Арман Сәбитбекұлы – Атамен тәжікелесу | Qazbrand.info

Атамен тәжікелесу

Майдангер Ата,соғыста болдың қанқұйлы,
Шайқасқа түсіп,сұмдықты көрдің сан қилы.
Неліктен Ата,не үшін сонда боздақтар,
Аянбай шауып,ажалын тауып жан қиды?..

Қартайдыңдар-ау,қызығымен ебіл – себілдің,
«Ура!»- дан басқа кезінде Ата, не білдің?
Бір күнгі қызық шел болып көзді басқанда,
Мыңдаған күнге белгісіз ғана шегіндің.

Ал енді, міне,заманда тұрмыз неғайбіл,
Қалтырап тұрсыз,сізде де жоқ-ау еш айбын,
Ерлігі үшін елірген ерге, ертерек-
Бергені ме екен,құдіретті күшті құдайдың?

Ойлашы Ата,«Көгерді» бүгін көз неге?
Имансыз ұрпақ өсірдің сеніп өзгеге.
Мәңгүрттік басып,айрылып тілден немерең,
Салиқа-сара далада қалды сөз неге?

Ғасырды жаңа жасайды сенен туғандар,
Булығып бүгін асаудай болып тулаңдар.
Бас иіп бәрібір мүләйім күйге түсерсің,
Желбіремесе, жығылып қалған туың – Ар.

Түсінші Aта, ойымның шалқар – шамасын,
Мойындаймын ғой, дария-дархан данасың.
Тілегім жалғыз.Жалғасып ұрпақ жатқанда,
Шалдар да керек,шатастырмайтын санасын!

 

© Дереккөзі

Рейтинг
( No ratings yet )
Осы жазба ұнады ма? Достарыңызбен бөлісіңіз:
Бәрі бар