Қазақша өлең: Бақытгүл Бабаш (Боз далада боз қырауды жамылған…) | Qazbrand.info

Боз далада боз қырауды жамылған,
Бозамық таң баяу атты салып ән.
Бота көңіл бүгін неге боздайды,
Алатауды Сіз ғана ма сағынған?

Алатауды сіз ғана емес сағынған,
Алау қарып жүрегімді, лағылдан
Алқа таққан аппақ Айдың астында,
Атқан таңға жыр үзгенмін жанымнан.

Баққа бірақ бөленбеді бар маңым.
Алатаудан асып кетті арманым.
Алматыда бір Өлеңім бар еді,
Сағыныштың сезіндірген салмағын.

Ол да менен жырақтады. Қазір — мұң
Өлкесіне өлең болып жазылдым.
Көктөбеден көктем көшіп кеткендей
Көңілімнің ұрлады екен жазын кім?

Алматым-ай, Алматым-ай, Алматы!
Арманымның арман болып қалды аты.
Қойныңдағы қара өлеңнің сынығын
Сүйіп ем ғой! Сүйікті ете алмады…

— Өксік толы өмір деген осы,-де.
Өкпемді артып, өкінемін несіне?
Сағынғаным шын болса да, өтірік!
…Алматыны салмаңызшы есіме…



© Дереккөзі

Рейтинг
( Пока оценок нет )
Осы жазба ұнады ма? Достарыңызбен бөлісіңіз: