Арман Сәбитбекұлы – Танысым бар | Qazbrand.info

(әзіл-шыны аралас)
Танысым бар, келіңдер, танысыңдар,
Байлық жетсе жарасып табысыңдар.
Кедей болсаң қол созып, сәлем беріп,
Көмектес деп жақындап, жабысыңдар.

Салған үйі үш қабат зәулім сарай,
Ғажап екен, еріксіз бердім қарай.
Ала білген Алладан аңсағанын,
Дәл осындай мырзаны көрдім қалай?

Оған қарап өз басым тамсанамын,
Жұтып жүрген жігіт деп таң самалын.
Қызық , думан тойлары бола қалса,
Асаба боп сөз бастап, ән саламын.

Балалары шет елде оқып жатыр,
Бизнестің білімін шоқып жатыр.
Бір ауыз сөз қазақша білмесе де,
Басқа тілдің өрнегін тоқып жатыр.

– Бәйбішем мәз оранған бүлдесіне,
Шаң тигізбей жүремін үлдесіне.
Тоқалым бар тағы да уылжыған,-
Деп қысады ауаны кеудесіне…

Аң аулаймын сенбіде джипті мініп,
Салбурын, салдық құру – текті қылық.
Жексенбіде желпініп сауна барам,
Сумен ағып кетсін деп кешкі былық.

Апта сайын аптығып жүрем шауып,
Маңай толған дұшпандар, кілең қауіп.
Көре алмайтын кейбіреу көз алартып,
Көк есектің жүреді артын сауып.

Уақыт жоқ бауырым, сөйлесуге,
Жұмысым көп бітпейтін майда-шүйде…
Ұялы телефонын әуендетіп,
Танысым тамаша бір күй кешуде.

 

© Дереккөзі

Рейтинг
( 1 , average 2 from 5 )
Осы жазба ұнады ма? Достарыңызбен бөлісіңіз:
Бәрі бар