Тілдің таңбалық сипаты © Qazbrand.info

Дыбыс тілі қатынас құралының ең маңызды түрі болғанымен, оны қолдану әрдайым мүмкін де, тиімді де бола бермейді. Кейде дыбыс тілі арқылы хабарлауға, білдіруге болмайтын жайттар өмірде жиі кездеседі. Мұндай жағдайларда бір нәрсе жайында басқаларға хабар беру үшін сол хабардың шартты көрсеткіші ретінде әр түрлі материалдық белгілерді қолданған. Ондай шартты белгілер орыс тілінде знак, қазақ тілінде таңба деп аталады. Таңба ретінде кез келген затты, кез келген шартты белгіні қолдануға болады. Ондай шартты белгілер — материалдық жағынан да, білдіретін хабарының мазмұны, оны беру тәсілі мен таңбаның құрылымдық сипаты жағынан да алуан түрлі, ғылым объектісі болуға әбден жарайтын, мейлінше күрделі құбылыс. Осы себептен үстіміздегі ғасырдың 30-жылдарынан бастап, танбаларды зерттейтін семиотика деп аталатын дербес ғылым қалыптасты.

Семиотика — хабаршы таңбалар туралы жалпы теориялық ғылым. Ол таңбалардың табиғатын, жүйесін, түрлерін, қолдану процесіндегі құбылыстарын, таңбалардың бір-бірімен және өздері білдіретін мағынамен қарым-қатысын зерттейді.

  1. Жалпы семиотика мен тілдік семиотика. Жалпы семиотика бүкіл таңба атаулыға бірдей дәрежеде қолдануға болатын ортақ теория қалыптастыруды көздейді. Ол, таңбалар арасында болатын өзгешеліктерді, әсіресе тілдік таңбалардың спецификалык ерекшеліктеріне онша мән бермейді. Семиотика үшін тілдік таңбалар да, тілдік емес, көмекші таңбалар да бірдей, барлығы да хабар беруші, коммуникативтік қызмет атқарушы тұлғалар. Сондықтан олардың барлығы да бірыңғай ортақ заң — ережелерге бағынуы керек. Бірақ іс жүзінде семиотиканың теориялық тұжырымдары, кө-бінесе, тілге жатпайтын көмекші таңбаларға негізделеді, соларға тән сипаттарды басшылыққа алады. Ал тілдік таңбалар мен тілге жатпайтын таңбалар арасында түбірлі өзгешеліктер болады. Осы себептен семиотиканың жалпы теориялық тұжырымдары тілдік таңбалардың сырларын ашуда біраз септігін тигізетінімен, таңбалардың өзіндік сипаттарын, таңба мен ол білдіретін мағына арасындағы қарым-қатынасты айқындау мәселелеріндегі оның қағидалары тілдік таңба сипатына сай келмейді. Бұл жағдай тілдің таңбалық сипатын жалпы семиотикалық шеңберінде қалдырмай, одан бөліп алып, ерекше сөз етудің қажеттігін байқатады. Тілдік таңбаларды зерттейтін лингвистикалық семкотика ғылымын дүниеге келтірген де осы қажеттілік.

Тілдік семиотиканың объектісі — тілдің таңбалық сипатын зерттеу, тілдік таңбалардың тек өзіне ғана тән белгілерін, басқа таңбалар жүйелерінен ерекшеліктерін, таңбаның өзі білдіретін хабармен қарым-қатысын ашу. Лингвистикалық семиотика біраз мәселеде жалпы семиотиканың қағидаларына сүйенеді, соны басшылыққа алады. Өйткені, жалпы таңбаларға тән кейбір қасиеттер тілдік таңбада да болады, барлық басқа таңбалар сияқты тілдік таңба да сезім мүшелерінің біріне білінетін материалды болады, бір нәрсе жайын хабарлайды, коммуникативтік қызмет атқарады, белгілі бір мағынаға, мазмұнға бағытталады, онымен шартты қатынаста болады, өзі білдіретін мағынамен қатынасы еркін болады, олардың арасында табиғи байланыс болмайды, өз жүйесіндегі басқа таңбалардан бір немесе бірнеше айырым белгілері арқылы жекеленіп танылады.

Осындай ортақ сипаттармен қатар тек тілдік таңбаларға ғана тән, лингвистикалық семиотиканың қарауына жататын дара белгілер де аз емес. Олар кейінірек баяндалады.

  1. Таңба және оның түрлері. Таңба депбасқаларға білдірмекші болған белгілі бір хабардың орнына, қолданылатын сезіммүшелерініцбіріне білінетін заттық, құбылыстық, дыбыстық, сәулелік, әрекеттік, тағы солар сияқты белгілерді айтады. Белгілі нәрсені білдіру, хабарлау қызметін атқарып тұрған материалдық кәрсеткіш, яғни таңба, таңбалаушы деп аталады да, ол білдіріп тұрған мағына — таңбаланушы деп аталады. Мысалы: светофордың қызыл жарығы — таңбалаушы да, ол білдіріптұрған «жүруге болмайды» деген мағына таңбаланушы. Сондай-ақ шеберханалар маңдайшасындағытелевизор,радиоқабылдағыштардыңсуреттегі таңбалаушы да, олар білдіріп тұрған «осы заттар осы жерде жөнделеді» деген мағына таңбаланушы т. б.

Семиотикалық әдебиеттерде таңбаларды негізгі таңба, көмекші немесе жасанды тақба деп екіге бөлушілік бар. Негізгі таңба деп тілдік таңбаларды айтады. Оның негізгі болатын себебі ол алғашқы, басқа кемекші таңбалардың барлығы да соның негізінде туған, сол арқылы үғынылады. Осы себептен де ғалымдар тілдік таңбаны «барлығын да айтуға келетін» (А. Мартин), «барлық басқа семиотикалық таңбаларды аударуға болатын (Л. Ельмслев), «барлық типтегі таңбалардың оркестрі» (Т. Милевский) деп санайды.

Көмекші таңбаларды материалдық сипаттарына қарай төмендегідей түрлерге бөлушілік бар:

Графикалық таңбалар. Бұған математика, физика, химия, логика ғылымдарында қолданылатын таңбалар және әр түрлі жазулар, мөр таңбалары жатады. Бұлар керу мүшесі арқылы қабылданады. Оларға кейбір ғалымдар ымдау, нұскау белгілерін де, мылқаулардың мимикалық тілін де, әр түрлі іздер мен белгілерді де жатқызады.

Акустикалық таңбалар. Бұған сейлеу мүшелерінің артикуляциялары арқылы жасалатын таңбалар, белгілі мақсат үшін берілетін алуан түрлі дыбыстар жатады. Олардың барлығы да есту мүшесі арқылы қабылданады. Есту арқылы қабылданатын таңбаларды олардың жасалу тәсілдеріне қарай кейбір ғалымдар вокалды таңбалар, аспапты танбалар деп екіге бөледі де, алдыңғысына дыбыстау мүшелері арқылы жасалатын сигналдарды, соңғысына әр түрлі музыкалық аспаптар арқылы берілетін арнаулы сигналдарды, дабылдарды жатқызады.

Заттық таңбалар. Бұған жол бойына, кешелерге, кәсіпорындары мен мекемелердің маңдайшаларындағы таңбалар, белгілер, көрсеткіштер және әр әлеуметтік топтардың өздеріне тән киім түрлері мен формалары, значоктар мен гербтер, әскери белгілер, түрлі жалаулар арқылы берілетін сигналдар, хабарлар ен-таңбалар жатады.

Ақша таңбалары. Бұған әр елдің, әр дәуірдің қағаз, күміс, бақыр ақшалары жатады.

Сәуле таңбалары. Бұған жарық арқылы берілетін әр түрлі белгілер, сигналдар — светофорлар, су жолында қолданылатын маяктар, бакендер (су бетіне қауіпті жерлерге қойылатын қалқыма шырақтар) жатады.

Ымдау, нұсқау, таңбалары. Семиотикалық таңбалардың күрделі бір саласы — ымдау, нұсқау, яғни әр түрлі дене қимыл-козғалыстары арқылы белгі беріп, бір нәрсені хабарлау, түсінісу әрекеттері. Ғылыми әдебиеттерде семиотикалық таңбалардың бұл түрі ым тілі, щол тілі деп те аталады. Кейбір ғалымдар ым тілін адамдардың қатынас кұралының алғашқы түрі, бастапқы тіл — ым тілі болған, дыбыс тілі ым тілінен кейін шыққан, ым тілі адамдар қатынасы дамуының дербес бір сатысы дегендерді айтады. Мұндай пікірді совет тіл білімінде Н. Я. Марр да жақтады.

Дене қимылдары арқылы түсінісу, хабарласу әрекеттерінің ежелгі замандардан бері келе жатқанын, оның адам қоғамының өте балаң кездерінің өзінде де мол кездесу мүмкіндігін ғылым бекер демейді. Бұл мәселені зерттеуші мамандар оны хайуанаттар дүниесінде қазірде де кездесетін әр түрлі дене әрекеттерімен төркіндес емес пе екен; қазірде қолданып жүрген әр түрлі ымдау, нұсқауларымыз адамдардың хайуандар тобынан бөлініп қоймаған кезінің езінде де болмады ма екен деген Оо.і жаулар айтады. Қазіргі хайуанаттар дүниесінде оп.пліі ұқсас әр түрлі жайттерге қарағанда дене қимылдары арқылы түсіндірудің төркіні тым арғы заманда дейтін пікірдің жаны бар. Бірақ оны дербес қатынасынсыз өмір сүрген дербес тіл еді деуге, қоғам дамуында ым тілі дәуірі болған деуге ешқандай дәлел жоқ. Қайта өмір тәжірибесі дене қимылдарының, дыбыспен, үнмен қосарлана, соған көмекші ретінде қолданылатынын көрсетеді.

Таңбаның екінші және негізгі түрі — шартты таңбалар. Семиотикалық таңба делінетіндер де осылар. Бұлардың шартты деп аталатын себебі жоғары айтылғандай, таңба мен олар білдіретін мағына арасында табиғи байланыс, айрылмастық бірлік болмайды, таңбалық қызметінен айырған күнде де олар (таңбалар) бастапқы табиғи күйінде қала береді. Сондықтан таңба мен ол білдіретін мағына арасындағы қатынас шартты, емін-еркін болады. Семиотикалық таңбалардыңшарттыдеп аталуы осыдан.

Семиотикалық танбаларды өз ішінен сигналдьщ, символдық, тілдік, субституттық таңба деп бөлушілік те кездеседі.

Сигнал таңбалар — көру, есту арқылы қабылданатын таңбалар. Мұның қатарына қоңырау, дабыл, темір жолда, су жолында, дала жолдарында, көше бойында қолданылатын алуан түрлі белгілер жатады. Сигнал таңбалардың мағыналары олардың өз бойларынан тиск.;іри, шартты түрде жүктелген қосымша қызметтеріболғандықтан жағдайға қарай өзгеріп отырады. Мысалы: қоңырау бірде сабақтан шығуды білдірсе, енді бірде сабаққа кіруді білдіреді т. б.

Символ таңба көмекші таңбалардың басқа түрлеріне қарағанда анағұрлым күрделі, ол дерексіз, бейнелі ұғымдарды білдіреді. Мұның мағынасы жағдайға қарай түрленбейді, тұрақты болады. Бұған әр елдің мемлекеттік гербі, туы, мөрлері, жалаулары, әскери атақ-дәреже белгілері, октябряттық, пионерлік белгілер, значоктар, ордендер т. б. жатады.

Таңбаның бұл екі түрінде де олар білдіретін мағына таңба құрамына енбейді, таңбалык кызмет атқарушы материалдық көрсеткіштен тысқары болады, сондықтан бұларды бір жақты таңбалар деп атайды.

Жоғарыда аталған тілдік және соның бір көрінісі болып есептелетін субституттық (материалдық) таңбалар — лингвистикалық семиотиканың негізгі объектісі болып табылатын негізгі таңбалар. Олардың көмекші таңбалардың барлық түрлерінен де ерекше тұратын көптеген күрделі өзгешеліктері бар, сондықтан оларды ерекше бөліп алып қарау қажет.

  1. Тілдік таңбалар, оның түрлері. Жалпы семиотикалық ереже бойынша таңба бір жақты, тек материалды ғана болады, мағына таңба құрамына енбейді. Таңбалық қызметтен айырған күнде де олар бастапқы табиғи қалпында қала береді. Бұл қағидаға жеке тұрғанда ешқандай мағынаны білдіре алмайтын, бір жақты элемент болыпесептелетінфонемаларғанаболмаса, тілдегі басқа тұлғалардың ешқайсысы да сай келмейді, өйткені тілдегі сөз болсын, сейлемболсынбәрі де екі жақты тұлғалар.Оның үстіне, бұлардыңмағыналары өздерініңматериалдық жағынан бөлінеалмайды,бұл екеуі айрылмастық бірлікте тұрады, егер бір-бірінен айрылса, әмір сүруден қалады. Таңба бір жақты, тек материалды ғана болады дегенге сүйеніп, тілде таңба болатын тек фонемалар ғана деуге фонема ешқандай хабар бере алмайды. Ал бір нәрсені білдірмесе, хабарламаса, ол таңба да бола алмайды. Осы себептерден тілде таңбалық қызмет атқара алатын я атқара алмайтын тұлғаларды айқындауда бірізділік жоқ, әркім әр түрлі пікір айтады.

Таңбаның сезім мүшелерінің біріне білінетін материалды болуын ғана оның негізгі белгісі деп санайтын ғалымдар таңба деп тілдегі фонемалар мен әріптерді есептейді. Бұлардың пікірінше, таңба деген — сигналдар мен белгілер. Мұндай пікірді И. Кант, Э. Гуссерль сияқты философтар мен Ф. Бопп, Л. Блумфилд сияқты лингвистер қолдайды. Екінші бір көзқарас бойынша тілде қатынас жасау, хабарлар беру мүддесіне қызмет етпейтін элемент жоқ, сондықтан тілдегі ең кіші элемент жеке дыбыстардан бастап күрделі сөйлемге дейін барлығы да таңба бола алады. Тілдік элементтердің үлкені болсын, кішісі болсын —бәрінің де басқалармен қатынас жасау мүддесіне қызмет ететіні, сол үшін жаралып, сол үшін емір сүретіні даусыз, бірақ тілдік элементтер ішінде таңбаға қойылатын талапқа сай келетіні де, сай келмейтіні де барлығын ескермеу жөн емес. Тіл білімінде кең тараған үшінші көзқарас — таңбаға тілдік элементтер ішіндегі тек екі жақты: әрі материалды, әрі мағыналық мәні бар тұлғалар ғана жатады дейтін бағыт. Мұның біріншісі унилатериалды (латынша, мағынасы — бір), соңғысы билатериалды (латынша, мағынасы — екі) деп аталады. Билатериалды бағытты В. Гумбольдт, Ф. де Соссюр, Бодуэн де Куртенэ сияқты атақты ғалымдардың көпшілігі қолдайды. Совет тіл білімінде тілді таңбалар жүйесі деуге болмайды, онда тек таңбалылықтың элементі ғана бар, ол — сөздің дыбыстық тұрпаты ; дейтіндер де бар. Бұл бағытты қолдаушылар тілдің ойлаумен, санамен тығыз байланыстылығына, оның элементтерінің (дыбыстан басқа) өзіндік мағыналары бар екі жақты құбылыс екендігіне сүйенеді.

Тілдің негізгі тұлғалары қатарына дыбыс, морфема, сөз, сөйлем жатады. Дыбыс — тілдің ең кіші материалды бөлшегі. Ол, біріншіден, тілдің өзінен бірер басқыш жоғары тұратын тұлғаларын жасауға материал болса, екінші жағынан бір тұлғаны екінші тұлғадан айыратын танытқыш белгі қызметін атқарады. Дыбыс жеке тұрғанда ештемені де білдіре алмайды, мағынасыз болады, сондықтан ол екі жақты мәні бар таңба жасауға қатысқаны болмаса, өзі таңбалық қызмет атқара алмайды. Өйткені таңба болу үшін бір нәрсені хабарлауы, білдіруі керек. Дыбыстардың осы айтылған ерекшеліктеріне қарап оны ғалымдар бірде диакритикалық белгі десе, енді бірде фигура деп атайды.

Фонемалардан бір басқыш жоғары тұратын тұлға — морфема. Морфеманы, әдетте, өзіне тән мағынасы бар екі жақты тұлға деп санайды. Бірақ морфеманың мағынасы атауыштық, хабаршы мағына емес, грамматикалық мағына және ол мағынасы номинативтік мәні бар негізгі морфемамен бірге тұрғанда ғана білінеді. Екіншіден, сөздердің морфемаларға жіктелуі тіл атаулының барлығына бірдей тән құбылыста емес, сөздерін морфемаларға бөлуге болмайтын тілдер де болады. Морфема — атауыштық мәні бар лексемалар мен фонемалар арасындағы аралық категория. Ол — тілдің структуралық тұлғасы, бірақ хабаршы таңба бола алмайды.

Тілдің тіршілігі сөйлеуде, сөйлесуде екені белгілі. Сөйлеу сөйлемнен, сейлемдер тіркесінен құралады. Сөйлем — сөйлеудегі, пікір алысудағы ең негізгі және бірден-бір коммуникативтік түлға. Сөйлемнің негізгі түрі— бірнеше сөздерден құралатыны. Сөйлем құрамына ену арқылы тілдің төменгі қабаттары жанданып, өз бойларындағы барлық мүмкіндіктерін жарыққа шығара алады. Сөйлем тілдік тұлғалардың ең жоғары, құранды қабаты болумен бірге таңбалық жағынан да ең күрделі, жоғары тұлға боп есептеледі.

Сонымен, семиотикалық сипаты жағынан тілдік тұлғаларды таңбалар жүйесі, фигуралар жүйесі деп екіге белуге болады. Таңбалар жүйесіне сездер, сөйлемдер жатады да, фигуралар жүйесіне фонемалар мен морфемалар жатады. Бұлардың алдыңғылары екі жақты тұлғалар да, соңғылары таңба құрайтын материалдар болғандықтан бір жақты тұлға болып есептеледі.

© Дереккөзі

Рейтинг
( Пока оценок нет )
Осы жазба ұнады ма? Достарыңызбен бөлісіңіз: