Соңғы жазбасы күдік ұялатады: журналист Қуандық Шамахайұлы не айтып кетті?

photo 148462

Марқұм журналист Қуандық Шамақайұлының жары: Бұл нағыз қастандық

Бүгін таңертең қайтыс болған белгілі журналист Қуандық Шамахайұлының жары оның күйеуіне қастандық жасалғанын алға тартуда. Алты күн бұрын коронавирус инфекциясын жұқтырып, ауруханаға түскен марқұмның жағдайы соңғы уақытта күрт нашарлап, ақыры жүрегі шыдамады дейді дәрігерлер. Алайда, туыстары бұл айтқандарына сенбей отыр. Себебі, қоғам белсендісінің әлеуметтік желіде қалдырған соңғы жазбасы күдік ұялатуда. Бұған қоса, қайтыс болар алдында таңғы сағат 4 жарымда жары марқұм жолдасымен ауруханда кездескенін жеткізді. Соңғы жүздесуінде журналист Қуандық Шамахайұлы не айтты? Бұл туралы Atameken Business News арнасы хабарлайды.
Қуандық Шамақайұлы қайтыс болмас бұрын желіде қалдырған жазбасы жұртты дүр сілкіндірді. Сөзінше, оған түнгі 2-лер шамасында дәрігер келіп әлдебір ақ дәрі іш деп беріп кеткен. Мұны оқыған марқұм журналистің жары мен ұлы түн жарымда ауруханы шулатып, науқастың жағдайын білмекші болып ем орталығына барып қайтқан. Ақыры оның аман екеніне көздерін жеткізген отбасы мүшелері үйлеріне оралған. Ал ертесі олардың үйіне суық хабар жетіпті.

«Бұл қастандық. Өйткені түнде маған хабарлама жолдапты. Онда күйеуім «Мені түнгі 2-де оятып, бір қағаздарға қол қойғызып, аузыма дәрі салып кетті. Бұл не дәрі деп едім, вирусқа қарсы дәрі деп жауап берді. Жанымда жатқан басқа науқастарға берген жоқ» деп жазып жіберіпті. Сөйткенде ауруханаға барсақ, рахаттанып ұйықтап жатыр екен. Оятып алып, жүр алып кетейік деп едім, «жоқ ешнәрсе етпейді, кете беріңдер» деп қалып қалды», – дейді марқұмның әйелі Айша Тұрмағамбетова.

Дәрігер туыстарына алувиа дәрісін бердік деп айтқан, алайда марқұмның жақындарының айтуларынша, бұл препарат ақ емес, қызыл түсті болады екен. Басқарма өкілдері науқастың жағдайы нашарлап, жүрегі тоқтады деп сендіруде.

«Қиналып жатқандарға,көмек жетпей жатқандарға бармай, тыныш ұйқтап жатқан, көмек сұрамаған адамға шырт ұйқысынан оятып, дәрі беруде өлтіруден өзге қандай мақсат болу керек. Бұл анық қастандық», – деп жазды желідегі парақшасында Қуандық Шамақайұлының жары.

Қоғам белсенділері министрліктен істің мән-жайын анықтауды талап етіп отыр.