Қордайдағы тәртіпсіздік: жеті адамға қатысты сот үкімі шықты

Қордайдағы тәртіпсіздік

Қордайдағы тәртіпсіздік: жеті адамға қатысты сот үкімі шықты

Сотталғандардың әрқайсысы түрмеде жазасын өтеп қана қоймай, зардап шеккендердің қорына 20 АЕК көлемінде ақша аударады

Алматы горнизонының әскери сотында Қордайдағы жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқан жеті адамға қатысты үкім шығарылды.

Ресми мәліметке сәйкес, Қордай ауданы Алматы горнизонына қарайды. Оған қоса, сотталған бір азамат әскери қызмет атқарған. Сол себепті осы қылмыстық істер әскери сотта қаралды. Жауапқа жеті адам тартылды. Олар:

  • Ерлан Буралкинов;
  • Алмат Тілеуғалиев;
  • Ұлан Атанбаев (әскери қызметші);
  • Абзал Нұраханов;
  • Мырзағали Дүйсенбаев;
  • Рүстем Бежібаев;
  • Бақытбек Ибрагимов.

Сот үкіміне сәйкес, Ерлан Буралкинов, Алмат Тілеуғалиев пен Ұлан Атанбаев үш жылға бас бостандығынан айырылды. Рүстем Бежібаев төрт жылға, Мырзағали Дүйсенбаев бес жылға сотталды. Бесеуі де жазасын  қауіпсіздігі орташа дәрежедегі мекемеде өтейді.

Ал сот Абзал Нұрахановқа 8 жыл берсе, Бақытбек Ибрагимов 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Алғашқысы жазасын қауіпсіздігі аса жоғары мекемеде, екіншісі қауіпсіздігі максималды колонияда өтейді.

Қордайдағы жаппай тәртіпсіздік: бір адам тергеу изоляторында қайтыс болды  

Бұдан бөлек, сотталғандардың әрбіреуі зардап шеккендердің қорына 20 АЕК көлемінде ақша аударып беруге міндеттелді.

Қордайдағы жаппай тәртіпсіздік

Жамбыл облысының Қордай ауданында 7 ақпанға қараған түні жаппай төбелес болды. Қайғылы оқиға салдарынан он бір адам көз жұмды.

Өрттің салдарынан тұрғын үйлер мен коммерциялық нысандар, сондай-ақ автокөліктер бүлінді.

Кейіннен 120-дан астам қылмыстық іс тергеліп жатқандығы белгілі болды. 1 наурызда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қордай ауданында болып, жергілікті тұрғындармен кездесті.