлең шумағынан байқаймыз: «Есім, сені есірткен Есіл де менің кеңесім».

Жиембет жырау(XVIIғ.). Есім ханмен бірге ойраттармен соғысқа қатынасып, Тұрсын ханның бүлігін басуға да қатынасқан.

Марғасқа жырау(XVIIғ.). Есім ханға жақын болған. Оның Есім ханға арналған «Еңсегей бойлы ер Есім» атты жеті мың жолдық тарихи жырлары бар. Мына бір өлең шумақтар Марғасқаның да Тұрсын хан бүлігін басуға қатынасқанын көрсетеді: «Ей, Қатағанның хан Тұрсын Кім арамды ант ұрсын…».

Ақтамберді жырау (1675-1768 жж.). 17 жасынан бастап қазақ хандығы мен Орта Азия хандықтарының арасындағы соғыстарға қатынасқан. Жоңғарларға қарсы Отан соғысы кезінде (1723-1730 жж.) Орта жүз рубасы ақсақалдарының бірі болған. Ол өз толғауларында халқын жоңғарға қарсы күреске жігерлендіреді:

«Күлдір де күлдір кісінетіп, Күреңді мінер ме екенбіз, Күдеріден бау тағып, Ақ кірекук киер ме екенбіз! Жағасы алтын, жеңі жез, Шығыршығы торғай көз Сауыт киер ме екенбіз!»

Қазақтың батырлар жыры: Қобыланды, Алпамыс, Ер Тарғын, Ер Сайын, Қамбар дастандары- тарих шындығымен қабысып жатқан шығармалар. Қазақтың әлеуметтік – тұрмыстық дастандары да (Қозы Көрпеш-Баян сұлу, Қыз-Жібек т.б.) феодалдық-рулық қоғамның өмірін үлкен шеберлікпен көрсетеді. Бұл кездегі Қазақ хандығының мемлекеттік құрылысы мен халық өмірінің ерекше жағдайларын өзіндік өзгешелігімен қамтитын қоғамдық уклад «билер сөзі», «билер айтысы», «билер дауы», «төрелік айту», «шешендік сөздер» деп аталатын көркемдік мәдениеттің бірегей түрін туғызды. Әдебиеттің бұл түрін шығарушылар негізінен ХV-ХVIII ғасырларда қазақ қоғамында сот ісін жүргізумен айналысатын билер болатын.

Олар тек сот ісін жүргізумен ғана айналысқан жоқ. Билер хан кеңесінің мүшелері болып, мемлекеттік істерге белсене араласты. Сонымен бірге атақты билер тайпалар мен рулардың басшылары болып, ел басқарды, жиындарда солардың атынан сөз сөйлеп, айтыс-тартыстар кезінде олардың мүдделерін қорғады. XVI-XVIII ғасырлардағы би-шешендер арасында мемлекеттік және қоғамдық қызметінің маңыздылығы, шешендік өнерінің күшімен поэтикалық шеберлігі жағынан Төле би Әлібекұлы (1663-1756 ж,), Қазыбек Келдібекұлы (1665-1765 ж.) және Әйтеке Байбекұлы (1682-1766 ж.) ерекше орын алды.

Олар тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар Ресейде, Хиуада, Жоңғария мен Қытай империясында танымал болған. Қазақтың атақты билері поэтикалық таланты зор және суырып салма айту мен шешендік сөз арқылы өзара айтыстың тамаша шеберлері болған. Би-шешендердің әдеби шығармашылығы түрі жөнінде, мазмұны жөнінен де ерекше, прозаны поэзиямен ұштастырып отырған. Олардың поэтикалық туындылар жанры, тақырыбы және жасалу себебі жағынан да алуан түрлі болып келген. Сондай-ақ би-шешендер әдебиетінің тақырыбы да өте кең, ал олар қозғайтын проблемалар қоғамдық жағынан да маңызды орын алды.

Олар: әділеттік-озбырлық, достық-жаулық, ізгілік-зұлымдық, ұжымдық-бытыраңқылық, ақылдылық-топастық, батырлық-қорқақтық және тағы басқалары. Қазақ халқының ойын-сауық, той-думаны музыкасыз өтпеген. Қазақтар да түрлі музыкалық аспаптар жасай білген. Олар музыка аспабына қосылып ән салып қана қоймай, түрлі аспаптарда музыкалық шығармаларды орындаған. Сонымен қатар дабыл, керней, ұран, дауылпаз сияқты музыкалық аспаптар жау шапқанда елге хабар беруде пайдаланылған.

Музыка аспаптарын ағаштың қайың, шырша, емен сияқты түрлерінен жасаған. Аспап жасауда қамыс, саз балшық, мал терісі мен сүйегі, мүйізі, қылы да пайдаланылған. Қазақ халқының өмірінде музыка айрықша орынға ие болды. Ш.Уәлихановтың досы Г.Н.Потанин «Бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді» десе, ұлы Абай :

«Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең», -дейді.

 

Рейтинг
( Пока оценок нет )
Осы жазба ұнады ма? Достарыңызбен бөлісіңіз: