Мұғалімдерге 40 миллионнан астам қаражат табыс етілді

Мұғалімдерге

Елордалық мұғалімдерге 40 миллионнан астам қаражат табыс етілді

Алғаш рет қала басшысы атынан «Нұр-Сұлтан қаласының құрметті педагогы» медалінің иегерлеріне 833 мың теңгеден берілді.

Кәсіби мереке қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласында жұмыс атқарып жүрген мұғалімдерге 40 миллионнан астам қаражат табыс етілді. Елорда әкімі Алтай Көлгінов педагогтарды кәсіби мерекесімен құттықтады. Алғаш рет қала басшысы атынан «Нұр-Сұлтан қаласының құрметті педагогы» медалінің иегерлеріне 833 мың теңге төленеді. Сонымен бірге бірқатар оқу орнына 9 млн теңгеден әкім гранты берілді, деп хабарлайды zakon.kz.

«Әр мұғалім тұрғындардың сауатты әрі лайықты азамат болуына септігін тигізіп, білім береді. Мұғалімдерімізді кәсіби мерекелері – Ұстаздар күнімен шын жүректен құттықтаймын. Балаларға оқу материалын меңгеруге, түрлі олимпиадаларда, байқауларда жетістіктерге жетуге ғана емес, сонымен қатар оларға өзіне, өз күшіне сенуге, кәсібін табуға көмектесіп келесіздер.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «білімді ұрпақ» идеясына сәйкес мемлекет сапалы білімге ерекше көңіл бөледі. Елордада жыл сайын оқу орындарын салып жатырмыз. Биыл салынған мектептер саны өткен жылмен салыстырғанда екі есеге артық.

Осы жылы 12 мектеп салынды. Келесі жылы тағы сонша мектеп салынады. Оқу орындарын заманауи жабдықтармен жабдықтап, инновациялық технологияларды енгіземіз. Мемлекет басшысы «педагог мәртебесі туралы» заңға қол қойды. Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап педагогтардың жалақысы 25% – ке, одан әрі 2024 жылға дейін тағы 25% – ке өседі. Өткен жылы біз тұрғын үй сатып алу үшін әлеуметтік жәрдемақы түрінде 1 млн теңге көлеміндк 275 тұрғын үй сертификатын өтеусіз негізде бөлдік.

Биыл да ұстаздарымызға тұрғын үй жағдайын жақсартуға көмектесеміз. Қазақстандық ипотекалық компаниямен бірлесіп 1 мың әлеуметтік пәтер береміз. Бұл пәтерлер мұғалімдерге, әлеуметтік қызметкерлерге, полиция қызметкерлеріне, дәрігерлерге, өрт сөндірушілерге, мәдениет және спорт қайраткерлеріне беріледі. Түлектерге де қолдау көрсетіледі.

Мамандықты тегін оқуға 900-ге жуық грант бөлінді. Қабылданып жатқан шаралар жұмыс үшін неғұрлым қолайлы жағдай жасауға және балалардың сапалы білім алып, бәсекеге қабілетті болуына бағытталған. Сіздің қажырлы еңбегіңіз үшін алғыс айтамын!»,- деп Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты елорда әкімі Алтай Көлгіновтің сөзін келтіреді.

Елордалық педагогтарға «Халық алғысы», «Еңбек ардагері» медальдары, «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері» және Білім және ғылым министрлігінің «Ы.Алтынсарин» төс белгілері, грамоталар және т.б. табыс етілді.