Мына Түн талыққан Үміттің дауысы секілді,
Кеңістік еркесі Ол – торсық бет кекілді.
Ол бізді бір жаққа шақырған сыңайлы,
Естісем дауысын еске алып Құдайды,
Жүрегім жылқыдай жылайды!
Мына Түн – о, мүмкін бағыты жоғалған Жолдарым.
(Жолдарда жанымды жұбаттым, алдадым…)
Өлімді сағынған, аңсаған –
қартайған Арманның
шаршаған елесі емес пе,
мына Түн??!
Ұйықтамай отырмын неге осы??!
Мына Түн –
мәңгілік әуенге билейтін Сөздердің мекені –
Анты бар төзімдей, сезімдей некелі.
Жарықты сүйеді,
Жарықта өледі…
Жарықтан келеді,
Жарыққа кетеді…
Әлди, әлди,
әлди, әлди, Қара Түн…
© Дереккөзі