Өлең: Айналайын ауылдық қыздар | Qazbrand.info

Айналайын ауылдық қыздар
Сендерді ойлап жүрегім сыздар
Инабатты сөздеріңе
Әдепті деп өздеріңе
Иген басын ең биік құздар

Бірақ қазір ақырғы кезде
Талай қыздар еріп жүр сөзге
Қала жаққа қызығам деп
Ойламайды бұзылам деп
Бейшаралар түсіп жүр көзге

Барамын деп үлкен қалаға
Күш салады ата-анаға
Айырбастап әсемдігін
Мысалыға әттең бүгін
Айналыпты аққу тырнаға

Бара сала жұмыс іздейді
Таныс табу жолын көздейді
Кездеседі бір жылмақай
Қара очки,жылтыр маңдай
Біргелікте іздейміз дейді

Қара очки уәде береді
Аңқау қыздар оған сенеді
Шолтаңдатып шашын қиып
Мини юбка алып киіп
Ши бұттарға ол да ереді

Қане сосын қызды танып ал
Босамайды онан түнгі бар
Мен қалалық болдым дейді
Байғұс сорлы тек білмейді
Алда барын не-бір сынақтар

Шылым ұстап нәзік саусақтар
Жезтырнақтай өсті тырнақтар
Блин дейді жақтырмайды
Ол сөзіне таңырқайды
Ауылдағы кемпірменен шал

Сөйтіп жүріп ғашық болмай ма
Қара очки-жылтыр маңдайға
Таң атады, күн батады
Қызық өмір басталады
Коньяк дәмін татып таңдайға

Коньяк,арақ араластырып
Қызуларын барад асырып
Ес-түсінен айрылады
Жүрек шіркін шайлығады
Жігіт ойын тұр ғой жасырып

Артық емес шама-шамадан
Тоғыз айың өтед арадан
Өсек сөздер шуылдады
Баяғы қыз ауылдағы
Бөпелі боп келді қаладан

Айналайын ауылдық қыздар
Сендерді ойлап жүрегім сыздар
Көңілге жүк артпаңыздар
Әдет-ғұрып сақтаңыздар
Айналайын ауылдық қыздар
Нурсат Мүбәрәк ұлы
2000 жыл



© Дереккөзі

Рейтинг
( No ratings yet )
Осы жазба ұнады ма? Достарыңызбен бөлісіңіз:
Бәрі бар