Сүйе алмаймын —
сүйгім келіп тұрса да есім кетіп
(мейлің мені сол үшін кешірме түк),
болмағандай ештеңе барасың ғой,
аласұрып келесің несін жетіп?
Көрген жерден —
аймалайсың алқынып, құлап-талып,
есімді алып үздігіп, сыр ақтарып.
Ал мен болсам, шығарып салған сайын
тұрам қимай ұзатып, жылап қалып…
Еркелегім келеді —
рахаттан сонда сен қалғыр едің,
бірге атқызғым келеді таңды менің.
Қазір тағы кетеді-ау деген ойдан
мұздап қоя береді жан-жүрегім.
Содан, содан қаламын
бар жаныммен алдыңда ашыла алмай,
тілеп тұрып — мойныңа асыла алмай.
Жекеменшік аңсайды көңіл-сайқал,
содан барлық желігі басылардай.
Мен салқындау көрінсем —
жарқылдауға жанарға жақұт қонып,
сені күтіп шаршадым, уақыт соғып…
Несіне ендің қиындау тағдырыма
қайғы болып, жартылай бақыт болып
© Дереккөзі