Қазақша өлең: Баубек Бердіжар Ералыұлы (Әжімнен туған ой) | Qazbrand.info

Жанарыңнан айналдым әлі тұнық,
Уақыт сені жеңбепті «кәрі» қылып.
Сынағына сес бермей тұрғансың-ау?!
Мыңдайыңды кетіпті әжім сызып.
Көңіліңнен теңіздей тербетілген,
Тек мейірім көремін келбетіңнен.
Махаббатың жүрекке қалай сыйған?!…
Үлкен болып тұрса да жер бетінен…
Анашым-ай,
Қамқоршым, ақ бұлағым!
Болашаққа бастайтын таң шуағым,
Таулы, қырлы бәйгіге атой салып,
Ақ сүтіңнен нәр алып шапқыладым.
Ақша шашың өткеннің елесіндей,
Ақ орамал намыстың белгісіндей.
Ұл-қызыңа ақ тілек дұға етер,
Ақ көңілің адалдық кемесіндей.
Сәжде қылып Аллаға бүгіндері,
Намаз оқып құлшынған көңілдегі.
Неде болса,
Жәннатқа кір Анашым,
Құлшылығың қабыл боп өмірдегі.



© Дереккөзі

Рейтинг
( No ratings yet )
Осы жазба ұнады ма? Достарыңызбен бөлісіңіз:
Бәрі бар