Өлең: Жамбыл Жабаев (Тағы бітті жаңа күш) | Qazbrand.info

Жамбыл алсын домбыра,
Сал құлақты, Майтөбе,
Тоқсан үш жыл жолдассын,
Тоқсан үш жыл сырлассын,
Неше тоқсан өткізген —
Жасанды қартсын ертеде.
Ортадан алсаң Шыңғыс бар,
Қанды жорық тұрмыс бар,
Таяғы найза қолға ұстар,
Шанышқан адам кәуәбі *7
Елде қанша қылмыс бар?!
Өшікті неге хан-төре,
Е, Майтөбе, Майтөбе!
Болған кезде хан төбе
Болған кезде бай төбе,
Меңіреу едің сен неге?
Ашулы едім мен неге?
Көңіл беріп күлдірген,
Жылы жүзді қай төре!..
Өткен күнді жырласам,
Сүйінгендей нем бар ед?
Өзіңдей биік шың бар ед,
Арғы бетің ызғар ед,
Бергі бетің мұң, зар ед,
Ыйығыңда бай, манап,
Бауырың толған құлдар ед.
Құл атаған халықты —
Хандардың ханы қоқаны,
Император атағы,
Түйесін жұтқан түгімен
Батпақты судың наһаны —
Патша деген мұңдар ед.
Биік сенің басың деп,
Күнге тұрған жақын деп,
Сені ескерген кім бар ед?
Мені алып ақын деп,
Ел сүйетін жақын деп,
Мені ескерген кім бар ед?
Сол сияқты мұңды күн,
Желдей саулап өткенде,
Сенен ызғар кеткенде,
Менен мұң-зар кеткенде,
Сталиннің заманы
Ел қолына жеткенде,
Қуаныш, бақыт нөсерін
Тамылжытып төккенде,
Қара, мына Жамбылға,
Жыр төгеді алдында!
Бозбалалық күй берген,
Өмірден бөліп сый берген,
Күңгірт тартпас күн берген,
Алжаспайтын мый берген,
Алтынменен аптатып,
Күміспенен қақтатып,
Зәулім сарай үй берген.
Астыма жорға мінгізіп,
Үстіме торқа кигізіп,
Тәкаббар біткен шынардың
Басын маған игізіп,
Төбемді көкке тигізген;
Көп тілегін көреген,
Қынжылмайтын береген,
Бұл не деген бай заман!
Майтөбенің бауыры
Гүл-гүл тартып жайнаған,
Ел гүлінің бұлбұлы,
Жамбыл бүгін сайраған,
Мен көмілген құрыш ем,
Тапты мені нұр заман.
Сталиндей шебердің
Дүкенінде қайнаған.
Қайта соғып семсер ғып,
Алғыр тасқа қайраған.
Керегіне жапсын деп,
Ел жанына байлаған.
Алып халқым, анам ең,
Сені сүйген балаң ем,
Араласқан алпыс ұлт,
Құмы алтын, суы сүт,
Туын тіккен ырыс-құт,
Достығы берік жаңа жұрт
Ұйтқысы большевик,
Жүзге келген Жамбылды,
Советке мүше сайлаған.
Олай болса Жамбылға
Тағы бітті жаңа күш,
Сталиннің нұсқауы
Мойныма жүктеп біраз іс,
Анам үшін — ел үшін,
Колхоз, совхоз қалың ел,
Тоқсан үш жыл жүрген жер,
Ұсыныс етсең мен үшін,
Арнаның аузын ашайын,
Теңіз болып тасайын,
Құлпырып қайта жасайын,
Ұзартып жырдың өрісін,
Сталинім данышпан,
Алпыс ұлтты ұлы Отан,
Жан шыққанша жыр айтам,
Сүйген елім, сен үшін



© Дереккөзі

Рейтинг
( Пока оценок нет )
Осы жазба ұнады ма? Достарыңызбен бөлісіңіз: