«Әйелді жұмысынан алып кеткен»: Қарағанды жолында болған сұмдықтың мән-жайы анықталды

12602347

Күдікті бұрынғы әйелін қала сыртына алып кетіп жарақаттап, оны жол бойына тастап кеткен. Сол маңнан өтіп бара жатқан жүргізушілер полиция мен жедел жәрдем шақырған

АЛМАТЫ, 15 шілде – Sputnik. Астана тұрғыны бұрынғы жұбайына шабуыл жасап, сегіз рет пышақтаған. Әйел аман қалып, қазір ауруханада жатыр. Бұл жайында «НеМолчиKZ» зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету қорының жетекшісі Дина Смайылова (Таңсәрі) хабарлады.

Оның айтуынша, зардап шегуші ер адамның алдымен оны алыс жерге апарып, көлік ішіне қамап, соққы жасай бастағанын айтқан. Содан кейін оны жол бойына тастап кеткен.

«Ол бұрынғы әйелінің жұмысына барып, сыртқа шығуын бірнеше рет талап еткен. Ал әйел әріптестерінің алдында өзін ыңғайсыз сезініп, көшеге шыққан. Оны көлікке күштеп отырғызып, алып кеткен. Қарағанды тас жолында ол әйелді ұра бастайды, әйел қарсылық көрсетіп, көліктің терезесін сындыруға тырысады. Содан ер адам әйелге пышақ сұға бастайды, көлікті тоқтатып, сегіз рет пышақ жарақатын салған. Жарақат салғаннан кейін басқа көліктердің тоқтап жатқанын көріп, әйелді жолда тастап кетіп, жасырынып қалған», – деп жазды Смайылова Facebook парақшасында зардап шеккен әйелдің сөзіне сілтеме жасап.

Оқиға орнынан өтіп бара жатқан жүргізушілер полиция мен жедел жәрдем шақырған. Әйел ауруханаға жеткізілді.

Смайылованың айтуынша, тергеушілер әйелге қысым көрсетіп, жарақатының қорқынышты емес екенін айтқан. «НеМолчиKZ» басшысының айтуынша, оны ауруханадан тікелей жауап алуға алып кеткен.

Сонымен қатар ол полиция департаментінің басшысына болған оқиғаны анықтауды сұрап, істі қайта саралауды және тергеушіге қатысты шара қолдануды талап етті.

Кейін Смайылова полиция департаментінің бастығы Ержан Сәденовтің жауабын жариялады. Ол істі жеке бақылауына алғанын мәлімдеді.

«Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлімі («қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу») , 99-бабы 1-бөлімі («адам өлтіруге оқталу») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Жәбірленушінің қатысуымен тергеу әрекеттері жүргізілуде. Күдікті қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128-бабы бойынша ұсталды», – деп атап өтті Сәденов.

Сондай-ақ, қызметкерлердің кәсібилікке жат әрекеттері тексеріледі.