Қазақша өлең: Қанат Дауылбаев (Қажылық) | Qazbrand.info

Алланы атап тіл ұстартсаң сеніммен,
Сол сәттен-ақ саған көңілі бөлінген.
Күллі момын құбыласы Қағбаға,
Тәуап ету мәртебесі берілген.

Кеудең толса кәміл иман ырысқа,
Сеніміңді шынайы әрі нық ұста.
Ихрамға оранғанда барша жан,
Бөлінбейді бай-кедей боп ұлысқа.

Зерделілер ақылға сап пайымдар,
Басқан қадам әр ізінде уайым бар.
Қалта сөйлер базар емес қажылық,
Бұл сапарға ақ ниетпен дайындал.

Сәтсіздікті белден басып тақымдап,
Қоғамыңда жүрсең-дағы ақыңды ап.
Қажылықта сенің күшің жүрмейді,
Тәубеге кел, Жаратқанға жақындап.

Бой ұсынып үндеуіне ақылдың,
Жүрегіме иман дәмін татырдым.
Сөз түзелсе ақ жолымен Алланың,
Сол емес пе көксегені ақынның.



© Дереккөзі

Рейтинг
( Пока оценок нет )
Осы жазба ұнады ма? Достарыңызбен бөлісіңіз: