Өлең: Фариза Оңғарсынова (Жанашырлар — жақсы аға жайсаңдарым) | Qazbrand.info

Жанашырлар — жақсы аға, жайсаңдарым,
Сендер барда асқақпын, қайсар жаным.
Арқа таңып сендерге, алдарыңда
ерке басып жүруге тайсалмадым.
Сендер барда — үкілеп мінгендеймін
жел ілеспес даланың ай саңлағын.
Сендер бар деп еркінсіп бұлаңдаймын,
жұрт шалқалап қарайтын шынардаймын.
Сендер бар деп жасқанбай Жер басамын,
жанарымнан көшеді тұман-қайғым.
Сендер теңіз шалқыған.
Шағаласын шарықтатпай көгінде тұрар ма айдын!
Сендерсіз бұл жалғанда
жоғалардай ізгілік, бүкіл мейірім,
Онда мен декөз түспес үтірдеймін.
Сендер айтқан жалғыз-ақ жақсы сөзден
жамау-жасқау көңілді бүтіндеймін.
Ал сендерден сол салқын қабақ көрсем,
Іштей налып, өзімді түтіп жеймін.
(Мен, әйтпесе, көк мылжың пенделердің
өсек-аяңдарына түкірмеймін).
Сендер барда
тілемеймін тағдырдың сыйын бөтен,
Көз тігемін сағымды қиырға кең.
Күншуақтың қадірі көлеңкеде
тоңбағанға әшейін бұйымға тең.
Пенделер бар күні үшін көлгірсіген,
ондайлардың достығы тиынға тең.
… Бұл өмірде жанашыр жақсыларсыз
жақсы болу адамға қиын да екен



© Дереккөзі

Рейтинг
( Пока оценок нет )
Осы жазба ұнады ма? Достарыңызбен бөлісіңіз: