Қазақ батырлары

Көшпелі мал шаруашылығы

Қазақ батырлары

Қанжығалы Бөгенбай (1680 — 1778)- Абылай хан тұсындағы батыр, атақты қолбасшы. Қазақ жауынгерлері арасында зор беделге ие болған, сондықтан оны халық Қанжығалы Бөгенбай деп атап кеткен. Сырдария өзенінің жағасында дүниеге келіпті Оның атасы — Әлдекүн, әкесі Ақша қанжығалы руы ішінде белгілі адамдар болған. Әз Тәуке хан оның әкесіне 80 мың сарбаздан тұратын әскерге қолбасшы болуды сеніп тапсырған. Ол сонымен қатар өнерлі адам болған. Ұсталық өнермен айналысып, соғыс қару-жарақтарын жасаған. Бойында ақындық, айтыскерлік өнері де болған.

Әкесінің өнері баласына дарыған. Бала кезінен қазақ даласының шешендік өнерін бойына сіңіріп өскен ол жігіт шағында ауылдарға барып, ру арасындағы дауларды шешіп, билердің құрылтайларына қатысқан. Өзіне жақын адамдардан топ құрып, кейін елде «Қанжығалының қырық батыры» деп аталып кеткен. Батырлығы мен қолбасшылық дарыны арқасында Бөгенбай үлкен құрметке бөленіп, ерлігі ел аузында аңызға айналып кетті. Бөгенбайдың қалмақтармен және қытай өскерлерімен болған қиян-кескі шайқастарда көрсеткен қайраты сол кездегі жорық жырауларының толғауларында мәңгі өшпес өлең тілімен өрнектеліп қалды.

Ол әрі шешен, әрі батыр, қолбасшы және қазақ халқын жоңғар басқыншыларынан азат ету жолындағы азаттық күресті аса көрнекті ұйымдастырушы. 1710 жылы жоңғар шапқыншылығына қалай төтеп беру мәселелерін талқылаған Қарақұм маңында жиын болды. Сондай-ақ, Қытай мен қазақ елдерінің бейбіт қарым-қатынасын орнатуына зор үлес қоса білген.

Қабанбай батыр (1692 — 1770)- Қаракерей Қабанбай, Дарабоз — батыр, талантты қолбасшы. Азан шақырып қойылған есімі — Ерасыл. Ол 1692 ж. қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданындағы Барлық тауында өмірге келіп, 1770 ж. сонда дүние салған. Қабанбай Найман ішіндегі Қаракерей руының Байжігіт тармағынан. Жастайынан жаугершілік пен шапқыншылықтың зардабын көріп өскен Ерасыл бүкіл еліне, жұртына төнген зұлматтың қандай екенін, бойына сіңіріп, сезініп өскен қазақ ұлдарының бірі. Кейбір мәліметтерде Арқада туып, Арқадағы Есіл мен Нұра ортасындағы Қабанбайдың Үшбұлағы аталатын жерде дүниеден өткен деседі. Ал сүйегі Үшбұлақтан 3 шақырым жерде «Найман қорым» аталатын қырдың үстінде. Батырдың өмірбаянына қатысты тарихи деректерді Амангелді Төлемісов жинақтап, өз баяндамасында қалың қауымға ұсынды. «Ту көтеріп, ел қорғаған сүйікті батырына халық Ерасыл, Нарбала, Ізбасар, Қабанбай, Хан батыр, Дарабоз, Көкірек әулие деген ат-есімдер берген», – дейді тарихшы.

Жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте аянбай шайқасып, ерен ерлік көрсете білген қазақтың атақты қолбасшы батыры. Қабанбай батыр жоңғарлармен болған шайқастарда 1724 жылы Түркістанды қорғауға, 1725 жылы Алакөл, 1729-1730 жылдары Аңырақай, Бұланты түбіндегі ұрыстарда қазақ жасақтарын басқарған. Осындай ірі шайқастарда Қабанбай өзін тамаша тапқыр, асқан айлакер ретінде көрсете жүріп, қазақ жасақтарын ұрысқа бастап, жеңіске жетеді. Осыған орай, Абылай хан Қабанбай батырды елден ерекше «Дарабоз» деп ардақ тұтқан.

Наурызбай батыр (1706 — 1781)- Құттымбетұлы Наурызбай 1706 жылы Жетісу жерінде, Алатаудың баурайында дүниеге келген. Бұл кезде Ӏле, Талас, Алатау мен Қаратау аралығындағы қазақ пен қырғыз жоңғарларға тәуелді еді. Батырдың көзін ашқаннан естігені батырлар тұралы жырлар, аңыз әңгімелер болып, теңдессіз бай рухани ортада өсті. Екінші жағынан елге үстемдігін жүргізген басқыншы жаудың зорлығы мен зомбылығын да көрді.

Мұның өзі жүрегінде оты бар жасты туған елін, атамекенін жаудан азат ету тұралы арманға жетеледі, батыр болуға құлшындырды. Наурызбай батырдың өмірі тұралы бүгінгі күнгі деректерде Шапырашты Наурызбай, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай бабаларымыз Абылай хан айналасындағы бас батырлар қатарында бағаланады. Бұқар жырау осы үш тұлғаның жанындағы мынадай ірі батырларды атайды: Шақшақұлы Жәнібек, Сіргелі Қара Тілеуке, Қарақалпақ Қылышбек, Текеден шыққан Сатай мен Бөлек, Қаумен, Дәулет, Жәпек, Сеңкібай, Шойбек, Таңсыққожа, Мәмбет, Молдабай, Есенқұл және басқалар.

Әдеби-тарихи деректер мен ел есінде сақталған аңыз-әңгімелер Наурызбай батырдың бүкіл халықтың ықыласына бөленіп, мақтанышқа айналуы 1727-1731 жылдардың шамасы екендігіне мензейді. Қазақ халқының жоңғар басқыншыларына қатарынан бірнеше рет қатты соққы беріп, ақыры үлкен жеңіске жетуі осы уақытқа сәйкес келеді. Алатау етегінде жоңғарлардың Шамалған, Қаскелең, Боралдай секілді атышулы батырлары өлім табатын сұрапыл шайқастарда Наурызбай бабамыз ересен ерлік көрсетеді. Қозыбасыда қалың қол бастап, бас батыр атағына ие болады.

Жоңғарларға қарсы күресті ұйымдастырушы ұлы қолбасшы. Аңырақай шайқасына қатысып, жиырма үш жасында белгілі қалмақ батырлары Шамал хан мен Қаскелеңді жекпе-жекте жеңіп, батыр атанған.

Райымбек Түкеұлы (1705- 1785)- батыр, қолбасшы. Ұлы жүз Албан ішіндегі Алжан руының сырымбет тармағынан.

Атасы Хангелді батыр 18 ғ-дың 1-жартысында жоңғарларға қарсы күресте аты шығып, 1733 ж. Төле, Қодар билер, Сатай, Бөлек батырлармен бірге Ұлы жүз қазақтары атынан орыс патшайымы Анна Иоановнаға елші жіберген. Райымбек 17 жасында жоңғар басқыншыларына қарсы күресте ерлік көрсетіп, батыр атанды. Қалмақтың Бадам, Қорын, Ағанас, Секер, т.б. хан, ноян, батырларын жекпе-жекте жеңіп, Қаратау өңірі мен Жетісуды жаудан азат етуге басшылық жасағандардың бірі болған. Торайғыр және Сөгеті таулары аралығындағы “Ойрантөбе” деген жерде өткен шайқаста ерекше көзге түсті. 1733 ж.

 Бөлек батырмен бірге жоңғарға елші болып барған. Райымбектің ерекше еңбегін оның есімі албан тайпасының ұранына айналғанынан да білуге болады. Көзі тірісінде “көріпкел”, “әулие” атанған. Ол Алматы алқабында Шілік, Жалаңаш өңірінде тоған қаздырып, су шығартып, егін ектірген. Жазушы Ж.Тұрлыбайұлы роман, ақын М.Мақатаев “Райымбек, Райымбек” атты поэма жазған. Алматы облысында Райымбек есімімен аталатын жер-су аттары көп кездеседі. Торайғыр тауындағы Айырлы асуының маңында “Райымбек бастауы” бар. Алматы облысының Нарынқол, Кеген аудандары бірігіп, қазірде Райымбек атымен аталады, онда батырға ескерткіш орнатылған. Батырдың бейіті Алматы қ-ндағы оның есімімен аталатын үлкен даңғылдың бойында. Бейітінің басына кесене — күмбез тұрғызылған. 1990 ж. “Райымбек” тарихи-этногр. қоғамы құрылды.

Жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте отыз жылдан астам уақыт қанды қырғын арасында жаумен жағаласып, ел қорғаған тарихи тұлғалардың бірі. Райымбек батыр Торайғыр мен Сөгеті тауының аралығындағы Көкпекті жазығында болған «Ойрантөбе» шайқасында асқан ерліктің үлгісін көрсете білген. Райымбек батырдың бұдан кейінгі үлкен жорығы Орта Жүз еліне көмекке баруы еді. Осы жорық барысында оның қолы жоңғарлардан Сарытау және Үйгентасты азат етуге атсалысып, Іле өзенін бойлаған күйі Қорғаспен бері қайтады.

Қарасай Алтынайұлы (1589-1671) — қазақтың қаһарман батыры, әйгілі қолбасшысы, есімі шапырашты руының ұранына айналған аса көрнекті тарихи тұлға. Қарасай батыр Алматы облысының Жамбыл ауданына қарасты Суықтөбе тауының етегінде Қарасаз деген жерде дүниеге келіп, Арқа жерінде Көкшетау үшін болған шайқаста ауыр жараланып дүние салған. Топырақ Көкшетау алабындағы Айыртау сілемінің Құлшынбай деп аталатын төбесінен бұйырған. Қасына өзінің қанды көйлек досы арғын Ағынтай батыр жерленген.

Қос арыс — шапырашты Қарасай мен арғын Ағынтай батырға және олармен бірге қанды шайқаста қаза болған сарбаздарға қос күмбезді кесене орнатылған (1999). Қарасай батырдың шыққан тегі ұлы жүз шапырашты. Шежіре дерегі бойынша, Шапырашты Шам (Ыстық), одан Малды, Желді, Қалды есімді үш ұл туады. Малдыдан Екей, Еміл, Емілден Жайық пен Есқожа туады. Есқожадан Алысай, Алтынай, Шуаш есімді үш ұл туған. Алтынайдың үшінші әйелінен Қарасай батыр туған. Сөз орайында айта кеткен жөн, Қазақстан Республикасыныңтұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев осы Қарасай батырдың тікелей ұрпағы. Атап айтқанда Қарасайдан Көшек, одан Айдар, одан Мырзатай, одан Кенбаба, одан Еділ, одан Сапақай, одан Назарбай, одан Әбіш, одан Нұрсұлтан туады.

Кейбір деректерге қарағанда, ол жыл бойы ат үстінен түспей, екі жүздей ұрыстарға қатысып, қырық тоғыз ірі шайқастарды басқарған және он тоғыз рет жекпе-жек шайқаста жеңіске жеткен қолбасшы. Іле Алатауының маңындағы бір шайқаста «Қарасай» деп ұрандаған қазақ жасақтары жауды ойсырата жеңді. Суықтөбе шоқысына Қарасай елінің туы – бөрілі байрақ тігіледі. Бұл жеңістен соң Қарасай бүкіл шапырашты елінің ұранына айналды.

Рейтинг
( Пока оценок нет )
Осы жазба ұнады ма? Достарыңызбен бөлісіңіз: