Өлең: Фариза Оңғарсынова (Оқырманға) | Qazbrand.info

Жыр-жайлау
жанымды арбаған,
жете алмай, жолда қарманам.
Исі-ай деп жусан, жалбыздың
жүректегі армандарды үздім,-
жырақтай береді алдағы ән…
Қайсың бар ерер, ал, маған?
Шатқалдарында жар-құздың,
ақпан жалында қар, мұздың
көлденең көзден қорғарсын.
Қыдыр ата боп қолдарсың –
жанымда жүрші, жалғызбын!

* * *
Адамның бұл өмірде құны бар ма,
құнсыздың керек емес мұңы жанға.
Көрсе де көрмеген боп тірісінде,
ие көп өлгеннен соң ұлыларға.
Жақын көп, жерлес де көп жоқтасуға –
жараған тірісінде шоқ шашуға –
Ұлыны ұр тоқпақтап, енді бүгін
досы едік, жолдас ек деп оттасуда.
Ұлының бар-ау демей жабығары,
жылары, тірісінде тарығары,
өлгесін абыройын қорек етіп,
есімін шапан қылып жамылады.
Тағдыр-ай ұлыларды жасқа көмер,
қажытар, ар аттамай аштан өлер.
Азабын өзі тартып тіршіліктің,
ол кешер рахатты басқа көрер.

* * *
Жер!
Үстің ылғи қылмыс пен жаза кілең,
менше, сенен дозақтың азабы кем.
Жылап келіп,
қойныңа жылап кетем,
сенде тозып мендегі ғажап ірең.
Жер – жаннат деп өткенмен балалық күн,
өмір мәнін жылдарға қарап ұқтым:
мен де Адам мен Хауаның қылмысынан
адам болып о баста жаралыппын.
Азап сепсе тірлікке әр тынысың,
қайдан жұмақ жасасын жарқын ісім,
ата-бабам айдалып келсе Жерге,
қылмысының жазасын тарту үшін.
Ендеше айып жансың деп бағар басын
мінеп-жонып тағу да адамға сын.
Жердің жұмақ болуы мүмкін емес
дозақты алмастыруға жаралғасын.
Тамыры ащы болғаны құрақ солса,
жоқтау бекер шындықты жылап сонша.
Менен пәктік күту де күлкілі жай
жаралғаным қылмыстан рас болса.
Бықсудасың, Жер атты жертөлеміз,
бекер сендегі өмірді сор көреміз.
Мен қылмыскер, сен – дозақ, мәңгілікке
екеуміз де осылай өртенеміз



© Дереккөзі

Рейтинг
( Пока оценок нет )
Осы жазба ұнады ма? Достарыңызбен бөлісіңіз: