Өлең: Жамбыл Жабаев (Одақ) | Qazbrand.info

Одағым десем ойыма,
Шалқыған шалқар көл түсер,
Көк жиегі бал құрақ
Көкорай шалғын жер түсер.
Сазға біткен өрімтал,
Бағымда сансыз бұлбұлы
Шырқап салған үн түсер.
Көз тартарлық жанарлы,
Көрікті көгал жамылып
Ашық түскен күн түсер.
Айдынға бауыр төсеген,
Аққу, үйрек, қоңыр қаз
Балапан терген жем түсер.
Шалқардың беті кілкіген,
Кіршігін сырып желпіген,
Жағымды жанның азығы —
Қоңыр екпін жел түсер.
Көркі көгал нуындай,
Кіршіксіз көлдің қуындай,
Одақ боп өскен ел түсер,
Жамбыл көрген тоқсан жыл,
Жыйнап келген талай сыр;
Одақтасқан күнімде,
Қол ұстасқан күнімде,
Нөсерлеген жыр түсер.
Бала күнде көргенім,
Тезек, Шәбден ордасы,
Елдік болмай езілді, —
Деген жоқ ешкім қорғашы,
Көлкіп тұрған көл болды,
Көптің аққан көз жасы.
Іле, Қапал, Талас, Шу,
Ұзын аққан жылғасы,
Жамбыл кезді жетпіс жыл,
Өзгермеді тұлғасы.
Қайда барсам белшеден,
Надандықтың қордасы,
Тақырға шыққан тарыдай,
Қосылмады ел басы.
Заманнан заман өткенде,
Жас жетпіске жеткенде,
Лениндей ер кердім,
Ер серігі Сталин —
Күннің нұры құшқаным,
Екі шыңға теңгердім,
Қырым, Кавказ, Алатау,
Байқал, Балтық, Тайга анау
Арасында мейірлі
Бауырласқан ел көрдім,
Бір кеуденің жүрегі,
Бір мүдденің тілегі,
Жүз деп миллион білекке
Шақ келетін жең көрдім.
Сонда ғана мен Жамбыл,
Жүрген жері жетпіс жыл,
Кәрі көңілім жасарып,
Жайнап өскен гүл көрдім
Асанқайғы, Жиренше,
Сарнап, зарлап жетпеген,
Ел малынған игілік
Ен ырысты мен көрдім.
Гүл деген сөз келер ме,
Гүлді өңірге тақпаса,
Әлем жанға сенер ме,
Көрсете көзге айтпаса.
Ақын аты ақын ба
Құрғақ сөзбен мақтаса.
Мен айтқанмен ел сенбес
Көрерлік зат таппаса.
Бұлақты таудан арна ақса,
Теңіз болар аяғы.
Алқабы кең ойпаттың
Суға да болмас тояры.
Одақтан білім арна ақты
Мейірлете даланы
Қызыл құм мен Бетпақ шөл
Гүлден шоғын қадады.
Көрікті бүгін қаланың
Гүл дегенім — адамы.
Білімге тұғыр Алатау
Алтыннан ірге қалады.
Көк жұлдызын қолға ұстап
Түймесі етіп қадады.
Осыларды мадақтап,
Жамбыл жыры сондықтан
Көктен күнді шалады,
Күркіреп жерді жарады!
Жерге ұжмақ орнатып,
Аймаққа туған күнім бар,
Мәдениет бесігі
Колхоз атты қырым бар.
Одағымның бір гүлі,
Құс дауысты бұлбұлы,
Күләш сынды қызым бар,
Жамбыл, Күләш жалқы емес,
Әлденеше мыңым бар.
Ән маржанын шашқандай,
Күй теңізі тасқандай,
Аялап одақ өсірген
Мыңдаған қыз, ұлым бар.
Ескі өмірде көмілген,
Бүгін ашық көрінген,
Сахнадан ел көрген,
Айнаға түскен сырым бар.
Одағым бахыт ордасы,
Күнге тіккен туым бар.
Одағым маған тіл берді.
Шешен тілге жыр берді,
Бірлескен күнге арнаған,
Міне, осындай жырым бар



© Дереккөзі

Рейтинг
( Пока оценок нет )
Осы жазба ұнады ма? Достарыңызбен бөлісіңіз: