Алимент төлемей жүрген 908 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылады

5f0f3faf1f5d7687334717
Биыл 3 ай және одан да көп уақыт алимент төлемегендерге қатысты 13 мың 269 іс қозғалған.

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Әділет министрі Марат Бекетаев алимент төлеу қоры құрылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Атамекен сайтына сілтеме жасап.

«Республикалық жеке сот орындаушылары палатасы базасында әлеуметтік қор құрылды. Қазір оған қаржы жиналуда. Ақшаны бөлмес бұрын оны жинап алу керек. Ол қаражат қалай жұмсалады? Бірден айту керек, барлық мұқтаждарға оны бөліп беру мүмкін емес. Өйткені, оған қаржы жетпейді.

Арнайы комиссия құрылды. Оны бұрынғы сенатор Серік Ақылбай бастаған беделді адамдар тобы басқарады. Комиссия мүшелерінің тізімімен палата сайтынан танысуға болады. Олар көмектің кімге берілетінін шешеді», – деген министр, төлем сомасына да тоқталды.

«Бір реттік төлем сомасы бойынша шектеулер енгізіледі. Ол 1 миллион теңгеден аспайды деп жоспарлануда. Бірақ, төлемнің нақты сомасы қаржы жиналған соң белгілі болады», – деді министр.

Сондай-ақ, Марат Бекетаев еліміздегі алимент бойынша қарызы бар азаматтардың статистикасына тоқталды.

«Алимент төлемейтіндердің саны азайды. Мәселен, 2020 жылдың бірінші жартысында сот орындаушылары алимент төлемеу бойынша 210 мың істі қараса, өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 192 мың болатын. Сот орындаушыларының қараған істері көбейгенімен, алимент төлеу көрсеткіші жоғарылаған.

Биыл 3 ай және одан да көп уақыт алимент төлемегендерге қатысты 13 мың 269 іс қозғалған. 2019 жылдың осы кезеңінде 14 тың 744 іс болатын. Бұған Әділет министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың қабылдаған шараларының нәтижесінде қол жеткіздік», – деді министр.

Марат Бекетаевтың сөзінше, осы бағытта әкімдіктер көп жұмыс атқарған. Олар жұмыссыз қалған алимент төлеушілерді еңбекпен қамтыған. Осылайша, 2020 жылдың бірінші жартысында 2 мыңнан астам борышкер жұмысқа орналастырылды.

«Жалпы, алимент төлеушілердің 93,7%-ы барлығын уақытылы өтейді. Ал 6,3%-ы – күрделі істер. Ондай жағдайда жұмысқа орналастыру немесе шоттарын бұғаттау, шетел асуға мүмкіндік бермеу сынды шаралар қабылданады.

Осылайша, 2020 жылдың қаңтар-маусым аралығында алимент төлемей жүрген 908 адамға қатысты метериалдар жиналып, қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін істері ішкі істер органдарына берілді», – деді министр.