Сай-саланы,
Аймалады,
Жоталардан жел есті.
Көк қарағай.
Көп баладай,
Күбір-күбір кеңесті.
Қасқа бұлақ,
Тастан құлап,
Бара жатыр шапқылап.
Шықылдаған,
Сыбырлаған,
Айқай жастар — саққұлақ.
Бір жүрекпен,
Дір-дір еткен,
Жасыл талдар — жас талдар.
Еміренген,
Тебіренген,
Ақбас Ата — асқарлар.
Күннен — бөркі,
Гүлден — көркі,
Тау — тамаша, тау — алып.
Қатпар басын,
Шатқал тасын,
Көрген сайын жаңалық.
Айналаңа,
Сайға қара,
Шыңға қара ақ маңдай.
Бала шағың,
Болашағың,
Көктеп келе жатқандай.
© Дереккөзі