Нұрсұлтан Назарбаев «Самұрық-Қазынаның» коронавирус пандемиясымен күреске белсенді қатысуы тиіс екенін ескертті

sam ry arsy koronavirus

Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасымен кездесті, деп хабарлайды Elbasy.kz сайты.

Кездесу кезінде Елбасы қазіргі экономикалық дағдарыстың қордың жұмысына және оған қарасты компанияларға қатты әсер еткенін жеткізді. Ал қор басшысы Ахметжан Есімовтың айтуынша, компаниялар тобында жұмысшыларды қысқарту болған жоқ. Денсаулық сақтау саласын қолдау шаралары да атқарылып жатыр. Осы орайда тұңғыш президент «Самұрық-Қазынаның» коронавирус пандемиясымен күреске кеңінен қатысу қажеттігін жеткізді.

«Қорды басқару жөніндегі кеңестің төрағасы ретінде «Самұрық-Қазынаның» ішкі резервтерінен Нұр-Сұлтан мен Алматыда екі медициналық орталықты салуға қаржы бөліп беруді тапсырамын. Осы орталықтар ғылыми-зерттеу әлеуетімізді нығайтатын болады. Соның арқасында болашақ ұрпақты сан алуан қауіп-қатерлерден қорғай аламыз. Үкімет пен әкімдердің осы бастаманы қолдайтынына сенімдімін», – деді Назарбаев.

Соңында Елбасы коронавирус инфекциясынан қайтыс болғандардың туған-туыстарына тағы да көңіл айтып, қазақстандықтарды санитарлық нормаларды сақтауға үндеді.