Ақылды ит туралы кейінгі жылдары түсірілген 5 фильм

2020 07 14 23 40 32

Baribar.kz жануарларға, әсіресе адамға жақын дос бола алатын үй жануарларына қамқорлықты насихаттай отырып, бірнеше кинокартина туралы әңгімелейді. Ақылды ит бейнесі қандай кинорежиссерлардың шығармашылығына негіз болды?

“Хатико: Ең адал дос”

Әлбетте, Хатикодан бастамау мүмкін емес. Швед кинорежиссеры Лассе Халльстремның “Хатико: Ең адал дос” фильмі – дүниежүзі көрерменін тебіренткен туынды. Ол акита-ину тұқымды иттің қайтыс болған иесін ұзақ жыл күтуі туралы. Картина – ремейк, бұған дейін дәл осындай фильм Жапонияда 1987 жылы түсірілген.

Профессор Паркер Уилсон вокзалдан Жапониядан Америкаға жіберілген күшікті тауып алады, ешкімге керегі болмаған соң Паркер оны үйіне алып кетеді. Хатико жаңа қожайынына қатты бауыр басып, оны күн сайын вокзалға шығарып салады, кешкісін қарсы алады. Бір күні Паркер станцияға келмей қояды…

 

“Белль мен Себастьян”

Францияның Швейцариямен шекаралас кішкентай деревнясында Себастьян есімді жетім бала тұрады. Ол тауда көп жүреді. Бір күні бала аппақ алып итті кезіктіреді. Жергілікті тұрғындар оны малға қырғидай тиетін құбыжық деп біледі. Себастьянға сырт көзден жасырынып жүріп, өзінің жаңа досы – Белльді халықтың өшпенділігінен қорғауға тура келеді. Жабайы иттің де жетім балаға көп пайдасы тиеді. Николья Ваньенің бұл фильмі 2013 жылы шықты, бұдан соң оның “Белль мен Себастьян: Хикаяның жалғасы”, “Белль мен Себастьян: Мәңгі достар” атты бөлімдері жарық көрді.

“Ит өмір”

Бұл трагикомедия – Бэйли есімді иттің өмірге бірнеше рет келуі туралы фильм, Лассе Халльстремнің адамның ақылды досы тақырыбындағы кезекті еңбегі. Фильмде Бэйли өмірге басқа тұқымды ит боп қайта келеді, бірақ ол негізгі қызметін, адамға адалдығын ұмытқан емес. Кіммен дос болса да, қандай ортада жүрсе де, өзінің ең бірінші досы Итанды ұмытпайды. Бэйли оған үнемі оралғысы келеді де тұрады. Фильмнің екінші бөлімі бар.

“Иттің үйге сапары”

Үй жануары иесінен айырылып қалғанда не істейді? Үйін қалай табады? “Иттің үйге сапары” фильмі байқаусызда адасып, өзі тұратын қаладан әлдеқайда алыстап кеткен Белланың оқиғасы туралы. Үйге оралу сапарында жануар көп оқиғаға тап болады, бірақ әр оқиға ақылды ит үшін үлкен тәжірибе еді. Фильм Белланың  атынан баяндалады. АҚШ режиссеры Чарльз Мартин Смиттің бұл картинасы 2019 жылы шығып, көрерменнің ықыласына бөленіп үлгерді.

“Меган Ливи”

Габриэлла Коупертуэйттің бұл фильмі Рекс есімді әскери ит туралы. Теңіз жаяу әскері Меган Ливи ешкімге бағынбайтын айбарлы Рекспен әрең дегенде тіл табысады. Содан кейін екеуі теңіз әскеріне көмек беретін операцияға қатысады. Тыңшы Рекс көп оқ-дәрі тауып, операцияның сәтті аяқталуына көмектесіп қана қоймай, Меганды ауыр жарақаттан құтқарып қалады, бірақ өзі жараланады. “Меган Ливи” – әскерилер мен кинологтардың еңбегі әдемі бейнеленген фильм.

© Бәрі бар