9 мамыр Ұлы Жеңіс күніне арналған ашық оқу іс – әрекетінің сценарийі. «Бабалар ерлігі мәңгі есімізде» | Тәрбие сағаты

Алматы облысы, Қарасай ауданы,
Шалқар ауылы «Нұр Отау «Әсем Ай» балабақшасы» ЖШС
Тәрбиеші: Нурекенова Дариха Сарсеновна

9 мамыр Ұлы Жеңіс күніне арналған ашық оқу іс – әрекетінің сценарийі.
Бабалар ерлігі мәңгі есімізде
Ашық оқу іс – әрекетінің мақсаты: «Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» деген қағиданы ұстана отырып, жас ұрпақты тарихымызды тереңнен тануға баулу. Оқушылардың Отан тарихына деген сүйіспеншіліктерін арттыру, жеңіс салтанатын көре алмай кеткен боздақтардың ерлік істеріне тағзым етуге, өз халқымыздың тарихын құрметтей білуге, дүние жүзіндегі басқа ұлт өкілдерінің достығын нығайтуға тәрбиелеу.
Ашық оқу іс – әрекеті мына көрініс арқылы ашылады: (Күй ойнап тұрады). Жаздың жаймашуақ күні. Әңгіме – дүкен құрып жүрген құрбы қыздар және көңіл көтеріп ән айтып отырған жігіттер бейнеленеді. Жастар өзінің болашақтарына арман құрып жүрген сәт.(Осындай бақытты сәтті радиодан тараған суық хабар бұзып жібереді).
Радио: (Дариха) Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар! Кеше біздің ұлан байтақ жерімізге неміс фашистері тұтқиылдан басып кірді… (жастардың үрейі ұшып, жүгіргендері бейнеленеді).

1-жүргізуші: (Лаура) Қайырлы күн, құрметті ұстаздар, қонақтар мен тәрбиешілер! ХХ ғасырдағы ең бір қанды қасірет соғыс еді. Себебі, оған әлем халықтарының 80 пайызы қатысты. Сондай – ақ, майдан баталиясына 61 мемлекет тартылды, 40 елдің жерін соғыс өрті шарпыды, 100 миллион адам қолына қару алды. Олардың арасында көп ұлтты Кеңес Одағы деген алып ел бар еді.

2-жүргізуші: (Дариха) Бүгінгі мерекелік шара Ұлы Отан соғысында құрбан болған аталарымыз бен әкелеріміздің, мәңгі жас болып, жадымызда сақталған жауынгерлер мен офицерлер рухына, бейбіт кезеңде дүниеден өткен ардагерлерге, бүгінде ортамызда жүрген Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің құрметіне арналады.

1-жүргізуші: Осындай бақытты күнді елі мен жері үшін арыстандай алысқан жеңімпаз жауынгерлер біз үшін, келер ұрпақ үшін сыйлады. Ортаға жас Ұландарымыды қарса алыңыздар. (Балалармен бірге залға өлеңмен кіріп келеді). Сондықтан да, бұл күні барлығымыз Отан үшін мерт болған қаһармандардың ерлік рухына бас иіп, көзі тірі ардагерлерге құрмет көрсетейік. (Балалар бастарын иіп құрмет көрсетіп орындарына отырады.)

1-жүргізуші: Жеңіс деген шат күлкісі баланың,
Тыныштығы жер мен жаһан даланың.
Жеңіс деген сылдыр күлкі, асқақ ән,
Тыныштығың сол Жеңістен басталған,- дегендей Ұлы Отан соғысын жырға қосқан ақындарымыз да кем емес. Ендеше келесі жыр шумақтарын қабыл алыңыздар!

ӨЛЕҢ
Айзере: Елге қауіп төнбесін,
Егестен адам өлмесін!
Есен – аман болайық,
Енді соғыс болмасын!
Өртенбесін туған ел!
Шайқалмасын асқар бел!
Шайқалмасын шалқар көл!
Мейірім: Әлем бізді ұққан күн
Жауды ініне тыққан күн
Батыр атам алдынан
Әжем күліп шыққан күн
Камила: Елін жерін сүйетін
Ертеңі үшін күйетін
Рухы биік ұланбыз
Болашаққа сенетін!

2-жүргізуші: Осындай Ұлы Жеңіске қол жеткізуге көмектескен батырларымыздың ұрпақтары сол жандардың арқасында бейбіт өмір кешуде. Олай болса, қарсы алыңыздар, сіздердің алдарыңызда «Ел қорғауға әзірміз» әнімен ортаға шақырамыз. (Балалар орындарынан тұрып өлеңді орындайды).

1-жүргізуші: Екінші дүниежүзілік соғыста Шығыс халықтарының қыздарынан Батыр атағын алған екі – ақ қыз бар екен. Бұлар қазақтың Мәншүгі мен Әлиясы. Атағына бүкіл шығыс халқы ортақтасқан, қазақтың атын шығарған аяулы қыздарымыз.

2-жүргізуші: Ендеше туған өлкеміздің төл перзенті Әлия Молдағұлова жайындағы фильмді барлығымыз бірге тамашалайық.
ФИЛЬМ

1-жүргізуші:
Ұлы жеңіс
Шүйінші, халқым, шүйінші!
Шүйіншіге сүйінші!
Шаттан, ата – анамыз,
Шаттан, аға – бабамыз,
Кек қайтарып фашистен,
Соғыс бітті жеңіспен,
Жеңдік жауды күресте
Жасалсын той – мереке,- деп Таир Жароков айтпақшы міне, Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына 71 жыл өтті. Бұл сол кездегі кеңес халқының ержүректілігі мен төзімділіктерін паш ететін, тарихта мәңгілік қалатын күн.

2-жүргізуші:
Міне, осынау елімізге лаң салған алапаттың жеңіспен аяқталғанына да 71 жыл толды. Ешкім де, ешқашан да ұмытылмақ емес. Балалардың тақпақтарына кезек береміз.
Аманжол: Елін жерін сүйетін
Ертеңі үшін күйетін
Рухы биік ұланбыз
Болашаққа сенетін!
Бәрі бірге: Ардагерлерге мың тағзым!
Амина: Ақ көгершін, көгершін,
Қолғанат құс сен едің.
Бар, кезіп қайт ел үшін,
Кең дүниенің көлемін.
Әділеттің құсы деп,
Көз алмастан жолыңнан.
Бақыт болып қоншы деп,
Ұшырамын қолымнан.
Бәрі бірге: Жеңістің туы мәңгі желбіресін!

1-жүргізуші:
Отанымызды сүйіп, қастерлей білейік. Ата – баба дәстүрін, әдет – ғұрпын берік ұстанып, үлкенге ізетті, кішіге ілтипатты болайық. Оңайлықпен келмеген тәуелсіздігіміздің туы мәңгілік желбіреп тұрсын.

2-жүргізуші:
Ел – жұртымыз аман, берекелі заман болсын! Отанымызды сүйетін азаматтарымыз көбейе берсін!

Толық нұсқасын жүктеу


9 мамыр Ұлы Жеңіс күніне арналған сценарийі бабалар ерлігі мәңгі есімізде

© Дереккөзі

Рейтинг
( No ratings yet )
Осы жазба ұнады ма? Достарыңызбен бөлісіңіз:
Бәрі бар