Қазақша өлең: Рахат Абдрахманов (Ақын мен жұлдыз) | Qazbrand.info

Жаным саған сыңар дер ем бір бөлмей,
Тағдыр бізді сырлас қылған білгендей:
Мені ешкімнің түсінгісі келмейді,
Сені де ешкім түсіне алмай жүргендей…

Неге ғана осы күйді көп кешем?
Жерде мұңға мен шомылдым , көкте сен…
Көз алдымда ақын болып барасың,
Жарар еді мен жұлдыз боп кетпесем…

Солғын кейіп санамдағы сөзді ұрлап,
Боз кештерде мұңайтса да бозғыл бақ,
Жасқа айналмай кеудемдегі жан сырым,
Өлең болып жатқаннан соң көз құрғақ…

Қою түннің бұрымына өрілген,
Күміс нұрың көрінеді көгімнен.
Сенің отың күннен де ыстық сияқты,
Жұлдызым-ай, таң алдында көрінген!

Жылдар қанша ауысса да жылдарға,
Түнек әлем орнай қоймас бұл маңға.
…Ғажабынан айрылмайды дүние-
СЕН НҰР ТӨГІП, МЕН ЖЫР ТӨГІП ТҰРҒАНДА!!



© Дереккөзі

Рейтинг
( Пока оценок нет )
Осы жазба ұнады ма? Достарыңызбен бөлісіңіз: