Билер. Билер кеңесі

Көшпелі мал шаруашылығы

Билер. Билер кеңесі

Билер кеңесі қазақ елінің ішкі және сыртқы саясатына қатысты мәселелерді шешуде үлкен қызмет атқарды. Билер шешіміне хан қарсылық көрсетпеді, яғни мемлекеттік биліктің басым бөлігі халықтың қолында болды. Тәуке ханның тұсында “Билер кеңесінің” құрамына атақты Төле би, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке, Досай, Едіге, Сырымбет, Қабек, Даба, Есейхан, Жалған, Ескелді, Сасық би, Байдалы, Тайкелтір, Қоқым сияқты дарынды қайраткерлер енді. /Билер/

Билер кеңесінің билік ауқымы зор болған. Бұл органның шешімі негізінде ғана Тәуке хан мемлекеттік мәселелерді шешуге құқықты болған және билер кеңесі қабылдаған заңдар мен шешімдерді жүзеге асырып отырған.

Сонымен қатар «Билер кеңесі» хандық билікті шектеу құқығына ие болған. Билер кеңесі соттық билікті де атқарған. Халықтың дәстүрлі менталитетінде билердің қоғамдағы мәртебесін анықтайтын қағидалар көп сақталған. Мысалға, «Атаның баласы болма, адамның баласы бол», «Туғанына бұрғаны – биді құдай ұрғаны», «Таста тамыр жоқ, биде бауыр жоқ», «Тіл жүйрік емес, шын жүйрік» т.б. Бидің үкімі ру, аймақ атынан емес, тәуелсіз би атынан шығарылды. Атақты Әйтеке би ұрпақтарына мынадай өсиет қалдырды: «Менің өмірім өзгенікі, өлімім өзімдікі». Туа біткен даналық мен шешендікті иеленген билердің өмірлік тәжірибесі де мол болды. 1820 жылы орыс және европалық құқық нормаларымен жетік таныс Д. Самоквасов қазақтардың құқық жүйесін зерттей келе, қазақ билері халқының салт-дәстүрі мен өткен тарихын да жақсы білетіндігі туралы жазған. «Биі жақсының елі жақсы», «Батыр елін жауға бермейді, би елін дауға бермейді» деген нақыл сөздер қазақ билерінің дипломат қызметін атқарғанын да көрсетеді. Билер шешен болған. Атап айтсақ, халық Қазыбек биді «ағын судай әйгілі шешен» деп мақтан тұтқан. Сөйтіп, Тәуке хан ел билеуде атақты қазақ билеріне арқа сүйеп, олардың қазақ қоғамындағы орны мен рөлін көтерді.

Билер кеңесі мерзімді түрде Сырдарияның бойында орналасқан Әңгірен, Түркістан мен Сайрам жеріне орналасқан Битөбе, Мәртөбеде шақырылған. Жыл сайын Ташкентқаласының маңындағы Күлтөбеде үш жүз өкілдерінің басын қосқан жиналысын өткізіп тұрған. Бұл халық арасында «Күлтөбенің басында күнде кеңес» деп аталды.

Тәуке хан қазақтың жыраулары мен шешендерінің және шежірешілерінің басын қосып, қазақтың мақал-мәтел, шежірне, аңыз-жырларын жинаған. Сонымен қатар қазақ халқы арасында бұрыннан қолданылып келген ру-тайпалардың ұрандары мен таңбаларын қайта анықтап белгілеген. Бұл тарихта Орта Азияда өмір сүрген көшпелі хандықтарда болып келген салт еді. Жаңадан таққа отырған хан өзіне қарасты тайпалардың таңбасын белгілеп беріп отырған. Бұл көшпелі тайпалар арасында хандық өкімет билігін күшейтудің дәстүрлі шараларының бірі еді.

Тәуке хан өзінен бұрынғы хандар тұсында ішкі тартыс салдарынан ыдырай бастаған үш жүздің басын қосты, жеке-жеке ұлыстарды билеген сұлтандардың бөлектенуіне тежеу салып, Қазақ хандығының ішкі бірлігін бекемдеуге барлық шараларды қолданып, оны едәуір күшейтті. Бұл тұста едәуір қырғыз тайпалары мен қарақалпақ тайпалары Тәуке ханның қарауында болды. Тәуке қырғыздарды олардың өз биі Қоқым Қарашор арқылы, қарақалпақтарды олардың Сасық биі арқылы басқарып отырған. Бұл іс жүзінде жоңғарлардың шабуылынан қорғануды негіз еткен қазақ, қырғыз және қарақалпақ халықтарының әскери-саяси одағы еді.

Рейтинг
( Пока оценок нет )
Осы жазба ұнады ма? Достарыңызбен бөлісіңіз: