Оркестр және оның түрлері. Музыкалық аспаптар. Ансамбль. | Qazbrand.info

Оркестр–музыкалық шығарманы әр түрлі аспаптарда қосылып орындайтын музыканттар коллективі (ұжымы). Оның құрамына ішекті, ағаш және жез, сондай-ақ, соқпалы музыкалық аспаптар кіреді. Оркестрдің бұдан басқа ішекті аспаптар оркестрі, үрлемелі аспаптар оркестрі, камералық оркестр деп аталатын түрлері бар. Оркестрді орындаушы коллективтің өзіндік ерекшеліктеріне орай әскери оркестр, эстрадалық оркестр т.б. болып бөлінеді. Ұлт аспаптар оркестрінің сан алуан түрі бар–оның ішінде Қазақстанда атағы шыққан Құрманғазы атындағы ұлт аспаптары оркестрі, «Отырар сазы» т.б. Оркестрдің жоғарғы формасы– симфониялық оркестр.

Симфониялық оркестрдің пайда болуы ХVІ-ХVІІ ғасырларға саяды. ХVІІІ ғасырдың аяғында симфониялық оркестрдің классикалық түрі қалыптасты. Оның ХІХ ғасырда қанат жаюы үлкен симфониялық оркестрдің пайда болумен байланысты. ХVІІ ғасырға дейін ансамбльдер тек белгілі бір оқиғаға аспаптардың барлық түрі болды. Оркестрдің қазіргі заман түсінігінде пайда болу негізінен гомофондық музыканың жаңа жанрлары опера, ораторияның шығуына байланысты. Оркестр сүйемелдеуші ролін атқарды.

Оркестрдің даму көптеген әлеуметтік және көркемдік факторлармен байланысты. Бірінші –жаңа аспаптардың пайда болуы, ескірген түрлерінің қолданылмауы немесе жаңартылуы (реконструкция). Екінші фактор–оркестрдің орындаушылығының даму, аспаптардың орналасуын өзгерту, оркестрді басқару өнерінің даму т.б. Үшінші фактор–композиторлардың оркестрге арнаған шығармаларының мазмұндық, көркемдік сипатының дамуы. Оркестрдің тарихын жалпы үш кезеңге бөлуге болады. Бірінші кезең –1600-1750-ші жылдары, екінші кезің – ХVІІІ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басы, үшінші кезең – оркестрдің ХХ ғасырдағы сипаты.

ХVІ-ХVІІ ғасырлар арасында шыққан гомофонды-полифониялық стильдің оркестрінің (Бах, Гендель шығармашылығы) негізгі ерекшелігі – бас дауысы орындайтын аспаптардың болуы–олар орган, чембало, лютня, арфа аспаптары. ХVІІ ғасырдың бірінші жартысында оркестр құрамы тұрақты болмады. Лютня, виола орнына скрипка аспабы келді. Фагот, гобой аспаптары шықты, дауысының күштілігіне байланысты флейта т.б. аспаптар қолданыла бастады. Бұл процесс ХVІІІ ғасырға дейін созылды. Ал ХVІІІ ғасырдың бірінші жартысынада оркестрдің түрлері музыканың қоғамдық функциясына байланысты шіркеулік, опералық, камералық болып бөлінеді.

Оркестрдің құрамы орындайтын жеріне байланысты (опера театыры немесе маскарад, фейерверк кезінде ашық ауада) өзгеріп отырды. ХVІІІ ғасырдың екінші жартысы ХХ ғасырдың басында оркестр аппараты гомофондық-гармониялық стильге байланысты вертикаль бойынша құрылды. Бетховеннің симфониялық шығармашылығында оркестрдің классикалық немесе Бетховендік түрі толық қалыптасты: шекті аспаптар, үрмелі ағаш аспаптардың қосарланған құрамы (2 флейта, 2 габой, 2 фагот т.б.).Тоғызыншы симфониясында (1824 ж) Бетховен үлкен симфониялық оркестрдің түрін алғаш рет қолданды.

Романтизм дәуірі оркестрдің дамуының тағы бір белесі болып табылады. Романтик—композиторлар оркестрдің тембрлік байлығын дамытуды іздестірді. Р.Вагнер оркестрдің үш-төрт еселенген құрамын пайдаланды. Орыс композиторы Н.Римский-Корсаков, П.И.Чайковский оркестрдің бай мүмкіншілігін олдан әрі дамытты. Малер, Стравинский, Скрябин оркестрдің аса ұлғайтылған түрін қолданды (Сверх оркестр). Малердің 8 симфониясында хордың бірнеше түрі, солистердің қатысумен 5 еселенген оркестр қолданылған.

Музыкалық аспаптар белгілі бір халыққа (ұлтқа) тән әрі өзіндік ерекшелігі болады. Музыкалық аспаптардың дамуы адамзат қоғамының, оның мәдениетінің музыкасының орындаушылық өнерінің өркендеу жолымен тығыз байланысты. Музыкалық аспаптар халық арасына кең тарағанда, бір қартары біртіндеп жойылып, олардың орнына жаңа аспаптар пайда болған. Осы кездегі симфониялық оркестрде қолданылып жүрген скрипка, флейта, гобой, кларнет, валторна, арфа, фортепьяно т.б. ертеден келе жатқан аспаптар. ХХ ғасырдағы оркестрлерге соқпалы аспаптар қолданылған–барабан, бубен, тарелкалар, үшбұрыштар (треугольники), кастаньета, челеста т.б. сияқты аспаптар, сонымен қатар там-там, қоңырау, электро аспаптар қосылды.

Ал оркестрдегі ішекті аспаптар тобының құрамында виола мен лютня жоқ, жаңа түрінің (скрипка, альт, виолончель, контрабастан тұратын) қалыптасуы ХVІІ ғасырдағы оркестрдің аса үлкен жетістігі болды. Оркестр мен аспаптық ансамбльдің арасында өзіндік айырмашылық бар. Ансамбльде әрбір партияны жеке музыкант орындайтын болса., оркестрде бір партияның өзін бірнеше бір текті аспаптар қосылып орындайды. Ансамбль–француз тілінде бірлесу, үласу деген мағынаны береді. Музыкада екі немесе одан да көп музыканттардың (әншілер немесе музыка аспаптарында орындаушылардың ) музыкалық шығарманы қосылып орындауын және сол орындалған музыканың бірдей ұласып, әдемі мәнерлі болып шығуын ансамбль деп аталды. Ансамбльге хор мен оркестрге кіреді. Ансамбльде орындалатын шығармалардың үндестігі өте үйлесімді болуды талап етеді.

© Дереккөзі

Рейтинг
( No ratings yet )
Осы жазба ұнады ма? Достарыңызбен бөлісіңіз:
Бәрі бар