Желіде жігітпен танысқан қыз: Мені өлтіргісі келді

қыз

Желіде жігітпен танысқан қыз: Мені өлтіргісі келді

Бойжеткен әлеуметтік желі арқылы жігітпен танысып, екі айдай хат-хабар алмасып тұрған. Әбден сенімге кірген соң, онымен кездесуге барған  

Алматылық бойжеткенді әлеуметтік желі арқылы танысқан жігітсымағы зорлап кеткен. Жәбірленуші полицияға арыз жазған.

22 жастағы алматылық бойжеткен 24 қыркүйек күні түнде болған жайтты әлі қорқынышпен еске алады. Әлеуметтік желі арқылы жігітпен танысып, екі айдай хат-хабар алмасып тұрған. Әбден сенімге кірген соң, онымен кездесуге барғанын айтты. Бірақ желідегі жігітке артылған сенім ақталмаған, деп хабарлады «Астана» арнасы.

«Тамақтанып болған соң, үйге қайтайық дедім, ол келісті. Саябақтың сол жағындағы көлік тұрағында екеуміз сөйлесіп отырдық. Меніңше сол маңдағы адамдардың кеткенін күтіп отырған сияқты. Соңғы көлік кеткеннен кейін мені ұрып жіберді. Күшім жеткен жоқ», – дейді жәбірленуші қыз.

Бойжеткенді үйге апарар жолда қалтарысқа тоқтап, тағы да арам пиғылын күшпен іске асырған. Тіпті төрт мәрте қылқындырды деп отыр.

«Біз әлі кездесеміз, сенің үстіңнен арыз жазамын деп едім, сен маған ештеңе істей алмайсың, әкем екі рет шығарып алған деп айтты. Сыртқа шығып кеткен сәтін пайдаланып қашып құтылдым», – дейді жәбірленуші.

Денесі әбден көгала қойдай болған ол, бұл жайтты жақындарынан жасырып жүр. Қазір жұмыстан да шығып кеткен. Бірақ істі бұлай жылы жапқысы жоқ. Сондықтан қоғамдық қордан көмек сұраған.

«Апта басталғалы дәл осындай төрт жағдай келіп түсті. Сіздерді қызықтырған бойжеткеннің оқиғасына келетін болсақ, күдікті жігіт оны зорлап қана қоймай өлтіргісі келгенін де аңғаруға болады. Полицияға арыз жазылды. Бірақ күдікті әлі еркіндікте жүр», – дейді»Не молчи» қоғамдық қорының негізін қалаушы Дина Смаилова.

Полиция күдіктінің бостандықта жүргенін растады. Құзырлы департамент қазір аталған жағдай бойынша тергеуді бастаған. Арыз түсісімен, күдікті ұсталып жауап алынғанын мәлім етті. Тергеу талаптарына сәйкес өзге ақпараттарды жариялаудан бас тартты.

«Аталмыш дерек бүгінгі таңда Бостандық аудандық полиция басқармасында Қылмыстық кодекстің 120-бабының аясында тергелуде. Сезікті ұсталып жауапкершілікке тартылды. Қылмыстық іс аясында тиісті сараптамалар тағайындалды», – дейді Алматы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Желідегі таныстық өмірін тас-талқан еткен бойжеткен күдіктінің жазасыз қалмауын талап етеді. Ол қоғамдық қормен бірге прокуратураға арыз түсіріпті.