Қазақша өлең: Саят Әбенов (Байтақ елім – бақытым! ) | Qazbrand.info

Уақытпен достым санасам,
Сырымды жұртқа сан ашам!
Жүрегім тарих беттері,
Шимайын әрбір қарасаң!

Қалмақта қалған көп кегім,
Жоңғарлар жаққан от демім!
Көккөздер құрған құрсаудың,
Іздедім… өттім өткелін.

Көгімде ұшса қыран бақ,
Құзғындар тұрды құр аңдап.
Көк бөрі кеудем ұлыды,
«Абылайхан» деп ұрандап.

Сүйреді үміт ғасырды,
Сол үміт сүртті жасымды.
Ел үшін бердім жауларға,
«Хан Кене» болып басымды

Жылжыды заман кестелі,
Аштықтың лебі ескелі.
Үнімді байлап «Қырық бір»,
Тілімді бірақ кеспеді.

Ғаламды мынау тыңдаттым,
Жұлмаласа да зұлмат күн.
Торғайда тұрып тіземнен,
Ақ патшаға тіл қаттым.

Желтоқсан еді ғажап күн,
Ызғарын тартқан Қазақпын!
«Қайратым» тасып сол күні,
«Ләззатын» сездім азаттың!

Көзімнен сонда шоқ тамды,
Ол кезім тарих боп қалды.
Ақыры міне сындырдым,
Абайға тиген шоқпарды.

Орындап отыр мына күн,
Бабаның асыл мұратын.
Туылды ұрпақ туылды,
Туыңды ұстап тұратын!

Басымнан кешкен шошымай ,
Ақтардым сырды досым-ай!
Қазақ боп жеттім бұл күнге,
Осылай міне осылай!

Елтаңба десе елжіреп,
Тоқтамай соғар сом жүрек
Ұрпақтың мәңгі көзінде,
Көкбайрак тұрсын желбіреп!



© Дереккөзі

Рейтинг
( Пока оценок нет )
Осы жазба ұнады ма? Достарыңызбен бөлісіңіз: