«Індеттің екінші кезеңі болуы мүмкін» Тоқаев қазақстандықтарға сақ болуға кеңес берді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетінің екінші кезеңі болуы мүмкін екенін айтып, қазақстандықтарға сақ болуға кеңес берді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

«Жұрттың көбі әлі де үйде отыра тұрғаны дұрыс болар еді. Бұл — ең алдымен, адамдардың қауіпсіздігіне байланысты мәселе. Жұмыс орнында әлеуметтік арақашықтық және қатаң санитарлық режим сақталуы қажет. Індеттің екінші кезеңі басталып кетуі мүмкін. Сондықтан, өзіміздің аман-саулығымызға, ең алдымен, өзіміз жауапты болуымыз керек», — деді ол төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында.

Осы орайда Қазақстан президенті мұндай жағдай болса, үкімет тиісті шараларды қолға алатынын атап өтті.

«Індет қайта өршіген жағдайда үкімет нақты шұғыл іс-қимыл жоспарын дайындайды. Өздеріңізге мәлім, менің тапсырмам бойынша елімізде дағдарысқа қарсы шаралардың екі топтамасы жүзеге асырылып жатыр», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, бүгін Қазақстанның бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова арнайы қаулыға қол қойды.

Еске салайық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус пандемиясына байланысты елімізде төтенше жағдай режимін алғаш 16 наурыздан 15 сәуірге дейін енгізген болатын. Ал19 наурызда Нұр-Сұлтан мен Алматыда карантин режимі жарияланды. Ал бірнеше күннен соң Қазақстанның басқа қалалары мен облыстарында да карантин енгізілді. 3 сәуірде Нұр-Сұлтан мен Алматыда демалыс аптасы ұзартылды.

Сондай-ақ, Қазақстан Президенті төтенше жағдай режимін 1 мамырға дейін ұзарту туралы жарлыққа қол қойды.

27 сәуірде Мемлекет басшысы төтенше жағдай және карантин режимі 11 мамырға дейін ұзартылғанын мәлімдеді.

Елімізде коронавирус жұқтырғандардың саны 5 318-ге жетті. 1941 науқас аурудан айықты, 31 адам қайтыс болды.

Понравилась статья? Поделиться с друзьями:
Qazbrand.info әлеуметтік желісіне бөлісу