Қазақша өлең: Ерлан Жүніс (Құс қайтып келді…) | Qazbrand.info

Беймезгіл шақта ол қайтып келді,
Тағдырдан, әлде, жаңбырдан…
Жанының мұңын жолға айтып келді,
Жол қайтып келді абдырған.

«Қайтқан ойлардың кемел ме бәрі,
Ұшарда оны не қақты?!» —
Тәкаппар таулар төмен қарады,
Таза бұлақтар кері ақты.

Құс қайтып келді:
Омбы қарларға,
Көшкен сеңдерге «қош» десіп.
…Анау бір төрде домбыра қалды,
Анау бір жерде бос бесік…

Жабуы жүктің желпілдеп келді,
Селдіреп келді желегі,
Ботадай көзі мөлтілдеп келді –
Боздамаса екен дегені…

Махаббат әні – мұңдарда қалар,
Махаббат – мұндар, шерменде!
Қыжыл сөз ізі құмдарда қалар,
Көз жасы ізі – көлдерде.

Өтеуі жүрек – өкпелі болса,
Жасасын ұлы құштарлық!
…Көшкен бір жұртта көктемі қалса,
Қайтармаңдаршы құстарды!



© Дереккөзі

Рейтинг
( Пока оценок нет )
Осы жазба ұнады ма? Достарыңызбен бөлісіңіз: