Мектептегі дене тәрбиесін гигиеналық тұрғыдан қамтамасыз ету

Дене шынықтыру сабағы-мектептегі дене тәрбиесінің негізгі түрі                                                                                                                               

Мектеп бағдарламасы бойынша барлық кластарда аптасына екі сағаттан сабақ өткізіледі. Дене шынықтыру сабақтарын парлап өткізу дұрыс деп саналмайды. Тек шаңғымен жаттығу сабақтарында ғана солай етуге болады.

Дене шынықтыру сабақтары оқушыларды ой жұмысынан дене жұмысына ауыстырады, әрі олардың жұмысқа қабілеттілігін қалпына келтірудің жақсы құралы қызметін атқарады. Дене шынықтыру сабақтарын ең жақсысы оқу күнінің орта тұсына қойған жөн.

Дене шынықтыру сабақтарында сауықтыру білім беру және тәрбие міндеттері шешілуге тиіс. Сабақтың жалпы қабылданған жүйесі үш бөлімнен; кіріспе, негізгі және қорытындыдан тұрады.

Сабақтың кіріспе бөлімі 

(5-7 минут) дене шынықтыру сабағына оқушыларды ұйымдастыруды, барлық органдар мен жүйелердің қызметін күшейтуді мақсат етеді. Сабақтың бұл бөлімінде сабақтың негізгі бөліміне дайындайтын сап түзеп жүру, жүгіру, секіру жаттығулары жүргізіледі.

Сабақтың негізгі бөлімі

(35-40минут) жылдамдық, күштілік, шыдамдылық, ептілік тәрізді негізгі дене қимыл сапаларын жасау және дамыту үшін қызмет етеді, қимыл-қозғалыс икемділіктері мен дағдыларын қалыптастырады. Сабақтың негізгі бөлімінде істелетін нәрселер-жүру, жүгіру, секіру, өрмелеу, лақтыру, гимнастикалық аспаптарда жаттығу, қозғалысты және спорттық  ойындар. Сабақтың негізгі бөлімінде таңертеңгі гимнастика мен дене шынықтыру үзілістеріне арналған жаттығуларды үйретуге де болады.

Сабақтың қорытынды бөлімі

(3-5 минут) организмді біршама тыныш күйге түсіру үшін және сабақтың нәтижесін қорытындылау үшін қолданылады.

Сабақта денеге түсетін күштің шамасы жаттығулардың сипатына, олардың орындалу қарқынына, қайталау санына,  жаттығулар арасындағы үзілістердің мөлшеріне т.б. тәуелді. Бір мезгілде көптеген  бұлшық ет топтары қатысатын жаттығулар мәселен  отыру, секіру,шаңғымен жүру және т.б. жаттығулар денеге көп күш түсіреді.

Көп күш түсіретін және орындалуы жағынан күрделі болып келетін жаттығулар сабақтың орта кезінде жүргізіледі, өйткені сабақтың барысында оқушы қиын жаттығулар орындауға дайындалып үлгермейді де, сабақтың соңында шаршаңқырап қалады. Төменгі кластағы жаттығулар оларды орындаған кезде әртүрлі бұлшық ет топтары қатысатындай өзгермелі болып келуі керек. Жаттығу кезінде өте-мөте оқушылардың мүсіні мен тыныс алуына көңіл бөлінеді.

Сабақ өткізгенде оқушылардың анатомиялық-физиологиялық, жыныстық, ерекшеліктері, олардың сабаққа дайындығы ескерілуі керек. Қыздар үшін күштілік, шыдамдылық, жылдамдық жаттығуларының нормасы азайтылады сондай-ақ салбырау, өрмелеу және тырмысу жаттығулары да азайтылып әлі толық кірігіп болмаған  жанбас сүйектері тайып кетпес үшін, қатты жерге секірту жаттығулары жүргізілмейді. Жоғары сыныптың қыздарымен сабақ жүргізгенде қарынның бұлшық еттерін жетілдіруге көмектесетін жаттығулар, би элементтері пайдаланатын көркем гимнастика түріндегі қимылдың ырғағы мен мәнерлілігіне арналған жаттығулар енгізілгені дұрыс.

Жас өспірімдердің өз күштері мен мүмкіншіліктерін артық бағалауға бейім тұратынын ескеріп, олардың денесіне түсетін күшті қатаң мөлшерлеу және көп күш талап ететін жаттығуларды бермеу керек,бұл организмнің өсуімен жүрек-қан тамыр сүйек және басқа жүйелерінің қызмет күйіне қолайсыз әсер етуі мүмкін.

Рейтинг
( Пока оценок нет )
Осы жазба ұнады ма? Достарыңызбен бөлісіңіз: