42 500 теңге. Қашан және қайда өтініш береміз?

photo 327485

42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлемді кімдер алады және оған қалай өтініш беруге болады? Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтып берді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Министрдің айтуынша, 42 500 теңге тура алдындағыдай тәртіппен төленеді.

«Карантинге қатысты шектеулердің салдарынан табыссыз, жалақысыз қалған жұмыс істеп жүрген азаматтардың осы шілде айында төменгі жалақы көлемінде, яғни 42 500 теңге бір мезгілдік көмек көрсету жөнінде шешім қабылданды. Көпшілікті соңғы мәселе қызықтырады. Бұл жолы 42 500 өткенде төтенше жағдайдағыдай қағидаттармен төленеді. Яғни, жұмыс істеп жүріп, табысынан айырылған азаматтарға. Ол – жалдамалы қызметкерлер, жеке кәсіпкерлер, өз бетінше өзін жұмыспен қамтып жүрген азаматтар», – деді министр ОКҚ онлайн-брифингте.

Біржан Нұрымбетовтің айтуынша, министрлік жұма күнге 17 шілдеге дейін өтініш қабылдайтын порталдар дайын болады деп жоспарланып отыр. Содан соң 20 шілдеден бастап азаматтарға төлем жүргізіледі. Жұмаға дейін ешқайда өтініш берудің керегі жоқ.

«Бұл жолы да осы төлемнің операторы ретінде «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» белгіленді. Өткен жолы осы қордың қаржылық жағдайы туралы қиын, шектеулі деп айтқанбыз. Дегенмен де бүгін шешім қабылданды. Сондықтан Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп, осы бір аптаның ішінде сол әлеуметтік қордың қаржылай мәселесі шешілуі тиіс. Оған дейін алдағы 1-2 күнде ережені пысықтап бітіріп, мемлекеттік органдармен келісіп, Әділет министрлігінен өтіп, тіркеуіміз қажет. Және осы уақытта біз өзіміздің ақпараттық жүйемізді, яғни порталдарымызды сол ережеге сәйкестендіріп, тестілеуден өткіземіз. Сөйтіп қашан деген сұраққа біз осы күндері аянбай жұмыс істейміз. Біздің жоспарымыз – жұма күні бүкіл порталдар өтініш беруге ашық болады, яғни жұма күні. Ал дүйсенбі күннен бастап, яғни 20 шілдеден бастап төлемдерді тағайындауға кіріссек пе дейміз. Сондықтан жұмаға дейін Egov-қа басқа жерлерге өтініш беріп әуре болмаңыздар, жұма күні осы порталдарды ашамыз», – деп түсіндірді Нұрымбетов.

Бүгін Үкімет отырысында премьер-министр Асқар Мамин елімізде карантиннің ұзартылуына байланысты тағайындалған 42 500 теңге көлеміндегі көмекті нақты кімдер алатынын айтты.

Айта кетейік, кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде карантин тағы екі аптаға – 2 тамызға дейін ұзартылатынын және мұқтаж жандарға 42500 теңге берілетінін айтқан.

Рахила Тлеуова

Корреспондент